• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қараша, 2020

Нұр-Cұлтанда жануарларды қорғау жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады

313 рет
көрсетілді

Нұр-Cұлтанда жануарларды қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес өз жұмысын бастады. Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған кеңеске жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ветеринарлар кірді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес мүшелірінің бірінші жиналысына қала әкімі орынбасары Нұрлан Солтамбеков төрағалық етіп, онда мектеп бағдарламасына жануарларға қамқорлық танытуды насихаттайтын «Мейірімділік сабақтарын» ұйымдастыру, жануарларды кастрациялау және зарарсыздандыру, иттер мен мысықтарға арналған баспананы сенімгерлік басқаруға беру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту мәселелері қаралды.

Мұнда жануарлар құқығын қорғаушылар, ветеринария қызметкерлері, ауыл шаруашылық университеттерінің оқытушылары және тәжірибелі ветеринарлар өз ұсыныстарын ортаға салып, таңдалған тақырып бойынша сөз сөйледі.

«Жануарларды қорғауға, оларға мейірімділікпен қарауға азаматтар бала күннен үйренуі керек. Біз өткен жылы мектептердегі ашық сабақтарға қатысып, жануарлар туралы пайдалы ақпарат беріп, иттермен қалай қарым-қатынас жасау керектігін көрсеткенбіз. Бұл балаларға ұнады. Алдағы уақытта осындай сабақтар ашық сабақтар негізінде емес, мектеп бағдарламасына енсе екен дейміз», деді «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығының президенті Лилия Сарсенова.

Мұнымен қоса отырыста қаңғыбас иттер мен мысықтар санының көбеюі де сөз болды. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бұған өз жануарларына жауапсыздық танытып, оларды көшеде қалдырған азаматтар себепші. Бұл мәселенің алдын орау үшін қалада 2017 жылдан бері зарарсыздандыру шаралары жүргізулуде.

«Елордада зарарсыздандыру бойынша 2018 жылы - 500 жануар, 2019 жылы – 1800 жануар, ал, 2021 жылы 2500 ит пен 1500 мысықты зарарсыздандыру жоспарланып отыр», - деп қосты Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшы орынбасары Айдын Молдағалиев.

Отырыс нәтижесі бойынша, алдағы уақытта халық ішінде жануарларға жауапкершілік танытуға қатысты ақпараттандыру жұмыстары күшейтіліп, «үй жануарларының идентификациясы» бойынша деректер базасын одан әрi жүргiзу мен онда анықталған кемшiлiктердi жою жұмыстары атқарылатын болады.

Айта кетейік, кеңес мүшелері мұндай отырысты айына бір рет ұйымдастырмақ.