• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Желтоқсан, 2020

Рухани әділетсіздік

1011 рет
көрсетілді

Сырттан «күл-қоқыс» тоқтаусыз үрленіп, қолқамызды бітеуде, бірақ оған қарсы әрекетіміз жоқтың қасы. Тіпті тыстан енген «шаң-тозаңға» бойымыз үйреніп кеткені соншалықты, оны таза ауадай қабылдайтын болдық. Бұл рухани әлеміміздің қорғаныс қабілеті өте әлсіз екенін, рухани шекарамыздың ашық-шашық жатқанын аңғартса керек.

«...Азамат ердің баласы

Аз ұйықтар да, көп жортар –

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар».

Азамат ердің баласы, біртуар Махам­бет­тің, басқасын айтпағанда, мына төрт жолдық өлеңі «дұшпанға кеткен ары мен барымтаға түскен малы бар» бүгінгі қазақ қоғамына ой салуы тиіс... Осы орайда бүгін «барымтаға түскен малымызды» емес, «дұшпанға кеткен арымыз» жөнінде аз-кем сөз өрбітсек.

Өзгенің рухани агрессиясына, жатжұрт­тың мәдени экспансиясына, ақпараттық тұрғыдағы өктемдігіне лайықты төтеп бе­ру үшін, әсіресе бүгінгі қазақ қоғамы аза­мат ердің баласындай «аз ұйықтап, көп жортқаны» жөн. Дәлірегі, ұлттық амбициямызды сыпайы түрде көрсете отырып, барша қазақстандықтарды елдік іске үндейтін бастамашыл, қозғаушы, орталық күшке айналуымыз керек-ақ. Алайда қазақ қоғамы болашақ алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, осынау өзекті міндетті абыроймен орындауға барша қазақстандықтарды жұмылдыра алуы бүгіннің ең басты мәселесі екенін толық ұғына қоймағандаймыз. Осы олқылықтан өзгеге кеткен есеміз еселене түскен тәрізді.

Қарынның тоқтығы, көйлектің көктігі (кейбір топтар үшін күнкөрістің комфорт аймағы) рухани аштықты сездіре бермейді, құндылықтарға деген қарым-қатынасты төмендетіп, дәстүрлі тамырынан ажыратады. Жатжұрттық мәнердегі сервистік қызметтер мен тауарларға барынша кіріптар, шетелдік жағымсыз, мәнсіз, арзанқол өнер мен мәдени ағымдардың ықпалында қалған, оның уын аңғалдықпен сіміре ішкен, өзінің қойыртпағын, дәлірегі тұрмыстық, отбасылық, гендерлік саясатын тықпалап жаныққан жалдамалы, қаптаған психолог-миссионерлердің тұзағына түскен, мұны қасірет емес игілік санап мәз болған қоғамның өзінің шынайы рухани аштығын сезіне алмау деңгейі жоғары болады. Бұл қазір біздің қоғамға тән сипат. Өзіне шын мәнінде не керек екенін, қай бағытты бетке алған дұрыс екенін білмеу – у ішудің, омақаса құлаудың басы. Оның соңы – өксік пен өкініш.

Шынайы тәуелсіздіктің негізгі өлшем­де­рінің бірі – халықтың рухани әлемінің беріктігі мен еркіндігінің, сырттан еніп үлгерген жағымсыз әсерлерге қарсылық танытатын күш-жігерінің деңгейі. Егер бұл деңгей төмен болса, құрдымға бет алғаның, өзгенің астында аяусыз жаншылуды ар көрмегенің.

Бір өкініштісі, мемлекет тарапынан қазақы қоғамның сұранысына сай ұлттық идеология­ны жандандыратын тиімді мегажоба қолға алынар емес. Халық басында «бәрекелді» деп қабылдаған жекелеген шаралардың әсері мардымсыз. Олардың өзі әлемдік кеңістіктен енген «шаң-тозаңға» көміліп, не сыбайлас жемқорлықтың май-шелпегіне айналып, берекесі қашуда. Билік пен қазақы қоғам әлі күнге аудармашы арқылы байланысуда. Мұның өзі екі тараптың бір-бірін түсінуіне үлкен кедергі келтіріп, қоғамдық көңіл күйге кері әсер етіп отырғанын, өзіне деген жақтырмаушылықтың негізі тап осы мәселеде жатқанын әлі күнге қазақша тілін бұрап, шатып-бұтып сөйлейтін, онысына қысылмайтын билік білсе де мойындар емес.

Қандай іс болсын оның лайықты жүзеге асуы ниетке байланысты. Бізде әрбір іс ізгі ниет­пен емес, оған бөлінген қаржыдан қар­пып, жымқырып қалу пиғылымен басталады. Аяғы – ырду-дырду, жеп-ішіп қою, қамалу, ақ­талу, бір-бірін жазықты ету.

Әділетсіздіктің ең үлкені – рухани әділетсіздік. Билік ел-жұрт қалауы – рухани әділеттілік орната алмай отырып өзіне деген халық сенімін нығайтуға талпынуы бос әурешілік.

Қазір мықтысымақтар енгізген «Сен мені түсінуге тиістісің, сол үшін менің тілімде сөйлеуің керек, ал өзіңдікін түсіндіргің келсе, менің тілімде сөйле» қағидасы әлемде берік орнаған. Рухани әділетсіздіктің ең негізгісі осы. Қазақы қоғам әділетсіз осы қағиданың құрбаны болып отыр. Бұған тоқтам болмай, қазақ қоғамы төбесіне алтын құйып қойса да өзін жайлы сезінбейді. Бізге қусыра түскен сыртқы рухани шабуылдарға, іштен ірітуші күштерге қарсы мықты иммунитет қалыптастыру үшін өзін ақтайтын тиімді амалдар ойластырған абзал. Бұлай етпесек, жас ұрпақ – келешек буынды өз қолымызбен құрбандыққа итерген боламыз.

Келешегіміз үшін күресе алмайтындай басымызға не күн туып отыр, осы?