• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2020

«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай...»

1201 рет
көрсетілді

Ұлы Абайдың асыл мұрасы біз үшін баға жетпес рухани азық. Ол – ұлтымыздың жаңа болмысын айқындауға қажетті құн­ды­лық. Мәселен, Абайдың 1888 жылы жаз­ған бұл өлеңі, негізінен пейзаж лирика­сы дегенімізбен, оның әлеуметтік әлеуеті жо­ғары туынды. Онда мал өсіруге бейім­делген қазақ ауылының күз бен қыс кезе­ңін­дегі шаруашылық әрекеті, тіршілік тә­сі­­лі мен табиғи ортаға әбден бейімделе біл­ген адамдардың мінезі, табиғат пен адам қи­­мылының үндестігі нақты және тұтас бей­­неленген.

Қараша, желтоқсан мен арғы бір-екі айда еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде орын алатын оқиғаларға Абайша қарауға талпынып, олар­дың бүгінгі әлеуметтік әлеуетіне баса назар аударғанды жөн көрдік. Өйткені қазір көп нәрсенің түп қазығы әлемді жайлап отырған індет, соның тарау деңгейі, халықтың өмір сү­ру, тірлік кешу, жан бағуы – бәрі осыған ке­ліп тірелуде. Демек, осындай сын сағатта халық пен қоғам жұдырықтай жұмылуы шарт. Алайда коронавирус індетінен сақтандыру бағытында қабылданып жатқан орынды шешімдерді аяқасты етіп, басқасын айтпағанда, тіпті бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқ­ты қарапайым санитарлық талаптардың орын­далмауы жағдайды одан бетер ушық­ты­руда. Осындай жағдаяттардың орын алуының басты себептерінің бірі – мемлекеттің тұр­ғын­дар­дың тұрғылықты жерлерінде ха­лықпен тікелей байланыс орнатып, олармен жұмыс істеудің механизмдері мен әдіс-тәсілдерін меңгере алмай отырғанында. Пәтер иелері кооперативтерінен бастап, басқа да аудандық және қалалық ұйым­дар мен мекемелердің хабарландыру іліп, ақ­ша­лай айыппұл саламыз деп қорқытқаннан бас­қа ештеңе істемейді. Ешкімге ештеңе керек емес, оған бастарын ауыртып жатқан адам да жоқ. Жап­пай нем­құрай­дылық пен жасандылық.

Көпшілік жиі баратын орындардың, әсі­ре­се дүкен иелерінің індеттің таралуына тос­қауыл боларлықтай әрекеттері сезілмейді. Сыртқы есікке «бетпердесіз кіруге болмайды» деп жазылған бір жапырақ қағазды іліп қойып, өздері бетперде кимей, оны тақпай кір­гендерге ескерту жасағансып, саудасын одан әрі алаңсыз жалғастыруда. Өкініштісі, хал­қымыздың «Сақтықта қорлық жоқ» деген даналығы мүлдем ескерусіз қалып отыр. Оған бүгінгі туындаған ахуалдың өзі дәлел. Басқа да кішігірім дүкендерде санитарлық-эпи­де­мия­лық талаптардың толықтай орындалмауынан пан­демияның таралуы үдеп, «қызыл-сары» аймақтардың саны өсіп барады. Қазір барлық күш індетті ауыздықтауға жұмсалуы керек. Бұл – онлайн түрінде ғана істелетін шаруа емес, ол адамның тікелей араласуын, шынайы бағалау мен жүрекпен сезінуін талап ететін ортақ іс. Өйткені жалған есеп пен ұраншыл баяндамалар түбімізге жететінін түсінер кез келген тәрізді. Масқара болғанда, коронавирусты ауыздықтауға арнайы бөлінген қаржының өзі жемқорлардың қармағына ілігуде. Осыны көре отырып, ұят туралы да, адамгершілік жайлы да әңгіме қоз­ғау­дың өзі қиын.

Осы кезеңде атқарылатын саяси-әлеуметтік мәні зор шаралардың қатарына Парламент сайлауын жатқызуға болады. Қаңтар айына белгіленіп отырған Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары сайлауының өзіндік ерекшелігі, оның өзектілігі бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» фор­муласы мен «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын шын мәнінде іске асырудың алғашқы әрі жауапты қадамы екенінде. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижелі болуының басты шарттарының бірі – пандемия жағдайындағы сайлау науқаны мен дауыс беру кезінде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмыстарының талаптарға сай ұйымдастырылып, барлық қажетті санитарлық нормаларды сақтау бойынша шаралар қолданылып, тиісті жағдайлардың жа­салуын қамтамасыз ету. Сайлауға түсетін сая­си күштердің барлығының да бүгінгі таң­да­ғы басты міндеті халықты пандемия­дан аман сақтап, сайлау алдындағы үгіт жүр­­гізуі қо­ғам­ды осы іске жұмылдыруға да ба­ғыт­талғаны абзал. Мұнда сайлаушылардың әлеу­мет­тік саналылық танытуының да маңызы өте зор.

Қалай болғанда да ең бастысы, Президент айтқандай, Парламенттің ықпалдылығы мен мәслихаттардың аймақтардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы рөлін арттыруға, олардың халыққа жақын болуына қол жеткізу. Ең бастысы, сайлау ба­рысы мен дауыс беретін күні ешбір заң­бұ­зу­­шылықтарға жол берілмесе болғаны. Алда­ғы сайлауға үлкен жауапкершілікпен қа­ра­ғанымыз абзал. Себебі оның астарында «халықтың сенімі» деген қасиетті ұғым мен елдің болашақ тағдыры тұр... Өйткені, сенім жоқ жерде ынтымақ та, қоғамның береке-бірлігі де болмайды. Абайша айтсақ: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос».