• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2013

Бас прокурор Канадада іссапармен жүр

305 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Канадаға жасаған сапары барысында бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен кездесті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Осыдан екі күн бұрын А. Дауылбаев Сенат спикері Ноэль Кинселламен кездесу кезінде құқықтық саладағы ынтымақтастықтың келешегі туралы ой бөлісті. Қазақстан мен Канада арасында достық пен тиімді қатынастың орнағанына лайықты баға берген әңгімелесушілер осы жолғы сапардың құқықтық жүйені дамытуға арналғанын атап өтті. Сөз орайында Бас прокурор А. Дауылбаев Қазақстан прокуратурасының қадағалаушылық және құқық қорғау қызметінің негізгі бағыттарын айта келе, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру орайында халықаралық құқықтық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына айрықша назар аударылғанына маңыз берді.

Канада әзірге Қазақстан қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісім-шарт жасасқан Америка құрлығындағы бірінші әрі жалғыз мемлекет болып есептеледі. Ал бүгінде қол қойылған келісім-шарт ратификациялануға әзірлену үстінде.

Құқықтық саладағы өзара ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Сенаттың спикері криминология және халықаралық құқықты оқитын студенттермен алмасудың бірлескен бағдарламасын жасауға ұсыныс жасады.

Бас прокурор Канаданың Азаматтық және иммиграция министрі Крис Александэрмен кездесуі барысында көші-қон процесін құқықтық реттеу саласындағы канадалық тәжірибені зерделеуге ниеттестігін білдірді. Сондай-ақ; Канада Әділет министрінің бірінші орынбасары және Бас прокуроры Уильям Пинтнимен кездесу барысында трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткінің заңсыз айналымымен, киберқылмыстылықпен және терроризммен күрес салаларындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Көші-қон ағынына бақылау мен қылмыскерлерді экстрадициялау мәселесі де назардан қағыс қалған жоқ. Осы ретте, Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық атқару заңнамаларын реформалау саласында еуропалық елдермен ынтымақтастық тәжірибесі канадалық тараптың қызығушылығын туғызды.

Кездесу қорытындысында тараптар диалогты жалғастыруға және біздің елдер арасындағы келісім-шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейтуге уағдаласты.

Данияр Түймебай.

Дереккөз: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар