Жұқпалы індетке шалдыққан науқас саны Жетісуда да көбейіп келеді. Әсіресе, ауылдарда шектеу мен сақтық шарасының күшейгеніне қарамастан жұқтырушылар саны азаймай отыр. Аймақтың санитарлық қызметі жекелеген елді мекендерге қатысты қатаң шектеулер енгізуді бастады.
Мәселен, Қаратал ауданының бас санитар дәрігерінің қаулысымен Үштөбе қаласының кіреберісіне санитарлық бекет орнатылды. Мобильді пост аудан орталығына кіріп-шығатын жолаушыларды бақылап, дене қызуын өлшейді. Сонымен бірге үй карантинінде жатқан адамдарды, олармен байланыста болғандарды қаладан тысқары шығармауды қадағалайды. Пост жұмысына полиция өкілдері, медицина қызметкерлері тартылған. Олар арнайы қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал Қаратал ауданы бойынша қатаң шаралардың қабылдануына өңірдегі науқастар санының он адамнан асып кеткені себеп болған.
Жалпы, Алматы облысында 21 қарашадан бастап карантиннің кейбір талаптары қайтадан күшейтілген еді. Бас санитар дәрігер қол қойған жаңа қаулыда өңірдегі карантиндік шектеулерді ұзарту жайы қарастырылған. Сонымен қатар жаңа құжатта ойын мекемелері, ойынханалар, казино, ұтысқа ақша тігіп, құмар ойындар өткізетін ғимараттардың жұмысы тоқтатылды.
Алматы облысы