Бұрыннан да туристік әлеуеті аспандап тұрмаған Қазақстанға пандемия тіпті ауыр тиді. Қаңтар мен қыркүйек аралығында Қазақстан шетелдік туристердің үштен екісінен айырылған,деп хабарлайды Egemen.kz
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, сырттан келетін туристер саны 72,3 пайызға, яғни, 1,8 млн адамға дейін азайып кеткен. Қазақстаннан сыртқа кеткендер 70,8 пайызға аз. Олардың саны 2,4 млн адам. Ішкі туризм де едәуір құлдырауды бастан кешіп отыр – 39,7 пайызға қысқару байқалады.
Туристер келмеген соң, түрлі турист қабылдаушы орындардың да табысы 49,8 пайызға құлдырап кеткен. Жыл басынан бері хостел мен қонақүйлер жалпы құны 47,4 млрд теңгеге 2,5 млн адамға қызмет көрсетіпті. Ақшаның басым бөлігін (33,2 млрд теңге) мейрамханасы бар қонақүйлер еншілеген. Балалар лагері небәрі 223,1 млн теңге табыс тапқан.
Өңірлер арасында Алматы көш бастайды. Еліміздегі ірі қаржы орталығы 11,5 млрд теңге, елорда 8 млрд теңге табыс еншілеген. Қазақстанның жеті аймағында көрсетілген қызмет құны 1 млрд теңгеден де аспайды. Ең аз табыс тауып, көш соңында қалған аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы.
Бұл ретте статистика отелдердің орташа толуы небәрі 18 пайызға әрең жеткенін айтады. Тәуліктік құны 7,6 мың теңгеге дейін төмендеген. Мәселен, елдегі екі жұлдызды қонақүйлер бір тәулік үшін орта есеппен 13,3 мың теңге сұраған. Ал курортты аймақтардың табысы 24,5 млн теңгеге бағаланады. Оларға ішкі 1,1 млн, сыртқы 97,4 мың адам барған.
Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2020 жылдың II тоқсанында Қазақстанға 132,9 мың турист келген. Бұл 2019 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда 16,5 есе аз. Былтыр келушілер саны 2,2 млн адамнан асып түскен еді.
II тоқсанда қонақүйлер мен өзге де орналасу орындарында 418 мың нөмір пайдалануға берілген. Бұл цифр да 2019 жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда 3,2 есе аз екенін аңғартады.