Кеше елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов «Эйр Астана» АҚ қызметіне қатысты брифинг өткізді. Аталған басқосуда әуе компаниясының қызметі мен оның алдағы жылдағы жоспарлары жайы сөз болды.
Кеше елордада «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Нұржан Байдәулетов «Эйр Астана» АҚ қызметіне қатысты брифинг өткізді. Аталған басқосуда әуе компаниясының қызметі мен оның алдағы жылдағы жоспарлары жайы сөз болды.
«Эйр Астана» АҚ-тың биылғы жылғы кірісі 143,8 млрд. теңге болып, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда он пайызға өсті», деді Н.Байдәулетов. Сондай-ақ, ол компанияның әуе кемелер паркі ұлғайғанын да назардан тыс қалдырмады. 2002 жылы үш ұшақ болса, 2013 жылы мұның саны жиырма тоғызға жеткенін және 2020 жылы бұл көрсеткіш қырыққа дейін жетіп, оның жартысы компания меншігінде болатындығын айтты.
Брифинг барысында Н.Байдәулетов «Эйр Астана» АҚ қызмет сапасын, оның ішінде рейстердің кешігуі туралы жолаушыларды уақытында хабардар ету жүйесін жақсарту мәселелеріне де тоқталды. «Әлемдік деңгейдегі авиациялардың өзінде кешігу болып тұрады. Бұл жағдай көбінесе халықаралық талаптарға сай, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты туындайды. Қауіпсіздік мәселесі «Эйр Астана» үшін де өте маңызды. Сонымен қатар, ауа райы жағдайын, ұшуға дайындық кезінде кейбір жолаушылардың тәртіпсіздігін, жердегі инфрақұрылымдардың күрделі жұмысын да есепке алу керек. Осы жайттарға қарамастан, «Эйр Астана» көрсеткіштері әлемдік деңгейге жақын тұр», деген ол әуе компаниясы жұмысына әсер ететін барлық факторларға түсіністікпен қарай отырып, «Самұрық-Қазына» қоры осы мәселеде «Эйр Астана» компаниясынан үлкен жауапкершілікті талап ететінін, себебі, көп жағдайда ұшақтарды сағаттап күту жолаушылардың наразылығын тудырып жататындығын да тілге тиек етті. Сонымен бірге, ол елімізде «Эйр Астанаға» білікті кадрлар дайындау мәселесі төңірегінде жасалып жатқан жұмыстар жайынан да хабар берді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».