• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Желтоқсан, 2020

Елорда тұрғыны ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бірегей құрылғы жасап шығарды

302 рет
көрсетілді

Өнертапқыш Ардақ Оторбаев ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмірін едәуір жеңілдететін құрылғы жасап шығарды. Мұндай мүгедектер арбасының дөңгелектерін жууға арналған механикалық құрылғының әзірге еш жерде баламасы жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ардақ Оторбаев құрылғыға патент алуға арналған құжаттар пакетін 2020 жылдың басында өткізген болатын. Командамен бірге ол барлық шарттарды орындап, қажетті құжаттардың барлығын ұсынған. Нәтижесінде Ұлттық зияткерлік меншік институты өнертапқышқа патент берген көрінеді.

Еліміздің климаты кейде жаңбырлы, бірде қар жауып, артынша ол еріп, мүгедектер арбасын пайдаланушыларға қолайсыздық туғызып жатады. Арбаның дөңгелектері тез ластанғандықтан үй-жайларда да ыңғайсыз жағдай болатыны белгілі.

Ардақ Оторбаевтың айтуынша, мүгедектер арбасының дөңгелектерін механикалық құрылғымен жуу арқылы біршама уақытты үнемдеуге болады, қосымша күш-жігер мен ыңғайсыздықты қажет етпегендіктен адамның психологиялық жағдайы да жақсарады. Мұндай жабдықтар әлеуметтік және медициналық мекемелерде, спорт кешендерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында және басқа да қоғамдық орындарда орнатылса, құба-құп болар еді.

А. Оторбаев мүгедектігі бар адам болғандықтан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсарту қаншалықты маңызды екенін басқалардан артық түсінеді. Өзі жоғары білімді, арбамен спорттық би билеуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионаттары мен Паразиадалық ойындардың бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан паралимпиадалық құрамасының мүшесі.

Қазір ол «ДОС» тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры болып жұмыс істейді және мүгедектер арбасындағы адамдардың өмірін неғұрлым ыңғайлы және тәуелсіз ету үшін жаңа пайдалы модельдер ойлап тапқан конструкторлық бюроны басқарады. Сонымен қатар Ардақ бүгінде үш баланы тәрбиелеп отыр.

«Мен үшін арба – бұл менің арманымды жүзеге асыратын, жұмыс істейтін, балаларды тәрбиелейтін, спортпен айналысатын, өз сезімдерім мен ойларымды білдіретін, бір сөзбен айтқанда өмірді оның барлық көріністерінде жақсы көретін өмір салтым», дейді ол.

Ол мектеп жасынан бастап техниканы жөндеумен айналыса бастаған. Сол кезден-ақ әкесінің көлігін жөндеуге, мектепте сынған жиһазды қалпына келтіруге көмек қолын созатын. Уақыт өте келе ол автомеханикамен кәсіби түрде айналысуды қолға алған. 

«Өзімнің арбамды жөндеу процесі мені елордамызда мүгедектер техникасын жөндеу бойынша қызметтер жоқ деген ойға алып келді. Осылайша, мүгедектер техникасына қызмет көрсету бойынша «Инва СТО» бірыңғай сервистік орталығын құру идеясы туды, онда біз арбаларды жөндеуден бастап жаңғыртуға дейін, жаңа конструкторлық шешімдер ойлап табуға дейінгі қызметтерді ұсынамыз. Бізде жалға беру қызметі де бар», дейді конструктор.

Идеяны іске асыру «Samruk Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Әрекет» жобасының арқасында мүмкін болды. 2019 жылы Қоғамдық бірлестік Қордың грантын жеңіп алып, орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, арбадағы мүгедектердің жеке қажеттіліктері үшін мүгедектер арбаларын жаңғырту және оңалтудың қосымша құралдарын құру қызметтерін іске қосты.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік - бұл табыс табу көзі емес, ол әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізудің құралы болып табылатын әлеуметтік мақсаттар мен коммерциялық құрауыштың теңгерімі. Мысалы, біз мүгедек адамдарға арбаларды жөндеуге көмектесу арқылы мәселені шешеміз. Сонымен қатар біз жобамызға ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастырдық, яғни жұмыссыздық мәселесін шешіп қана қоймай, осындай адамдардың қоғамда әлеуметтенуіне көмектесеміз», дейді А. Оторбаев.

Оның айтуынша, алынған табыс әлеуметтік мәселелерді шешуге, мысалы, мұқтаждарға арналған мүгедектер арбаларын өтеусіз жөндеуге, халықтың осал топтарына материалдық көмек көрсетуге, ерекше балаларға арналған шеберлік сабақтарына, мүгедектігі бар адамдар үшін Нұр-Сұлтанның көрікті жерлері бойынша экскурсиялар ұйымдастыруға бағытталады.