Әйгілі суретші, әлемдік бейнелеу өнеріне кубизм бағытын әкелген қылқалам шебері Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді» деген екен. Осындай талантты жастың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы «Балалар өнер мектебінің» ұстазы, суретші Еркебұлан Жәкішев.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бейнелеу өнері және графика мамандығымен тәмамдаған жас азамат дәл қазір шәкірт тәрбиелеумен қатар, шығармашылық жұмыспен айналысып жүр. Суретшінің ой-қиялынан туған картиналары әртүрлі тақырыпты қамтиды. Атап айтқанда, натюрморт, портрет, пейзаж, сонымен бірге тірі жан иелерін бейнелейтін анималистік бағыт пен белгілі бір тарихи оқиғаларға арналған көркем туындылар жазуда.
Қылқалам шеберінің негізі ерекшелігі – оның еңбектерінің бояуы қанық, композицияға бай, сонымен қоса адамның жан дүниесіндегі рухани толқыныспен үндестік табатын нәзік сезімге құрылған, ортаны түйсіну, сезіну арқылы жаратылысқа басқаша көзбен қарайтын өнер иесі. Оның еңбектерімен танысқан танымал суретші Қоңыр Мұқамәдиев «бұл жігіт бейнелеу өнеріндегі креативті идеясы бар талантты суретшілердің бірі» деген екен.
Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Е.Жәкішевтің көптеген картинасы Өскемен қаласындағы өнер мұражайы мен Семейдегі Невзоровтар мұражайларында сақтаулы тұрса, атқарған еңбегі үшін облыстың «Үздік педагогы» атанумен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқаудың жүлдегері атанғаны бар.
Суретші-ұстаздың шәкірттері 2018 жылы өткен халықаралық «Golden Stars» таланттылар фестиваліне қатысып, үздіктер қатарынан көрінсе, Еркебұлан Мәуітханұлы дүниежүзілік бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа қол жеткізіпті. Сол сияқты, екі жыл бұрын «Алтай – Қазақстан жауһары» атты республикалық пленэрдің үздік сертификат иесі атанған.
– Жоғарыдағы шаралар өлкенің сурет өнерін өркендетіп, шалғай ауданда таланттар шоғырын қалыптастыруға үлкен әсер етті. Сонымен бірге ұлттық рухани негізге толы этнографиялық этюдтерді бейнелеудің қыр-сырын үйрендік, – дейді ұстаз-суретші.
Қазіргі таңда талантты суретші, талапты ұстаз жасөспірімдерге сурет өнерінің қыр-сырын үйретумен бірге, жас таланттарды ұштау үшін тынымсыз еңбек етуде. Оның шәкірттері жасаған «Менің елім – тәуелсіз Қазақстан», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Ата-баба мұраларын сақтаймыз және көбейтеміз», «Экология планетасы» тақырыбындағы еңбектері жасөспірімдер арасында өткен республикалық, облыстық көрмелердің жүлдесін алып жүр.