Кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Тұңғыш Президент күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаев: Жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференция өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің зайырлы мемлекеттің негізін қалап, болашағын қалыптастырудағы тарихи рөлін, жаһандық және тарихи үдерістердегі халықаралық түрлі бастамаларын айшықтау, елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау саясатын насихаттау, азаматтық, патриоттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткізілген конференция онлайн режімде ұйымдастырылды.
Егемендіктің ең басты тұғырларын бекіткен
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бірлесе өткізген халықаралық іс-шараға еліміз тарапынан Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми, АӨСШК Хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, Назарбаев Университеттің президенті Шигео Катсу, қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев, халықаралық қоғамдастық тарапынан БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы, Жаһандық жасыл өсу институтының президенті Пан Ги Мун, Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл, Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэр, АҚШ-тың экс-Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс, Еуразиялық қайта құру және даму банкінің алғашқы президенті Жак Аттали және ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Станислав Зась, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, отандық және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, дипломаттар қатысты.
Халықаралық конференция барысында қатысушылар Тұңғыш Президенттің Қазақстан егемендігінің қалыптасуындағы, мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудағы және ұлттық тарихтың жаңа кезеңінде елдің даму басымдықтарын айқындаудағы рөлі мен маңызын атап өтті. Спикерлердің айтуынша, тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім ішінде Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік және экономикалық тұрақтылыққа негізделген табысты мемлекет құрып қана қоймай, жаһандық қауіпсіздік пен даму саласында бірқатар серпінді бастамалар көтерді. Халықаралық конференцияға қатысушылар, сондай-ақ Елбасының Қазақстанның халықаралық байланыстарын жолға қою, көпвекторлы сыртқы саясаттың стратегиялық бағытын құру жөніндегі күш-жігері мен жетістіктерін, сыртқы саяси бастамаларды, олардың іске асырылу барысы мен қорытындыларын талқылады.
Іс-шара барысында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қалыптастыру ісіндегі маңызды шешімдеріне назар аударды. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ішкі ахуалдың күрделі болғанын, Елбасы сол тығырықтан шығар жолды тауып қана қоймай, өзіне жүктелген тарихи миссияны артығымен орындағанын атап өтті. «Елбасы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, егемендіктің ең басты тұғырларын тас-түйін бекітіп берді. Ең алдымен, шекарадай күрделі мәселе кемеңгерлікпен шешіліп, халықаралық құжаттармен біржола шегенделді. Шекара мәселесі түпкілікті шешілмесе мемлекеттің тәуелсіздігі баянсыз, болашағы бұлыңғыр болады. Оны бүгінде бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істе дау-дамайға емес, салиқалы дипломатияға арқа сүйеді», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Елбасының мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру жолындағы ерік-жігеріне тоқталды. «Ел дамуына тың серпін берген Ата Заңымыз – Конституциямыз қабылданды. Соған сәйкес, билік тармақтары қалыптасып, қос палаталы кәсіби Парламент, Үкімет, тәуелсіз сот жүйесі құрылды. Жергілікті әкімдіктердің жұмысы жолға қойылды. Сол арқылы мемлекеттік басқару институттары жүйеленіп, әрқайсысының мақсат-міндеттері нақтыланды», деген Сенат Төрағасы Тұңғыш Президентіміздің қажыр-қайратының арқасында Қарулы Күштеріміз құрылғанын, экономика саласында кешенді реформалар іске асырылып, аса маңызды және тарихи шешімдер қабылданғанын айтты.
Елбасының кемеңгер шешімдерінің бірі – астананы Арқа төсіне көшіру. Сол кездегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, қабылданған бұл шешім нағыз стратегиялық қадам болды. Мәулен Әшімбаев бұл батыл шешімді тәуелсіздіктің бір тұғыры деп атады. «Нұрсұлтан Назарбаев астананы көшіру арқылы қазақтың жаңа замандағы ұлы көшін бастап берді. Расымен, елорданың өсіп-өркендеуі тұтас Қазақстанның дамуына даңғыл жол ашты. Отанымыздың абыройын асқақтатып, беделін өсірді, бүкіл қазақстандықтарды жаңа мақсат-мұраттарға жетеледі. Бүгінде елордамыз еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттік дамудың нағыз темірқазығына айналды», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ ол Елбасының Түркістан облысын құрып, Түркістан шаһарына жаңа мәртебе беру туралы шешімінің маңызы зор екенін айтты. «Тарихты тарлан тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Шын мәнінде, Елбасының елдік мүдде жолында қабылдаған әр шешімі ұлт тарихының жаңа тарауы болып жазылады. Солардың ішінде Түркістанға қатысты шешімнің орны бөлек. Түркістанды түлету – өткеннен өнеге ала отырып, кемел келешекке ұмтылудың озық үлгісі», деп атап өтті.
М.Әшімбаев Елбасының Еуразиялық интеграцияны дамытуға қатысты жаңашыл қадамдарына да тоқталды. Сенат Төрағасының сөзіне қарағанда, Тұңғыш Президентіміздің әлемдік ынтымақтастықты сақтау жолындағы тың бастамалары өміршең және олар ХХІ ғасырда жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің берік негізі ретінде қызмет ете береді.
Конференцияда сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пандемия кезінде әлем елдері кезіккен өзгерістер мен қиындықтарға тоқтала келіп, бұл мәселеде біздің дәуіріміздің көрнекті көшбасшыларының басшылығымен әртүрлі елдерде жинақталған мемлекеттік құрылыстың және халықаралық өзара іс-қимылдың прогрессивті тәжірибесін жан-жақты түсіну маңызды екенін айтты. «Ғасырлар тоғысындағы ұлы қайта құрушылардың осы шағын шоғырына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та кіретіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлының көпжылдық серігі және оның стратегиялық бағытын жалғастырушы өзінің бір кітабында былай деп жазды: «Бүкіл әлем «әлемнің екі бөлігі – Еуропа мен Азия, екі өркениет – Шығыс және Батыс, екі саяси жүйе – тоталитаризм мен демократияның қиылысында пайда болған «Назарбаев феномені» туралы айтады». Шынында да, кеңінен алып қарағанда, әлемде мұндай деңгейдегі саясаткерлерді табу қиын. Қазақстандағы барлық прогрессивті өзгерістер оның есімімен байланысты. Әлемде «тарихтың соңы» мен «өркениеттер қақтығысы» туралы концепциялар кеңінен тарағанда, құрлықтың алтыдан бір бөлігі дезинтеграцияға ұшырағанда, еліміз көптеген өткір проблемалармен жалғыз қалғанда, Қазақстанға шешуші, тәжірибелі және қоғамды біріктіре алатын ұлт көшбасшысы қажет болды», деді Қ.Көшербаев. Ол Елбасының феноменалды көшбасшылығының, стратегиялық көрегендігі мен реформаторлық дарынының, болашақтың көкжиегін кеңейту қабілетінің арқасында Қазақстан мықты мемлекет, бастамашыл және жауапты халықаралық серіктес ретінде қалыптасқанына ерекше тоқталды. Сондай-ақ ел астанасын көшіруді Тұңғыш Президенттің теңдессіз қадамы, қуатты саяси ерік-жігерінің, көрегендігі мен батылдығының көрінісі деп атауға болатынын атап көрсетті.
Ал Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми Қазақстанның егемен мемлекет ретінде нақты қалыптасуы 1990 жылғы 24 сәуірден бастау алатынын атап өтті. «Дәл осы күні республика Президенті лауазымы бекітіліп, оған Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Барлық қиындықтарды еңсеріп, Тұңғыш Президент түбегейлі өзгерістерді жүзеге асырып, конституциялық заңдылықты сақтай отырып, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз еткен бағытты жүргізе алды. Оған жаңа тарих куә. Конституцияның әрбір реформасы қазақстандық қоғамның эволюциясымен тікелей байланысты, олар барынша негізді және дер кезінде жүргізілді. Президенттік институттың және Елбасының ерекше стратегиялық рөлінің арқасында Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың танымал және танылған мүшесіне айналды», деді Қ. Мәми.
Жаһандық маңызы бар шешімдер
Конференцияда БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун ортақ болашақты құруға көмектесу үшін өткенімізде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуге уақтылы ықпал еткен ерен көшбасшылық көрініс тапқан кезеңдерді жеке-дара көрсету өте маңызды екендігін атап өтті. Спикердің айтуынша, соңғы онжылдықтардағы осындай маңызды сәттердің бірі – Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының сәтті жабылуы және кеңестік стратегиялық ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы болды. «Бұл адамзат үшін, біздің планетамыз үшін тарихи шешім болды. Полигонда жасалған 500-ден астам жарылыс жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізді. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтқан бұл батыл қадам, сонымен қатар Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылығының бастамасы болды, сондай-ақ сыртқы саясаттың табысты болуына және жас мемлекеттің жаңа қалыптасып келе жатқан дипломатиясының жаңа биіктерге көтерілуіне ықпал етті. Бұған 2002 жылғы мамырдағы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімді ратификациялау; 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарусыз әлем құру туралы маңызды декларациясын қабылдауға бастамашылық ету және БҰҰ-ға 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауға жәрдемдесу де кіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы ретінде мен шешуші көшбасшылық маңызды сәттерде жекелеген халықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің траекториясын өзгертуге көмектесе алатындығына бірнеше рет куә болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жаһандық көшбасшыларды ядролық сынақтар мен таратуға тыйым салынған әлемді, сондай-ақ ядролық қарудан толығымен азат болатын әлемді құруға жәрдемдесуде БҰҰ-ның күш-жігерін қайта жандандыруға шақырамын», деді Пан Ги Мун Елбасы Н.Назарбаевқа сол тарихи шешімі үшін, сондай-ақ Қазақстанның жарқын әлемді құруға көмектесу жолында жалғасын тауып жатқан күш-жігері үшін зор ризашылығын білдіре отырып.
Жиын барысында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс: «Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті. Ол мемлекет басшысы ретінде халқына көп еңбек сіңірді. Осы уақыт аралығында Қазақстанның әлем елдері арасында беделі артып, ішкі даму сатыларында да талай биіктерді бағындырғанын білеміз. Бірқатар халықаралық ұйымдарға жетекшілік етті, ауқымды іс-шараларды абыроймен атқарып шықты. Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет», деді.
Кемеңгерлік пен парасаттылық үлгісі
Ал өз кезегінде Түркияның бұрынғы Президенті Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевтың қандай қасиеттерге ие екенін айтып берді. Оның айтуынша, Түркия елі Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған мемлекет. «Өздеріңіз білесіздер, мен Түркия елін жеті жыл басқардым. Президент болған жеті жыл ішінде мен құрметті Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Сол кезде оны жақынырақ танып білдім. ХХ ғасырдың маңызды саяси оқиғалардың бірі – Кеңес Одағының ыдырауы болды. Құрметті Назарбаев мырза дамыған қазіргі Қазақстанның Тұңғыш Президенті, қазақ халқының ұлы, көреген көшбасшысына айнала алды. Тұңғыш Президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты және сенімді мемлекет құрды. Ел ресурстарын тиімді пайдалана отырып, Қазақстанды әлемге экономикалық және әлеуметтік қуатты мемлекет ретінде танытты», деді Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл.
Сонымен қатар ол Елбасының білім мен ғылымға ерекше мән бергенін атап өтті. «Назарбаев соңғы ширек ғасырда Қазақстан жастарына отандық және шетелдегі ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасады. Ол мықты нарықтық және еркін экономиканы қалыптастырды. Қазақстан Азияның жұлдызы жарқыраған елі ретінде әлем назарын өзіне аударды. Қазақстан халықаралық платформада да үлкен беделге ие. Сонымен қатар көптеген бастамаларға ұйтқы болды. Назарбаев дүниежүзілік мемлекеттік институттардың қолдауына ие. Өз халқы үшін үлкен кемеңгерлік пен парасаттылық танытты. Ол Президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартып, жаңа буынға жол ашты. Бұл – саяси тарихтағы сирек кездесетін оқиғалардың бірі», деді спикер.
Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэрдің айтуынша, елдің табысы мен тұрақтылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығына байланысты. «Алда болатын сын-қатерлер мен реформаларға қарамастан, Қазақстан болашаққа сеніммен қарай алады. Нұрсұлтан Назарбаев әлем түсінуі тиіс үш маңызды нәрсені жасады. Біріншіден, ол ядролық қарудан бас тартты, соның арқасында Қазақстан өзінің ядролық арсеналын жойған жалғыз мемлекет атанды. Екіншіден, Қазақстан мұсылман халқы басым ел ретінде діни толеранттылықтың шамшырағы болып табылады. Қазақстанда дін мен мәдениеттегі айырмашылықтарға қарамастан, христиан және еврей қауымдарымен жақсы қарым-қатынас орнатылған. Үшіншіден, Қазақстан екі жаһандық алып – Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанына қарамастан, Батыстың адал және сенімді одақтасы болып қала берді», деді Т.Блэр.
Ерекше қабілет иесі
Еуразиялық қайта құру және даму банкінің алғашқы президенті Жак Аттали Еуразиялық қайта құру және даму банкі – Қазақстан өзінің дауыс беру құқығымен толыққанды мүшесі болған алғашқы халықаралық институттардың бірі екенін айта келіп: «Маған 30 жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесуге және оның көзқарасымен, ерік-жігерімен, елді дамыту қабілетімен танысудың тамаша мүмкіндігі туды», деді. Сонымен қатар ол Қазақстан Конституциясының ережелерін дайындауға көмектескенін және сараптамалық-консультативтік кеңестің мүшесі болғанын жеткізді. «Осы уақытта мен Назарбаевтың саяси көрегендігін, келіссөздерді жүргізу және өте қиын жағдайда әрекет ету қабілетін көрдім. Ол әлемдегі ең дана адамдардың бірі бола алғандығына қатты қуанамын. Ресей, Қытай, Иран және басқа да елдермен көршілес жатқан Қазақстан сияқты елді басқару үшін дипломатиялық және әлеуметтік тұрғыдан орасан зор әлеует пен дағды қажет. Нұрсұлтан Назарбаев осы дағдыларға ие, соның арқасында ол саналы шешімдер қабылдай алды, оның бірі – ел астанасын ауыстырғаны және оны әлемдегі ең жақсы сәулетшілердің көмегімен әсем және халықтың өмір сүруіне қолайлы қалаға айналдырғаны», деді Еуропалық қайта құру және даму банкінің алғашқы президенті Жак Аттали.
Сондай-ақ конференцияда Нұрсұлтан Назарбаевтың өркениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайту, бейбітшілік пен келісімнің, жастықтың, сұлулықтың, креативтіліктің символына айналған Қазақстанның қазіргі заманғы елордасын Еуразия орталығында салу жөніндегі жасампаз миссиясына ерекше назар аударылды.