Елбасы қоры әдебиетті қолдау мақсатында ұйымдастыратын «Алтын тобылғы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Оған түрлі жанрда қалам тербеп жүрген 18 бен 35 жас аралығындағы қаламгерлер қатысқан еді.
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жас әдебиетшілердің еңбегіне осымен алтыншы рет қолдау көрсетіп отыр. Байқауға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.
Әдеби байқаудың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік прозасы» – Бақытбек Қадыр (Túrkistan газетінің тілшісі, Нұр-Сұлтан қаласы), «Жылдың үздік поэзиясы» – Жәнібек Әлиман (Қарағанды), «Жылдың үздік драматургиясы» – Қолғанат Мұрат (Алматы), «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» – Хамит Есаман (Тараз қаласы), «Абайдың 175 жылдығына арналған үздік әдеби туынды» – Ұмтыл Зарыққан (Нұр-Сұлтан қаласы), Бағашар Тұрсынбайұлы (Алматы) үздік деп танылды.
Сондай-ақ әр номинацияның жеңімпазына «Алтын Тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты атағы және 2 миллион теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық берілді. Ал арнайы номинацияның жеңімпаздарына 1,5 миллион теңге көлемінде сертификат табыс етілді.
Айта кетейік, Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының бұл жобасы қазіргі заман әдебиетіне қызығушылықты арттырып, жастардың шығармашылығын шыңдауға бағытталған.