• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Желтоқсан, 2020

Қазақстан Елшісі Солтүстік Македония Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

373 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Елшісі (қызметін қоса атқарушы) Жәнібек Әбдрашов Солтүстік Македония Республикасының Президенті Стево Пендаровскиге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімнен кейін өткен кездесуде тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін, сондай-ақ коронавирустық жағдайдағы халықаралық проблемаларды талқылады. Елші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әріптесінің атына жолдаған ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы, елді одан әрі реформалау және қазақстандық қоғамды дамыту жөніндегі шаралар, сондай-ақ алдағы парламенттік сайлауға дайындық туралы хабардар етті.

Кездесу соңында отандық дипломат екіжақты ынтымақтасты одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынына сендірді. Өз тарапынан Президент С. Пендаровски Елшіні Солтүстік Македониядағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.

Сол күні Ж. Әбдірашов Солтүстік Македония жиналысының (Парламентінің) Төрағасы Талат Джаферимен кездесіп, екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Тараптар заң шығару саласында тәжірибе алмасу мақсатында екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды ынталандыруға өзара мүдделі екендіктерін атап өтті.

Ж. Әбдірашовтың Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі Буджар Османимен кездесуінде екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері мен өзекті халықаралық тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар, тараптар екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуымен құттықтаулармен алмасты.