• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2013

Асулардың бастауы

327 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында Қазақ елінің іргесін бекітіп, болашағын айқындау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін күні ертең білікті кадр атқаратынын көрегендікпен болжап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындаған еді. Содан бері де 20 жыл уақыт өте шығыпты. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың президенті Ғани НЫҒЫМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында Қазақ елінің іргесін бекітіп, болашағын айқындау кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осының бәрін күні ертең білікті кадр атқаратынын көрегендікпен болжап «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындаған еді. Содан бері де 20 жыл уақыт өте шығыпты. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың президенті Ғани НЫҒЫМЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– «Біздің істеп жатқан әр ісіміз Қазақстанның болашағы үшін. Мен ештеңеге қарамастан, жастарды әлемнің үздік университеттеріне жіберу туралы шешім қабылдадым. Және де мен қателеспеппін», деген Президент Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекеттің ертеңіне деп осындай халықаралық бағдарлама құрған еді. Өзге елдерде әлі қолға алынбаған игілікті істің жеңісі мен жемісін қазір көріп отырмыз, – деп Ғани Сақтағанұлы әңгіме желісін өрбітті. – Соның өткені мен бүгінін, кемел келешегін саралайтын алқалы жиын Елбасының қатысуымен бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Ел дамуына қарай, «Болашақ» бағдарламасы да жетілдіріліп отырды. Жетістігі мол жетелі істер орын тапты. Ендігі жерде Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру ісі бойынша жұмыстар атқаратын боламыз.

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша сол атқарылған жұмыстарға нақты тоқталып, дәлел-дәйектер келтіре кетсеңіз.

– Дүниежүзінің мықты білім ордаларында оқуға жағдай жасалғаннан бергі уақыт ішінде 10 025 азаматқа стипендия тағайындалды. Бұл адам капиталын заманға қарай, уақыт өлшеміне сай қалыптастыруға жасалған озық қадам еді. Алғашқы жылдары төрт елде, нақтылай түссем, 1994 жылы АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Францияда 187-ге таяу талапкер білім алса, 2000 жылға қарай бұл көрсеткіш 700 үміткерден асты. Олардың дені экономикалық, гуманитарлық сала бойынша білім толықтырды. Шыны керек, бұл тұста техникалық факуль­теттерге түлектер аз қамтылды. Ел­басы осы мәселені, әсіресе, техни­ка­лық мамандардың болашақта аса қажеттілігін ескеріп, 2000 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізді. Бұл біраз азаматтардың конкурсқа іркілмей қатысуына мүмкіндік берді. Осы арқылы олар бір жыл тіл үйрену курсынан өтіп барып, қалаған мамандығы бойынша оқуға жеңілдік алды.

– Ғани Сақтағанұлы, 2005 жылы Мемлекет басшысы өзінің Жолдау­ын­да «Болашақ» бағдарламасымен оқитын жастардың санын 3000-ға жеткізу жөнінде міндет қойды емес пе?

– Иә, бұл уақыт талабы әкелген үрдіс еді. Қалыптасқан нарықтық экономика жағдайында мемлекет бәсекеге қабілетті үрдісті дамыта отырып, бәсекелестікті өрістету, индустриялық-инновациялық дамуды тиянақты қолға алу, білім мен ғылым, менеджмент, маркетинг, логистика, жаңа ақпараттық технологиялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын ілгерілету ісінде мықты кадр әзірлеу қажеттігі туындады. Осыған орай Үкімет қазір жұмыс істеп жатқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамын құрды. Мына бір өзгешелікті де жұрттың назарына сала кетсем деймін. 2008 жылдан бастап ғылыми және педагог қызметкерлеріне ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, ауыл жастары, мемлекеттік қызметшілер, ғылыми және педагог кадрлар үшін арнайы квоталар енгізілді.

1994-2013 жылдар ішінде алда айтқан 10 025 стипендия тағайындалды. Ал түлектер саны 6 015-ті құрайды. Шартты түрде біз бұл кезеңдерді 4 толқынға бөліп отырмыз.

– Ол қандай толқындар?

– Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылы бірінші толқынды құрайды. Ол тұста 785 жас өркениетті елдерде мемлекеттік басқару, дипломатия, халықаралық сауда саласында білім алды. Кейінгі екінші толқында (2005-2010 жыл) 1 256 үміткер жетекші батыс елдерінің жоғары оқу орындарында оқыды. Бұл кездері ең басты көрсеткіш – сан емес, сапа алдыңғы орынға шықты. Үшінші толқында бакалавр дәрежесін алу үшін алғаш рет стипендия белгіленді. Оны бітірген жастар – 1950 адам. Бұл уақытта қандай мамандықтар игерілді дегенге келсек, мұнай-газ ісі, биотехнология, мемлекеттік басқару, ақпараттық технологиялар, экономика, менеджмент. Стипендиялар санын 3000-ға арттыру туралы Елбасы тапсырмасын жү­зеге асыру қолға алынғаннан бері гу­манитарлыққа қоса, инженерлік-тех­ни­калық, медицина мамандарына кең жол ашылды. Осы жерде мен нақты мысалға жүгінгенді жөн көріп отырмын. Мәселен, 2005 жылы бітірген 27 түлек­тің 22-сі гуманитарлық, 5-уі техникалық, медициналық мамандық бойынша бірде-бір бітіруші болмаса, 2013 жылғы 689 түлектің 273-і (40%) гуманитар­лық, 310-ы (45%-ы)техникалық, 106-сы (15%-ы) медициналық мамандық­ты меңгеріп шықты. Осының өзінен-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша кейінгі жылдары қандай бағытта жұмыс атқарылып жатқанын айқын көруге болатын секілді. 2012 жылдан бастап ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселесі міндеттелді. Бұл үшін шетелдердің өндіріс пен технологиялар трансфері тәжірибесін зерделеу үшін басты қызметкерлердің біліктілігін қысқа мерзімде арттыруға мүдделі еліміздегі мекемелер кәсіптік тағылымдар бағдарламаларын енгізді. Бұл жоғарыда айтылған инженерлік-техникалық, медициналық, ғылыми-практикалық бейін мамандықтарға арналған. Біз мұны шартты түрде болса да, болашақтықтардың төртінші толқыны деп атаймыз.

– Жиырма жыл ішінде дайын­дал­ған кадрлар қандай салаларда еңбек етіп жүр?

– Жоғарыда келтірген 6 015 түлектің 35 пайызы өнеркәсіп-өндірістік секторға, 8 пайызы денсаулық сақтау саласына, 57 пайызы қоғамдық-гуманитарлық және шығармашылық кадрлар бойынша дайындалғанын еске сала кетсем деймін. Инженерлік техникалық мамандықтар 15 пайыздан 35 пайызға өсті. Осы күндері 2000-нан аса инженерлік-техникалық маман инженерлік ғылымдар, инновациялық жобалар, технологиялар, металлургия, телекоммуникация, энергетика салаларында жұмыс істеуде.

– Елбасы «Болашақ» бағдарла­ма­сы­ның он бес жылдығын атап өткен тұста, жас түлектер ірі қалалардан өңір­лерге барып жұмыс істеу қажет­ті­гін атап өткен еді. Бұл қазір қалай жүзеге асып жатыр?

– Бұл жағы жан-жақты ойластырылып жатыр. Біз мұны тиянақты қолға алдық. Соңғы деректерге назар аударсақ, түлектердің 15,3 пайызы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, 19,5 пайызы Ұлттық компанияларда, 61,9 пайы­зы қазақстандық компанияларда, 3,3 пайызы халықаралық ұйымдарда, 900 түлек, яғни 15 пайыз азаматтар өңірлерде қызмет етуде. Иә, 124 түлек әлі қызметке тұра қоймаған. Мұны біз басты назарда ұстап, жұмыс орындарын іздестіру үстіндеміз.

– Ағымдағы жылы шетелдерде қанша стипендиат білім алып жатыр?

– Қазіргі уақытта әлемнің 33 елінің 200 жетекші университетінде 2532 талапкер білім алуда. Атап айтар болсақ, Ұлыбритания мен Ирландияда – 41 пайыз, АҚШ-та – 29 пайыз, Еуропада – 15 пайыз, Ресейде – 4 пайыз, Азия мемлекеттерінде – 7 пайыз, Канадада – 4 пайыз. Бұлардың 44 пайызы магис­тратура студенттері, ал жалпы білім алушылардың үштен бір бөлігін бакалавриатта оқып жүргендер (31%-ды) құрайды. Шетелде «Болашақ» бағ­дарламасы шеңберінде 594 адам тағылымдамадан өтіп жатса, докторантурада 66 азамат, 6 үміткер аспирантурада, интернатурада, ординатурада оқып жүр. Осы жерде мына бір нәрсені баса айтсам деймін. Ұлыбританияның кейбір жоғары оқу орындары біздің түлектер үшін белгілі бір талаптарды жеңілдететіні туралы айтылып жүр. Біз мұны қайта қарастыратын боламыз. Себебі, бізге сан емес, сапа керек. Бұл ретте өз Отанымызда да бәсекеге қабілетті оқу орындары қалыптасып келеді. Солардың көш басында әлемдік деңгейде делінетін шетелдік оқу орындарымен тең түсетіндей дәрежеге көтеріліп келе жатқан Назарбаев Университеті деп білемін. Болашақта бұл білім ордасы білікті кадр дайындау­да көшбасшы болатынын атап өтуді парыз санаймын.

– Ғани Сақтағанұлы, сіздің ор­та­лыққа басшылық қызметке кел­геніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, алға қойған міндет-мақсаттарыңыз бар шығар.

– Әрине. Елбасы бір сөзінде «ХХІ ғасырда болашақты болжау емес, оны жасау керектігі анық болды. Болашақ жаман немесе жақсы бола алмайды. Ол біз қалай жасасақ, солай болады», деген еді. Осындай ел келешегінің келбетін белгілеген Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында нақты көрініс тапқан тапсырмалар, сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов саланы жетілдіру жөнінде алға қойған міндеттер бойынша кең ауқымды жоба-жоспарлар жасау үстіндеміз. Солардың кейбіреулеріне тоқталар болсам, конкурстық рәсімнің барлық кезеңдерінде талап күшейтіледі. Тағылымдамалар бағдарламасын жүйелеу, кадрлар даярлаудың мақсаттық әдісін жетілдіру, ұсынылған шетелдік жоғары оқу орындарының тізімін қайта қарау, магистратура және PhD бағдарламалары бойынша стипендиялар санын арттыру, «Болашақ» студенттерінің академиялық ұтқырлыққа қатысуын қамтамасыз ету жүйелі атқарылады. Сол секілді, өңірлердегі тұрғындардың тең қолжетімділігін ұтымды ұйымдастыру, әсіресе, ауыл жастарына жете көңіл бөлу, Назарбаев Университеті базасында әлем тілдері орталығын құруды қарастыру, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-тың рөлін көтеру, өзге де мәселелерді ойластырудамыз. Бір сөзбен айтқанда, талпыныс бар, ұмтылыс көп, мақсат-міндет те жетіп артылады. Соны мүлтіксіз орындап, ел сенімінен, Елбасы сенімінен шығу басты борыш деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар