Қарулы Күштердегі жаңа оқу жылы «Ұлы дала әскері – Тәуелсіздік тірегі!» ұранымен өтеді. Әскери бөлімдер мен мекемелердің бірінші басшылары өткізген мемлекеттік-құқықтық дайындық жаңа оқу кезеңінің алғашқы сабағы болды.
Барлық санаттағы әскери қызметшілерге армияның өткен жылдық қорытындылары мен жетістіктері жеткізілді, сондай-ақ жаңа оқу жылына міндеттер қойылды. Олардың арасында әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қолдау, жауынгерлік даярлық пен жеке құрамның далалық дағдысын жетілдіру, бітімгершілік қызметті қамтамасыз ету, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту және басқа да бірқатар әлеуметтік аспектілер бойынша мәселелер бар.
Апта бойы барлық әскери бөлімдер мен мекемелерде өткізілетін тактикалық арнайы сабақтар ақпараттандыру жүйесінің сапасын, штабтардың үйлесімді жұмысын тексеруге, басқару органдарының, құрамалар мен әскери бөлімдердің өзара іс-қимыл деңгейін жетілдіруге бағытталады.
Қарулы Күштердің басшылығы оқу жылының басталуында барлық мәселені толық пысықтау қажеттігі туралы нұсқаулар берді. Пандемиямен және карантиндік іс-шаралармен байланысты шектеулер жағдайында бөлімшелердің қызметіне баса назар аудару керек.