Шаңырақ көтерген жас отаулардың тең жарымына жуығы арада бірер жыл өтпей-ақ ажырасып жататынын бүгінде жұрттың бәрі біледі. Ең қиыны, ажырасуға арыз берушілердің дені әйелдер екен. Бұл, сөз жоқ, әйел затының отбасы берекесін сақтауға ынтасыздығының белгісі. Яғни, отбасы тәрбиесінде жіберілген ақаудың әсері. Әйтсе де олардың бәріне бірдей қара бояуды баттастыра жағудан аулақпыз. “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” дегендей, ажырасуға оларды мәжбүр ететін жәйт – өмір жолына бірге аттанған жарының отбасы жылуын сақтауға жауапсыздығы екені де анық. Расында да осы күндері жігіттердің арасында отбасын асырамақ түгілі, өз басын алып жүре алмай жүргендері де толып жатқан жоқ па... Әрине, айта берсе, тізе берсе жас шаңырақтың күйреуіне әкеп соғатын себеп те, салдар да аз емес. Дегенмен, ең басты себеп – жастардың отбасын құруға деген жауапсыздығы, дайындығының жоқтығы демеске шара жоқ. Ұрыс-жанжал кірген, ақыры ажырасып тынған мұндай отбасында ең алдымен бала жапа шегеді.
Бұрындары ата-анасы ажырасқан жағдайда бала көбінде ана бауырында қалатын. Негізінен бұл дұрыс шешім. Өйткені, балаға анасынан жақын кім бар?! Алған тәрбиесі, білім-білігі бір-біріне сай келетін, ауру-сырқауы жоқ ананың баланы жетімсіретпей, көңіліне қаяу салмай өсіріп, азамат етіп қатарына қосатынын да өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Содан да заң орындары негізінен баланың анасында қалуы басы ашық мәселе деп қарайтын. Ал енді осы күндері сот арқылы ажырасқан кезде баланың әкесінде қалуын өз еркімен қалайтын әйелдердің қылаң бере бастауын қалай түсінеміз? Бұл баланың бақуатты әкенің бауырында ешнәрседен таршылық көрмей өсуін ойлау ма, жоқ әлде бауыр еті перзентінің бейнетінен қашқақтау ма? Міне, осы жағы ойландырады.
Міне, осы жәйттер Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында әңгіме өзегіне айналды. Негізгі әңгіме, күн тәртібіндегі мәселе басқа, яғни гендерлік тепе-теңдік мәселесіне байланысты судьялардың, адвокаттардың білімін жетілдіру, оларды қажетті осы тұрғыдағы оқу бағдарламалармен қамтамасыз ету болғанымен жоғарыдағы жәйттің көбірек сөз болуы, оған көпшілік тарапынан мейлінше мән берілуі бұл мәселеге ешкімнің де бей-жай қарамайтындығын аңғартады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова өткізген бұл жиынға Парламент депутаттары, бірқатар министрліктердің жауапты қызметкерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.