Елордалықтар 2020 жылдың 1 қаңтары мен 30 қарашасы аралығында медициналық сақтандыру жарнасы үшін 24,3 млрд теңге аударған. Осы жылдың қараша айында 2,4 млрд теңге түсті. Олардың қомақты бөлігі – 1,5 млрд теңге жұмыс берушілердің аударымдары, ал 916 млн теңгеден астамы – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар», деп хабарлайды Egemen.kz «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2020 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша, МӘМС үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) негізінде түскен жарна 6,5 млн теңгені құрайды. Бірыңғай жиынтық төлем жасау – әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға құқық береді.
Елордалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 қарашасы аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін аударған жарналарының жалпы сомасы 54,7 млрд теңгені құрайды.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда Қордың елордалық филиалына хабарлауға шақырамыз. Сондай-ақ, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы байланысуға болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы Android смартфондары үшін Play Market арқылы, Apple смартфондары үшін App Store арқылы жүктеледі.
Азаматтардан келіп түскен барлық өтініштер өңделіп, тіркеу нөмірімен өтініштер тізіліміне түседі. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштерге мониторинг жүргізіледі, қажет болған жағдайда белгіленген мерзімде шешім қабылдау үшін сараптамалық бағалауға жіберіледі.