Еліміздің көмір өндіруші компаниялары осы жылдың 11 айында 98,1 млн тонна көмір өндірді. Өз кезегінде энергия өндіруші кәсіпорындарға 52,9 млн тонна көмір тиелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7% - ға артық, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өнеркәсіп кәсіпорындарына 5,1 млн тонна көмір жөнелтілді, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 9,4 млн тонна көмір тиелді. Көмір экспорты шамамен 26,4 млн тоннаны құрады.
2020-2021 жылдардағы кезеңде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер және халық үшін көмір өнімі қажеттілігінің қалыптасқан жоспарына сәйкес тұтыну көлемі шамамен 10 млн тоннаны құрады, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға шамамен 2,8 млн тонна, тұрғындарға – 7,2 млн тонна болады.
2020 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір қорымен қамтамасыз ету 90,8% - ды, халықты 97,1% - ды құрайды.Өткен жылыту маусымының осындай кезеңінде қамтамасыз ету: коммуналдық-тұрмыстық сектор 89,5%, тұрғындар 89,6% құрады.
Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмір жеткізуді толық қамтамасыз етті. Сондай-ақ БҚО, Қызылорда, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктері халыққа көмір жеткізуді толық қамтамасыз етті.
Әкімдіктердің ақпараты бойынша, өңірлердегі халық үшін көмірдің бағасы тоннасына 6000 теңгеден 19000 теңгеге дейін құрайды.
Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан, тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдалдық ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.
Кеніштің бортындағы баға тоннасына 2800 теңгеден 8200 теңгеге дейін құрайды және көмір өндіру технологиясына байланысты. Елдің энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарына көмір тікелей шарттар мен разрездердің босату бағалары бойынша тиеледі.