• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Желтоқсан, 2020

Агроөнеркәсіпке – алғашқы кепілдеме

244 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген екінші деңгейлі банктер беретін несиені кепілдендіру тетігі енгізілді. Батыс Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаны іске асыруға банк арқылы рәсімделген несиенің алғашқы кепілдігі берілді.

Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестіктерінің және екінші деңгейлі банктердің АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға беретін несиелерін кепілдендіретін оператор қызметін атқарады.

Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы кәсіпкер Сергей Горовой осыдан бір жыл бұрын 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын ашқан болатын. Аграрлық несие корпорациясынан несиені алғанымен, бордақылау алаңының жұмы­сын одан әрі дамыту үшін тағы қосымша қаржы қажет бо­лыпты. Несие алуға кепіл мүлкі жетпеген соң кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінді.

– Біз Аграрлық несие корпорациясынан 850 млн теңге несие алғанбыз. Бірақ бұл қаржы жобаны ойдағыдай іске асыруға жетпеді. Биыл банк 1,3 млрд теңге несие алуға берген өтінішімізді мақұлдады. Несиенің жартысын Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қол­дау қоры кепілдендірді, – дейді кәсіпорын басшысы Сергей Горовой. – Бұл қаржы үлкен инвестициялық жобаны жүзеге асыруға жеткілікті.

Банк несиесінің негізгі шарты бойынша, Қор кепілдендіруі тиіс. 17%-бен 10 жылға банк бе­ре­тін несие 3 млрд теңгеден ас­пауы керек. Фермер кепілдеме үшін несие сомасының 0,1% мөл­шерінде комиссиясын төлейді.

Айта кетейік, кепілдеме агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды іске асыратын және тамақ өнді­рісі­мен айналысатын барлық бизнес өкілдеріне беріледі.

Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры несие сомасының 50 %-на дейін ке­піл­дендіреді. Басым ин­вес­ти­циялық жобалар іске қосыл­ғанша кепілдік мөлшері 85%-ға дейін болады. Жоба толық іске қосылғаннан кейін кепіл­дік мөлшері 50%-ға дейін төмендейді.

Негізгі басым инвестициялық жобаларға тауарлы сүт фермалары, етті құс шаруашылығы, қарқынды бақтар, жылыжайлар, қант қызылшасын өсіру және қызылша қантын өндіру, жарма өндірісі, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу, өсімдік майы мен май өнімдерін өндіру жобалары кіреді.

Айта кетелік, Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры – «ҚазАгро» ҰБХ хол­дингінің құрамындағы маман­дандырылған қаржылық-не­сиелеу ұйымы. Қор ауыл хал­қына, фермерлерге, шағын және орта бизнес өкілдеріне шағын несие берумен айналысады.