• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2013

Өркенді елдегі өрелі жұмыстар

434 рет
көрсетілді

Ордабасыда оң өзгерістер көп

Елбасының халыққа арнаған әрбір Жолдауы елдің тұрмыстық жағдайын көтеріп, тіршілігіне дем беріп жатқаны анық. Сол елдің ішінде біздің Ордабасы ауданының тұрғындары да әлеуметтік жағдайын түзеп, болашағына нық сеніммен көз тастайды. Шын мәнінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы елдің бағы мен жолын ашатын, құшағы құт-берекеге толы құжат екенін ел сезіне бастады.

Ордабасыда оң өзгерістер көп

Елбасының халыққа арнаған әрбір Жолдауы елдің тұрмыстық жағдайын көтеріп, тіршілігіне дем беріп жатқаны анық. Сол елдің ішінде біздің Ордабасы ауданының тұрғындары да әлеуметтік жағдайын түзеп, болашағына нық сеніммен көз тастайды. Шын мәнінде «Қазақстан-2050» Стратегиясы елдің бағы мен жолын ашатын, құшағы құт-берекеге толы құжат екенін ел сезіне бастады.

Біздің Ордабасы аудандық орталық ауруханасының ғимараты сонау 1964 жылы салынған екен. Үлкен күре жолдың бойында жапырайып, іргетасы жерге кіріп кете жаздап тұрған осынау ғимаратты бір ауданның бас ауруханасы деп айтуға ұялғанымызды да жасыруға болмас. Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында денсаулық сақтау саласына, әсіресе, ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің материалдық базасын жақсартуға айрықша назар аударып келе жатқанын баса айтуымыз керек. Міне, соның арқасында аудан орталығынан жаңа аурухана ғимараты салынып, оның тұсауын телекөпір арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі кескен болатын. Аумағы 5,3 гектарды алып жатқан осынау 250 төсектік ауруханада бүгінде 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

Аурухана қазіргі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандар жаңа үлгідегі аппараттарды толық меңгерген. Маман демекші, қазір ауылға дип­ломмен келіп жатқан жас мамандар көп. Арнайы бағдарлама бойынша ауылға келген 29 жас маманға бір жолғы жәрдемақы беріліп, үй құрылысына және коммуналдық қызметтеріне арнайы қаржы қарастырылды. Ауылдағы медицина қызметінің жақсарғанынан болар, соңғы он айда ауданда ешқандай ана өлімі орын алған жоқ.

Иә, шынында, ең бастысы, ел аман болсын. Елдің саулығы, тыныштығы, бақуатты тіршілігінен артық не бар? Міне, біздің ордабасылықтар үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы осындай қуаныш, жақсылық, игі істер әкеліп отыр.

Болат САҒЫМБЕКОВ,

Ордабасы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Ордабасы ауданы.

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Елбасының жыл сайынғы жолдаулары бізге неге қол жет­кіз­дік деп жүріп өткен жолымызға сараптама жасап, алда не тұр, не істеуіміз керек деген сауалға жауап табуымызға көмектеседі. Шексіз уақыт кеңістігінде ағып өткен жылдар жетегінде бар-жоқты түгендеп, алды-артты бекемдеп алмаса, көп нәрседен ұтылуымыз, көп жаңалықтан кеш қалуымыз мүмкін. Дер кезінде қамданып, уақыт ағымына сай қимылдаудан ұтарымыз көп. Қазақстандықтардың Мемлекет басшысының жолдауларын асыға күтуін еліміздің бүгінгі жеткен биігі мен келешекке барар жолы, ол жолда жүктелер міндеттер мен тапсырмаларды білуге ынтықтық деп білемін.

Қазақстанның 2050 жылға қарай алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін қажетті межелерді белгілеп берген соңғы Стратегиялық Жолдаудың жария етілгеніне де жыл толып қалыпты. Жолдаудың 4-ші бөлімінде айтылған қазақстандықтардың әлеуетті тұрмысы, мықты денсаулық, терең білім беру ісі нықтап қолға алынды. Білім беру саласында кәсіптік білім беруді жетілдіру, оқушылардың көп тіл білуіне жағдай жасау қазір еліміз бойынша қолдауға ие және осы бағыттарда үлкен қозғалыс бар. Жаңа заманға сай жаңаша білім беру күн тәртібіне қойылған кезеңде біздің «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты да өзіндік бағыт-бағдарын тауып, болашақ Қазақстанның білімді азаматтарын дайындауға өз үлесін қосуда. Назарбаев Зияткерлік мектептері және Педагогикалық шеберлік орталығымен бірге оқытудың кембридждік іс-тә­жірибесін қазақстандық жүйемен сабақтастыра отырып оқыту үшін мұғалімдерді дайындау жолында жұмыс атқарып келеміз. «Өрлеуге» жүктелген деңгейлік курстардан қазір Маңғыстау облысы бойынша жүздеген мұғалімдер білімдерін көтеріп, іс-тәжірибе жетілдіріп шықты.

Жолдауда айтылған наша­қор­лыққа қарсы күрес – мұғалімдер қызметінің бір тармағы. Алдында отырған оқушының білімді ғана емес, ақыл-есі дұрыс, отансүйгіш, дені сау азамат болып жетілуі мұғалім үшін міндет. Сондықтан, Жолдауда айтылған тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, өз жұмысымызды жүйелі жүргізе беретін боламыз. Әрбір сала өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай орындаса, біз жарқын болашаққа бірге жетеміз деп ойлаймын.

Ырыскүл НҰР,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға оқытушысы.

Маңғыстау облысы.

Ауылда қаладағыдай жағдай

Еліміздің ілгерілеуге бағыт ұс­таған аршынды қадамын қай саладан да байқауға болады. Ауылдың болашағы жоқ деп шаһарлы жерлерге үдере көшу тоқтағалы қашан. Керісінше, ауылға қайта оралудың нышаны байқалады. Бұл, шыны керек, Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отырғанын жалпы халық біледі. Өмірлеріндегі және тұрмыстарындағы оң өзгеріс­терді Мемлекет басшысының сая­са­­тымен сабақтастыратыны да сон­дықтан. «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясы бұл бағыттың алда да жал­ға­сатынын, сондай-ақ, осы кезең­де қарқынды дамудың жолдары айқындалғанын дәлелдеп берді. Президент Стратегияда мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі принципіне негізделген сенімді диалог құру үшін бизнесті топтастыруды жал­ғас­тыру керектігін алға тартқан. Бұл тапсырманың орындалуына бел­гіленген уақытты күтпей-ақ, қазірдің өзінде қол жеткізе бастадық. Ауыл балаларының игілігі үшін 400 миллион теңгеден астам қаржыға жаңа балабақша салып, оны мемлекет меншігіне тегін тапсыру өзінің туған топырағы алдындағы азаматтық парызы деп санайтын белгілі кәсіпкер Исламбек Салжанов өнегесі көпке үлгілі іс болды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында белгіленген бола­шаққа бағытталған жасампаз тапсырмаларына орай, Қобда ауылында «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында салынған 150 орындық «Нұрлы болашақ» балабақшасы 2 қабатты ғимаратта орналасқан, жалпы көлемі 6884 шаршы метр. Осының арқасында ауылда мектепке дейінгі мекемелерге деген сұраныс толығымен жабылды. Бұл да болса жергілікті тұрғындардың мерейін үстем етті.

Елбасы Н.Назарбаев «Бар жақ­­сы­лық – балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы тиіс» деген болатын «2050» Стратегиясында. Міне, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған бірегей бала­бақшаны ауылдық жерден көреміз деген арман еді ғой? Президенттің тапсырмасына сәйкес ауылға қол созған кәсіпкер Исламбек Салжановқа қобдалықтардың ризашылығы зор.

Елбасының Стратегияда атап көр­се­тке­ніндей «Сондай-ақ, балаларға, жал­пы жеткіншек ұрпақтың функционалды сауаттылығына зор көңіл бөлу қажет» деген қағидасы да өскелең ұрпақтың ертеңін ойлағандық болатын. Мұның да қолжетімділігі айқын көрініп отыр. Балабақшаның материалдық-техникалық базасы балалардың жасына сай дамуының ерекшелігін ескере отырып, арнайы жабдықталған.

Мектепке дейінгі мекемеде ба­ла­лардың рухани-патриоттық бі­лім алып, тәрбиеленуі «Даналық әліп­песі» атты жоба арқылы іске асуда. Бұл өнім «Интерактив Қазақ­стан» компаниясының базасында жапонның жаңа технологиясы бойынша жасалған. Білім және ғылым министрлігі сараптамасынан өткен. Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бойынша тәлім ошағында білім беру 5 негізгі сала бойынша ұйымдастырылады.

Бүгінгі күні балабақшада 17 педагог жұмыс істейді. Педагогтар адап­типтік бағдарламалар негі­зінде жұмыс жүргізуде, сонымен қатар, «Шығармашылық топ», «Жас тәрбиешілер», «Ана мен бала», «Шах­мат патшалығы», «Құқық біл­гіштер» клубтары бар. Әр аптаның бей­сенбісі күндері «Ертегі аэроби­касы», «Шахмат патшалығы», «Театр әлемі», «E-BLOCKS-пен саяхат» үйірмелері жүргізіледі. Балаларды саламатты өмір салтына тарту мақсатында дәстүрлі емес жұмыс түрлері енгізілген, күнделікті ертеңгілік жаттығу аэробика, қара жорға би элементтерімен өткізіледі.

Стратегияда үш тұғырлы тіл туралы мәселе көтерілгені белгілі. Міне, біздің жаңа балабақшада тәрбиеленушілер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында ауқымды міндеттер алға қойылғаны рас. Алайда, олардың барлығын да орындауға еліміздің мүмкіндігі жетеді. Мұны жыл өткен сайын өркенді өзгерістерге толы өз өмірімізден де аңғарып отырмыз.

Райгүл ЕНШІБАЙ,

«Нұрлы болашақ» балабақшасының әдіскері.

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы.

Отбасымызбен үлес қосып жүрміз

Қазақтың жері табиғи байлықтан кенде емес. Алайда, әлемдік рынокта алтынмен пара-пар мұнай мен газдың қадірін еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сезіне алмадық. Тұңғиықта тұнған ен байлығымыздың игілігін көру өңіміз түгілі түсімізге де кірген емес. Мол байлықты игеруге білек сыбана кіріскен мұнайшыларымыз жаздың ми қайнатар аптабы мен қыстың қақаған аязында дамылсыз жұмыс жасаса да, еңбегінің рахатын көре алмап еді. Мұнайшылар темір вагондарда тұратын, күнделікті тамақты да сондай вагондарда ішетін. Арнаулы көліктер бүгінгідей жиі жаңармайтын. Бұған сонау 1979 жылы Ақмола құрылыс институтын көлік инженері мамандығы бойынша бітіріп, мұнайлы өңірде алғашқы еңбек жолымды бастаған сәтімде талай куә болған едім. Тәубе дейік, дербес ел болғалы бері, әсіресе, отандық мұнайшылардың көңілі бір серпілді.

Бұрынғы вагон үйшік орнында, жанға жайлы вахталық қалашықтар бой көтерді. Мұнай өндіру технологиясы жаңарды. Көңілге қо­нымды жалақы төленетін болды. Өз елімізде өз мұнайшыларымыздың қажырлы еңбегімен өндірілген мұнай мен газдың игілігін барша жұрт көре бастады. Бұған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған «Қазақстан-2030» Стратегиясындағы басым бағыттар оң ықпал еткені даусыз. Жаһандағы дамыған 50 елдің қатарында лайықты орын алу мақсатын көздеген Қазақстанның экономикасы қарқынды өркендеді. Бәсекеге қабілетті сапалы өнімдер өндіріліп, зауыт-фабрикалар көптеп ашылды. Жастарымыз шетел­дер­дегі ең таңдаулы оқу орындарында білімдерін жетілдіріп, қазір білік­тілігі жағынан шетел мамандарын алмастыратындай деңгейге көтерілді.

Әлем елдері экономикасының даму, өркендеу тарихына көз жіберсек, бірде-бір мемлекет бір белеске қол жеткізумен шектелген емес. Белестен белеске иек арту үшін алдына үлкен мақсаттар қойғанын білеміз. Тіпті жекелеген компаниялардың өзінде көпжылдық стратегиялық мақсаттар алдын ала айқындалады. Мұны отандық мұнай компаниясындағы көпжылдық тәжірибемнен жақсы білемін. Осы тұрғыдан айтқанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басты бағыттардың бірі ретінде әлемдегі ең қуатты 30 елдің қатарына қосылу мақсатының көзделгені тәуел­сіз Қазақстанымыздың экономикасын бүгінгіден биік белеске көтереді. Әрине, бұл мақсатқа жету үшін әр қазақстандық азамат отаншылдық сезіммен үлес қосуы тиіс.

Әр азаматтың, әсіресе, жастардың өз Отанымыздың игілігі үшін еңбек етуі отбасылық тәрбиеден бастау алады. Өзім мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорында 1979 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келемін. Зайыбым Жұмағыз да осы саланың экономисі болса, отбасымыздағы екі қызымыз да қазір еңбекке араласты. Үлкеніміз Динара «ШевронТехсако» компаниясының Атырауда полиэтилен құбырлары зауытында менеджерлік жұмыс атқарады. Ал екінші қызымыз Мира Атыраудағы кардиологиялық орталықтың кардиолог-дәрігері болып абыройлы еңбек етіп келеді.

Міне, біздің отбасымыздағы әр саланың мамандары еліміздің жаңа дәуір талабымен өркендеп, жаһан жұрты қызығатындай қуатты мемлекетке айналуына үлесімізді қосуды көздедік.

Мұхтар МИЗАМҒАЛИЕВ,

«Ембімұнайгаз» АҚ көлік

бөлімінің аға инженері.

Атырау облысы.

Нақтылы істердің бағыт-бағдары

Елбасының дәстүрлі жолдау­лары бізге тың серпін беретіні анық. Был­­тыр Тәуелсіздік мейрамы алдын­да тарихнаманы терең бой­лап, ха­лықтың көкейіндегі көп ойды дөп басып, құндылығы артып, жақсы қабылданған Қазақстан Рес­публикасы Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан На­зар­баевтың Қазақстан халқына Жол­дауы, нақтылы істердің бағыт-бағдары келешекке бағдаршам болып отыр.

Жаңа Жолдаудың жаңашылдығы – мәренің алыстан көрінетіндігінде, мәнінің терең, мазмұнының бөлек­ті­гінде. Бұл сонысымен де құнды. Алысқа талпыну, биіктегіні армандау – адам баласына тән қасиет қой. Қазақстан Президентінің бұл жолғы Жолдауы да мені мақсат-мүддесінің кеңдігімен, ойының тереңдігімен, алға қойған міндеттерінің айқын­дығымен, жоспар-жобаларының нақтылығымен, керемет оптимистік сарынымен сүйсіндірді. Бір сөзбен айтқанда, Жолдаудың барлық тармағынан гуманизмнің лебі еседі. Бұл – қуанышты жағдай.

Тұңғыш Президентіміздің бағ­дарламалық сөзін облыстағы этно­мәдени бірлестіктердің жетек­ші­лері бірге тыңдаған едік. «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының басым бөлігі жүзеге асырылғаны мәлім. Енді, міне, одан да арғы асулар мен шыңдарға көз тігу – өмір заңдылығы. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да бірлікпен жұмылу ауадай қажет екендігін шегелеп айтты. Қай сала болсын бірігіп, басқосып атқарылған іс баянды болары хақ.

Адам санасына тағы да бір сіл­кініс тудырған Жолдау елдің да­му бағыт-бағдарын айқындаған, елі­міздің 2050 жылға дейінгі болашағын ең алдымен: баянды бейбітшіліктің негізі – еліміздегі саяси тұрақтылық, этносаралық бірлік пен тамырын тереңге жайған тарих құндылығы – ішкі татулықты сақтауға, төртеу түгел болса төбедегі келеді демекші, ауызбіршілікті нығайтуға, әр ұлттың мәдениетін, тілін, дінін тең дәрежеде дамытуға негізделгені үлкен жауап­кершілік жүктейді.

Нұрсұлтан Әбішұлы атап айт­қандай, Қазақстанның дамуына, өсіп-өркендеуіне ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық тұтастық негіз қалап отырса, достық пен бірлікті одан сайын біріктіру мемлекеттік бас­ты мақсат-мүдде бола беретіндігі көңілімізге тағы бір сүйсініс ұялат­ты. Бүкіл ұлтты ұйыстыратын мем­лекеттік тілдің мерейі үстем бо­ла­рына Ассамблея мүшелері, этно­мәдени бірлестіктер бір атаның баласындай үлес қосып, тілегі бірдің тілі де бір болуын іс жүзінде дәлелдей бі­ле­тініне сенімім мол. Өйткені, ол үшін біздерге барлық жағдай жасал­ған.

Қазақстан Президентінің жүргізіп келе жатқан ұлттық мүдделерді жүзеге асыруға, елдің халықаралық аренадағы беделін көтеруге және ұлттық, аймақтық, жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге бағытталған белсенді, прагматикалық және тең қырлы сыртқы саясатының қауіп­сіздік мәселелерінің негізін қалайтын консенсустық алаңды кеңейтіп, нығайта түсуге ықпал ететіндігіне күмән жоқ. Ассамблея Мемлекет басшысының бұл саясатын толық қолдайды және оның елімізді одан әрі дамыту жөніндегі бастамасы мен іс-әрекетіне қызу үн қосады. Осының бәрі көреген басшының көсемдігін білдірсе керек.

Бірлік болған жерде ғана жарасымды тірлік боларын өмірдің санғасырлық тәжірибесі дәлелдеп кеткен. Бүгінде әлемнің қай қиырына көз тастасаңыз да қырғиқабақ соғыстан көз ашпаған халықтың азап­ты тұрмысы алдыңнан шы­ғады. Дү­ние­де тыныштық пен бейбіт­шілік­тен асқан бақыт жоқ десек, әр үйде бақыт шамы жарқырап жануы үшін бірлігімізді нығайтуға атсалысайық, ағайын.

Расында, жеріміз кең, еліміз бай. Ең бастысы, барлық ұлт өкілдері бір-бірімен тіл табысып, татулықта өмір сүріп жатыр. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған жерге бақ тұрақтайды десек, еліміздің ендігі дамуында осы фактор үлкен рөл айтқаратынын аңғарамыз. Тыныштық, татулық бол­са, әлеуметтік жағдай да одан әрі жақсарады. Жаңа Жолдау бо­ла­шақты бағамдауға арналған. Біз бар­лығымыз сол болашаққа арналған жос­парлардың орындаларына кәміл сенеміз.

Әсия АХМЕТОВА,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облыстық ұйғыр

этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар