Бүгінде Оңтүстік Африка Республикасы өзінің тұңғыш қара нәсілді президенті Нельсон Манделаның өмірден өтуіне байланысты қара жамылып жатыр. Апартеид пен адам құқы жолындағы аты аңызға айналған күрескер 96 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасты.
Бүгінде Оңтүстік Африка Республикасы өзінің тұңғыш қара нәсілді президенті Нельсон Манделаның өмірден өтуіне байланысты қара жамылып жатыр. Апартеид пен адам құқы жолындағы аты аңызға айналған күрескер 96 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қоштасты.
Н.Мандела 1964 жылы 46 жасында өмір бойы түрмеге отыру жазасына кесілді. Оның түрмеде айтқан сөзі бүкіл әлемге тарады. Үкім шығарылар алдындағы соңғы сөзінде ол былай деген болатын: «Мен барлық саналы ғұмырымды Африка халқы үшін күреске арнадым. Мен «ақтардың» үстемдігіне қарсы, сондай-ақ, «қаралардың» үстемдігіне де қарсы жан аямай күрестім. Мен барлық азаматтар үйлесімділікте өмір сүретін және тең мүмкіндіктерге ие болатын демократиялы және еркін қоғамды мұрат тұттым. Бұл мен сол үшін өмір сүруге әркез дайын және мен ұмтылып отырған мұрат болып табылады. Бірақ, егер қажет болып жатса, сол мұрат үшін мен өлуге де дайынмын».
Н.Мандела табаны күректей 27 жыл түрменің тар қапасында отыруға мәжбүр болды. Ол апартеидке қарсы барлық қозғалыстарды заңдастырған Оңтүстік Африка Республикасының соңғы ақ нәсілді президенті Фредерик де Клерктің пәрменімен 1990 жылы бостандыққа шықты. Арада үш жыл өткенде бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алса, 1994 жылы ел президенті болып сайланды.
Америка Құрама Штаттарында қара өңді азаматтың президенттікке сайлануын да Мандела күресінің ұлы жеңістері қатарында атаудың артықтығы жоқ. Мандела – әлемдегі талай түсініктерді төңкеріп түсірген тұлғалардың бірі. Оның ерлігін, өрлігін, кемеңгерлігін танымау, мойындамау мүмкін емес. Әншейінде еш мәселеде пікірлері бір жерден шықпайтын ресми Бейжің мен Далай-ламаның, Вашингтон мен Теһранның Мандела қазасына байланысты қатарласа көңіл айтатыны да сондықтан.
Мандела есімі тарихын жаңа бастап жатқан біздей елдер үшін бөлекше қадірлі. Осыдан бір ғана ғасырдай бұрын Верныйдағы губернатор бағында «Қырғыздар мен иттер кіргізілмейді» деген жазу ілініп тұрғанын біз ұмыта қойған жоқпыз. Мандела ісі бізге тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білуді үйретуге тиіс.