Әділет министрлігінде Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Аталған комиссияның төрағасы Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова бастаған топ «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» заңын және «Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын басшылыққа ала отырып, өтініш берген сегіз ұжымның екеуін аккредиттеуден өткізу туралы шешім қабылдады. Оның бірі – «Қазақстан авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі болса, екіншісі – «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау коммерциялық емес ұйымы.
Жалпы, бұл жиында аккредиттеуге қатысты ережелер мен қағидаттар жайы сөз болды. Алғаш рет «Е-Licence» жүйесі арқылы электронды форматта қабылданған құжаттардың талапқа сәйкес қалмай қалған тұстары айтылды. Дегенмен өнер адамдары үшін ең қажет әрі өзекті мәселе авторлық немесе мүліктік құқықты ұжымдық басқару жайы. Осы орайда біз жоғарыдағы беделді комиссияның мүшелерінен, өнер адамдарынан авторлық құқықты ұжымдық басқаруға қатысты пікірлерін сұраған болатынбыз.
Серік АҚЫЛБАЙ,
ҚР ӘМ қоғамдық кеңесінің және «Қазақстан заңгерлерінің одағы» РҚБ төрағасы:
– Бізде авторлық құқықты қорғау мәселесі заңмен қамтылған. Бұл тәжірибе барша әлемде бар. Мысалы, Еуропада авторлық құқықты қорғайтын арнайы қоғамдар бар. Ал елімізде дәл сондай сегіз авторлық құқық қорғау ұйымы жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде шетелдік авторлық қоғамдармен келісімшарт жасаған ұйымдар да кездеседі. Мәселен, «Қазақ» ұйымы негізінен ақын-жазушылардың шығармаларын қолданушылардан жиналған қаржының сол авторларға белгілі бір мөлшерін береді. Ал жалпы қаржының тек 30 пайызға дейінгі мөлшері ғана қоғамның әкімшілік жұмыстарына жұмсалады. Аталған сегіз ұйымның әрқайсысының интернет ресурсы болу керек. Сонда барлық атқарылған жұмыс ашық жазылып отыруы тиіс және жыл сайын Әділет министрлігіне есеп береді. Міне, авторлық құқықты қорғайтын органдарға қойылатын осындай талаптар бар.
Тағы бір мысал, «Аманат» деген үлкен ұйымның заңды орындау жұмыстары жоғары деңгейде. Ал кейбір қоғамдар бірнеше жыл бойы есеп бермеген. «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 46-2-бабының 7-тармағында көрсетілгендей, қойылған талаптар орындалмаған жағдайда бес жылдан кейін аккредиттеуден өте алмайды. Аккредиттеуден өтпеген ұйым тек жеке авторлармен ғана келісімшарт негізінде жұмыс істей алады. Яғни ауқымы тарылады. Сондықтан таласқа түскен сегіз ұйым аккредиттеуден өтуге үмітті. Кешегі отырыста әр қоғам өкілдерінің есептері тыңдалды. Нақты шешім 27 қарашада шығарылмақ. Негізі, заң бойынша мәселе қаралған соң бес күннен кейін шешім шығуы тиіс.
Роза РЫМБАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші:
– Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың маңызы зор. Бұл ұйымдардың тиімді қызметі авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың жаңа объектілерін құру үшін қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ әншілер орындайтын барлық шығармалар авторлық құқықты қорғаумен белгіленуі керек әрі авторлық құқық мәселелерін мамандандырылған ұйым шешуі тиіс.
Біз шығармашылықтың адамдарымыз. Біз өз құқығымызды дұрыс қорғай алмаймыз, яғни әр қолданушымен келісімшарт жасасуға уақытымыз жоқ. Менің ойымша, әншілер ең алдымен шығармашылықпен, репертуармен, гастрольдік сапармен, концерт өткізумен айналысуы керек. Біз авторлық құқықты қорғаумен, оған түсетін қаржыны есептеумен айналыспауымыз керек. Бұл мәселе орындаушылардың, авторлардың, композиторлардың, қаламгерлердің авторлық құқығын қорғаумен тікелей айналысатын ұжымдарға қатысты. Біз өз құқығымызды өзіміздің өкіліміз болатын ұжымдық ұйымдарға береміз. Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқарудың маңыздылығы осында.
Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры:
– Шығармашылық адамдары үшін жеке туындысының мемлекеттік тұрғыдан қорғалуы – заңды әрі құптарлық мәселе. Орындаушылардың авторлық құқығын қорғау мен мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жұмысын жандандыру уақыт талабынан туындап отыр. Бүгінде бұл бағытта Қазақстанда авторлар қоғамымен қатар, жекелеген авторлық ұйымдардың жұмысы дамып келеді. Шығармашылық өкілдері үшін өз туындысының ұжымдық негізде қадағаланып отыру – әлемдік тәжірибеде де қалыптасқан үрдіс. Сондықтан отандық әрі шетелдік әншілер үшін авторлық төлем алып отыру да қалыпты жағдай. Әрі бұл істің белгілі бір келісімшарттар негізінде жүзеге асып отыратындығы шығармашыл тұлғаның алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Авторлық мәселенің құқықтық, қаржылық жағы болғандықтан да, оның кәсіби, мамандандырылған ұжымдар негізінде жүзеге асқаны тиімді. Сонымен қатар авторлар, авторлық құқық иелері мен пайдаланушылар мұндай ұйымдардың қызметі туралы толық ақпаратқа ие болуы керек. Бұл уақыт пен қажыр-қайратты талап ететін гастрольдік сапарлары мен жеке концерттік бағдарламалары бар өнер өкілдері үшін алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Әрі кез келген туынды жеке-дара болуы керек. Сонда ғана сапа мен кәсіби деңгейдегі репертуарларға қол жеткізе аламыз. Ұжымдық ұйымдардың тиімді жұмысы авторлар мен орындаушылардың ақысын тұрақты алып отыруына мүмкіндік береді. Бұл авторларды жаңа туындыларды шығару мен отандық мәдениетімізді дамытуға ынталандырады. Ал цифрландыру кезеңі бұл істі әлдеқайда жеңілдетуде деп айтуға негіз бар. Құжаттардың электронды түрде айналымда болуы, ортақ деректердің сақталуы да заманауи талаптар. Қазіргі кезде жүйелі түрде төлемдерді алу мүмкіндігі қарастырылған. Әрі қандай да бір ұйым, мекеме, салтанат орталықтары шығармашылық туындыны пайдалану шарттарын қадағалаусыз-ақ жүзеге асырып келеді.
Айман МҰСАҚОЖАЕВА,
Парламент Мәжілісі жанындағы қоғамдық палата кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі комиссияның сәрсенбі күні өткен отырысына сол ұйымның мүшесі ретінде қатысып қайттым. Қазіргі таңда шығармашылық адамдарының еңбегін бағалап, олардың құқығын қорғау аса маңызды. Мен өзім де өнер адамы болғаннан кейін айтулы жиын шығармашылық иелерінің көкейінде жүрген көп алаңның түйінін шешуге септеседі деп сендім. Бізге осындай ортақ тәртіпке бағынудың уақыты әлдеқашан туған. Өйткені қалай десек те, шығармашылық адамдары – музыкант әуенін жазып, қаламгер кітабын аяқтап, киногер фильмін тудырып болып, ісін аяқтаған соң одан кейінгі жұмысының табыс «тағдырынан», яғни коммерциялық табысынан бейхабар болып қала береді. Ондайды үнемі бақылап, тықақтап үздіксіз тексеріп отыру жалпы шығармашылық адамының табиғатына жат қой. Оған олардың көп жағдайда уақыттары да мұрша бере бермейді. Сондықтан да шығармашылықпен айналысатын адамдардың авторлық құқығын, еңбегіне сай қаламақы алу мәселесін қатаң қадағалап, әділ үкімін шығаратын ұйымдардың жүйелі жұмысы ауадай қажет. Осы тұрғыдан келгенде бұл жиынның маңызы зор деп санаймын.
Отырыс қорытындысы бойынша 8 ұйымның ішінен тек екі ұйым, атап айтсақ «Қазақстан авторлық қоғамы» РҚБ мен «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау коммерциялық емес ұйымы» ЖМ аккредиттелді. Қалған ұжымдар жұмысы заңдық талаптарға сай болмауы салдарынан қызметін тоқтатты.
Осы жиынның өзі көп нәрсеге көзімізді ашқандай. Сырттай қарағанда кемшілігі көп көріне бермейтін авторлық құқықты қорғау ұйымдарының заңды белшесінен басқан көп былығы ашылды. Небір заңсыздықтармен бетпе-бет келдік. Еліміздегі көптеген авторлық ұйымдар жекелей табыс тауып, өз қалталарын қалыңдату үшін шығармашылық иелерінің, яғни өнер тудырушылардың еңбегін, авторлық құқығын белден басып келгеніне куә болдық. Сол себепті де енді аккредиттелген ұйымдардың еңбегін Әділет министрлігі тарапынан қатаң бақылау қарастырылатын болады. Бізді қуантқаны осы. Көңілге зор үміт ұялатты. Енді болашақта шығармашылық адамдарының еңбегі заңдық тұрғыда әділетті бағасын алып, еңбегіне, яғни туындысының тұтынылуына байланысты қаламақысын да уақытында алып отыруға кең мүмкіндік ашылмақ. Бұл шығармашылық иелерінің шабытын одан әрі шарықтатып, қайталанбас өнер тудыруына да даңғыл жол салады деп сенемін.
«Egemen Qazaqstannyń» тілшілер тобы