Алаш жұрты Азат күннің алтын нұрына шомылып тұр. Осынау қасиетті ұғым, қастерлі түсінікті ата-бабамыз қаншама ғасыр аңсады десеңізші. Күлтегіннің жазуында, көк бөрінің азуында тұр тәу етер тәуелсіздігіміз. Еркіндікті елден ерек сүйетін халық үшін одан асқан қасиет те, одан бағалы кие де болмақ емес. Аталарымыз аңсаған, аналарымыз көксеген сол күнге де жеттік. Енді ала таңда келіп алақанға қонған осынау ұлы бақыт құсын ұшырып алмауға, тұғырда тұрған тұтастығымызды абырой биігінен түсіріп алмауға тиіспіз!
Тәуелсіздік – ерекше ұғым. Тәу етеріміз Тәуелсіздігіміз болған соң, бабаларымыз аңсап өткен асыл мұра – Азаттықтың алдында бас имейтін Алаш баласы жоқ. Сақтардың салтын сақтап, ғұндардың ғұрпын ұстанып, түбі бір түркі жұртының түндігін түріп отырған Ұлы Тұран топырағы, сол топырақты қоныс еткен қазақ халқы – басынан небір зұлмат жылдарды өткеріп, құрып кету мен іріп кетудің аз-ақ алдында қалды. Қалмақтың қылышына туралып, отарлау саясатының отында күйді. Қазан төңкерісінде – қаңтарылды. Ашаршылықта – ішерге ас таппай аңтарылды. «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппаған» қаракөздеріміз саяси қуғын-сүргін жылдары дүние жүзіне тарыдай шашырады. Тартқаны – азап, көргені – тозақ болды.
Алашты азаттыққа бастаған арысымыз Әлихан Бөкейхан бір сөзінде «Алыспаған, жұлыспаған бостандық атына мінбейді, бұғаудан босамайды, ері құлдықтан, әйелі күңдіктен шықпайды, малына да, басына да ие болмайды», дейді. Ұлт көсемінің үнін естіп, қазақ қан қақсаған жылдарға қайырылып қараған сайын еркіндікті ешкім де еншілеп бермейтінін түсіндік. Оған жету үшін тынымсыз күрес, тау қопарар табандылық қажет екен. Қазақ халқы сол қайғы мен қасіретке, азап пен арпалысқа толы жолды жүріп өтті. Аяқтан шалып сүрінген, алауыздықтың алдауында қалып бүлінген кездеріміз де болды.
Ақыр соңы еркіндікке ұмтылған елдің қадамы қайырлы болып, Ертіс пен Еділдің екі арасын ен жайлаған есіл жұрт еркіндікке қол жеткізді. Ғасырлар бойы арман болған азаттықтың алтын нұрына шомылып тұрмыз. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап, Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде, Көрпемді мен жатармын қырда қымтап», деп жырлаған Қасым ақынның үні келеді құлағымызға. Ақын айтып отырған бақытты ұрпақ – біз. Біздің құрдастарымыз, біздің замандастарымыз. Бір аспанның астында бір ауамен тыныс алғанның барлығы замандас!
Өз алдымызға отау құрып, өз отымызды өзіміз жағып отырмыз. Солай болды екен деп босаңсуға да болмайтын секілді. «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек!», дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тәубесінен жаңылмаған жұртты Тәңірі тәуелсіздікпен сынайды. Басқасы басқа, бостандықтан айырылып қалмауға барымызды салуға тиіспіз. ХХІ ғасыр келіп, ақыл-ойы толысты ма деген адамзат баласы әлі де ала тайдай бүлініп жатыр. Астан-кестеңі шыққан әлемге ой таразыламай қараудың өзі қауіпті.
Иә, мемлекеттің жер аумағы мәселесіне нүкте қойып, шекарамызды шегендеп алдық. Адамзат баласының қас жауы саналатын жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімізбен бас тартып, сындарлы сыртқы һәм ішкі саясатты қалыптастырдық. Сан түрлі саланың тамырын басып, даму даңғылын даралап, тұрақтылықты тұғырдан түсірмей келеміз. Сондықтан дүние жүзінің саяси картасында тоғызыншы территорияға иелік етіп тұрған Қазақстанның қазіргі биігін, алған асуы мен жеткен жетістігін барымыз деп бағалауға әбден болады.
Алайда заманның да, уақыттың та ағынды су іспетті бір орында тұралап тоқтап тұрмайтыны белгілі. Бүгінге берілген мүмкіндік мәңгілік екен деп малданатын, жетерімізге жетіп, шығар биігімізге шықтық деп алданатын жөніміз жоқ. Алдағы әлем тынысы әлі де ала тұман. Сол себепті ең алдымен, тоғызыншы территорияны еншілеп тұрмыз деп тоқмейілсуден бұрын төрімізді толтырып алуға ұмтылуымыз қажет. Жеріміз халыққа толмайынша қауіптің бұлты сейілмейді. «Көп қорқытады, терең батырады». Азуын айға білеген алып державалардың арасында қоныс тепкенімізді бір сәтке де болсын қаперімізден шығарып алмауымыз керек.
Ал қазіргі жағдайымыз қандай? Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, биылғы 1 қарашада Қазақстан халқының саны 18 833 133 адамды құрап отыр. Соның 11 109 798-і қала тұрғындары болса, 7 723 335-і ауыл азаматтары көрінеді. Адами капиталымыздың ең көп үлесі Алматы (2 073 458 адам) және Түркістан (2 039 861) облыстарына тиесілі. Жер аумағы 2 724 902 шаршы метрді құрайтын мемлекет үшін бұл – мақтанарлық көрсеткіш емес. Бүгінгі жағдайымыз бұлай болған соң, алдағы күнге алаңдаудың да жөні бар. Алаңдатып отырған «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының 2030 жылға дейінгі болжамы. Аталған орталық алдағы он жылда отандастарымыздың саны небәрі 11,8%-ға өсіп, 20 млн 692 мың адамды құрайды деген болжам жасап отыр.
Әрине, сарапшылар бұл көрсеткіштерді ойдан құрап отырмағаны белгілі. Халқымыздың осыған дейінгі өсім пайызын, түрлі статистиканы назарға алғаны анық. Ғалымдардың пайымдауынша, халық санын арттырудың екi жолы бар көрінеді. Соның алғашқысы – қандастарымызды атажұртқа оралту мәселесі. Бұл мәселені кейінгі отыз жылға жуық уақытта қандай да бір жүйелі жолға қоя алған сияқтымыз. Әрине, елеп-екшейтін, ескеретін мәселелер әлі де бар. Алайда бұл бағытта жасалып жатқан жұмысты қарқынды деп бағалауға болады.
Халық санын арттырудың ендігі жолы – халықтың табиғи өсiмі. Табиғи өсімнің артуы үшін, ең біріншіден, аналар қауымының жағдайын жақсартуға қатысты жасалатын көмекті арттыру қажет. Сонымен қатар аналардың жәрдемақысын өсіру мен оларға көрсетілетін медициналық көмекті де жүйелі жолға қойған жөн болар еді. Елімізде табиғи өсім оң бағытқа ие дегенімізбен, халық санын арттыруды ынталандыратын нақты бағдарламаға, мемлекеттік идеологияға жіті көңіл бөлу қажет-ақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мəселе».
P.S. Айта берсең, тәуелсіздікті тұғырлы етудің алғышарты көп-ақ. Айбарлы армия, сындарлы саясат, әлеуетті экономика, тұтастық пен татулық қажет еркін елге. Бізде осының барлығы бар. Әлем елдерімен тереземіз тең, керегеміз кең. Ендігі керегі – асқақ рух пен тегеурінді толқын, саналы ұрпақ. Мәңгілік ел идеясын мұратына айналдыратын – осы екеуі. Олар тұрғанда тәуелсіздік деп аталар тәтті ұғым да мәңгі жасайтын болады...