Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Атырау облысының Жылыой және Махамбет аудандарындағы ашықтық, айқындық және есептілік қағидаттарының іс жүзінде іске асырылуымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Жылыой ауданы халқының әлеуметтік әл-ауқаты мәселесіне ерекше назар аударылды. Ол Құлсары қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы мен Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімінің фронт-кеңсесінің жұмысымен танысты. Бүгінгі күні олар 9552 қызмет көрсетіп, бұл 2077 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді.
Нысандарды аралай отырып, А. Шпекбаев: «Тұтынушыға бағдарлану және азаматтарға қолайлы жағдайда қызмет көрсету – қазіргі заманғы мемлекеттік аппараттың басым міндеті. Мемлекеттік қызметшілер әр адамның сөзіне құлақ асуы тиіс, ал азаматтарға бюрократиялық тосқауыл болмауы қажет», деп атап өтті.
Мемлекеттік органдардың мұндай трансформациясы қоғаммен белсенді өзара іс-қимыл жасаудың және мемлекеттік аппараттың азаматтар сауалдарына сезімталдығын арттырудың басты шарты.
Бүгінгі таңда Атырау облысында 45-тен астам мемлекеттік орган мен мекеме фронт-кеңселер мен «open space» форматында жұмыс істейді.
Электрондық мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алуды қамтамасыз ету үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің және мектептердің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары бар.
Жұмыс сапарының келесі нысаны – Махамбет ауданының «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ филиалының жаңа әкімшілік ғимараты болды. Онда биыл 23 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы электрондық онлайн-нұсқада 12 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Олардың жұмысымен танысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы ел басшылығының мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жөніндегі тапсырмасының орындалғанын атап өтті.
«Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіреді. Көрсетілетін қызметтердің 90%-дан астамы халыққа онлайн көрсетіледі. Бұл тұрмыстық жемқорлықты барынша азайтты», деді А.Шпекбаев.
Халықпен кездесу барысында Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзгерістері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Кәсіпкерлік қызметке араласу, оған заңсыз қатысу, парақорлық және парақорлыққа делдалдық үшін жауапкершілікті күшейтуге, сондай-ақ ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды жоюға басымдық берілді.
Енді пара бергені үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін, айтарлықтай мөлшерде (139 мың теңгеден астам) пара бергені үшін – 5 жылдан 7 жылға дейін және делдалдық үшін – 2 жылдан 3 жылға дейін ұлғайтылды. Айтарлықтай мөлшерде пара беру ауыр қылмыстар санатына өтіп, пара берушілерді шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырғандығын айта кету керек. Парақорлықпен бірнеше рет айналысып, қылмыстық топ құрамында немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасалған парақорлыққа делдал болғаны үшін сотталған адамдар да осы санатқа енгізіледі.
Сондай-ақ, ол азаматтық қоғамның күнделікті жемқорлықты жоюға жұмылуы мен жеке қызығушылығының маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін Агенттік «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері, арнайы мониторингтік топтары, ақпараттық-ағарту штабтар мен «Адал көмек», «Ашық бюджет» сынды сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар аясында барлық қажетті жағдайлар мен құралдарды жасады.
Ең бастысы - бүкіл қоғамның оң өзгерістерге ықыласы мен еркі, сондай-ақ елдің әл-ауқатын дамытуға жеке үлес қосуға дайын болуы.