• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қараша, 2020

Сенатор тарихи Қапал ауылын сақтау мәселесін көтерді

341 рет
көрсетілді

Сенатор Бақытжат Жұмағұлов Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Онда жер жәннаты Жетісу жерінде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы тереңнен тамыр тартатын Қапал ауылының бүгінгі жай-күйіне қатысты мәселе көтерілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бақытжан Жұмағұлов Қапалдың іргесі бекініс ретінде 1847 жылы қаланғанымен, шежіресі сонау Түркі дәуіріне, Қимақ мемлекетіне барып тірелетінін айтты. Бұл жерде ұлтымыздың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлихановтың, ғалым Петр Семенов-Тяньшанскийдің ізі қалған. Ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның өзі Қапалдың тарихы мен табиғатына таңдай қағыпты. Жаугершілік заманда қазақтың талай батыры осы өлкеде аттандап, атой салған. Қазақ айтыс өнерінің аңызына айналған атақты Біржан-Сара айтысы да дәл осы Қапалда болған екен.

Сенатор аталған деректерді тізбектей келе, Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы дайындалып жатқан қазіргі кезде осындай сан ғасырлық тарихы бар орындар ескерусіз қалмаса екен деген ұсынысын айтты.

«Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан кейін республика бойынша қасиетті орындар іріктеліп жатыр. Бұл тарихымызды тануға, туған өлкеміздің ғажайып жерлерін айқындауға мүмкіндік береді», – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Сонымен қатар сенатор бекініс ретінде салына бастаған кезеңде, яғни осыдан екі ғасыр бұрын тұрғызылған нысандарды сақтап қалу мәселесіне де назар аударды.

«Осыдан екі жүз жыл бұрын Тянь-Шяньнің шыршасынан қаншама үйлер салынды. Олар күні кешеге дейін сәулет өнерінің үлгісіндей болып сақталып келіп еді. Бірақ бүгінде XIX ғасырдың ескерткіші болып саналатын қос қабатты үйлердің бет жағы ғана сақталыпты. Ескі екі мешіт үйі қараусыз қалып, құлаған. Ауылдың рухани орталығы болған ақын Сара мен Фатима Ғабитова музейлерінің ізі де жоқ. Ондағы құнды экспонаттар қайда?», – деген Бақытжан Жұмағұлов бұл жергілікті халықтың жанайқайы екенін айтты.

Осыған орай сенатор Премьер-Министрден сәулетшілер, тарихшылар, әдебиетшілер, этнографтардан тұратын арнайы комиссия құруды, Қапал ауылының мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауды және оларды Үкімет қорғауындағы санаттар қатарына қосуды сұрады.