Парламент Мәжілісі депутаттарының қарашаның соңы мен желтоқсанның басында аймақтарға шығар алдындағы соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларының арасында мемлекеттік сатып алу мәселесіне арналған заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл жобаны талқылауға депутаттар белсене қатысты.
Парламент Мәжілісі депутаттарының қарашаның соңы мен желтоқсанның басында аймақтарға шығар алдындағы соңғы жалпы отырысында қаралған заң жобаларының арасында мемлекеттік сатып алу мәселесіне арналған заң жобасы да болды. Бірінші оқылымда қаралған бұл жобаны талқылауға депутаттар белсене қатысты.
Айтары жоқ, нақ осы мәселе сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын қайнар көз болып тұрғаны даусыз. Үкіметтің 11 қазанда болған кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелерінде Президент Н.Назарбаев орталық және жергілікті билік иелерінің бюджет қаражатын жымқыру мақсатымен мемлекеттік сатып алу бойынша жасайтын қитұрқылықтарын айпара қылды. Енді мына заң жобасы сондайдың алдын алуға ілкім де бір септігін тигізетін шығар деген үміт жұрттың бәрінде бар.
Сонымен қатар, заң жобасы мемлекеттік тапсырыста отандық тауар өндірушілерге басымдық беруді қарастырады. Алайда, ол туралы баяндама жасаған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл құжаттың қолданыстағы заңмен салыстырғандағы артықшылығын айтып тұрса да оның әлі де шикі тұстары барын өзі де мойындап, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу туралы мүлде жаңа заң жобасы әзірленетінін айтып салды. Дегенмен, заң жобасының қазіргі қолданыстағыға қарағанда артықшылықтары біршама бар екен. Мәселен, ұлттық режім деген түсінік енгізіліп, ол шетелдік сатып алушыларға қарағанда отандық тауар өндірушінің өніміне артықшылық береді. Бұл, тіпті, біздің Кеден одағындағы әріптестерімізге де қатысты болмақ.
Мысалы, еліміздегі мемлекеттік органдардың бәріне бір-ақ зауыт болса да қазақстандық аккумуляторларды алу міндеттеледі. Ол заң жобасында бірыңғай ұйымдастырушы деген нормамен реттеледі. Сондай-ақ, бұрын тендерде тек бағаны төмен ұстаушы ғана жеңіске жететін болса, енді сапалы өнім ұсынатын қарсыласқа басымдық беріледі. Ол үшін конкурсқа түсушінің техникалық ерекшеліктерін (нақтылығын) айқындайтын арнаулы комиссия құрылады. Ол сатып алушының мүмкіндігін анықтап, қайсының өнімі қолайлы екенін нақтылайды.
Бұл көптен бері айтылып жүрген маңызды мәселенің бірі болатын. Алайда, заңда шалалық болған соң соның шешуі табылмаған еді. Мәселен, балалар бақшасына тамақ әзірлеу бойынша арзан баға ұсынып тендерді жеңіп алған сатып алушы сәбилерге арзан, сапасыз тамақтар беретіні көптен бері айтылса да, соларға қарсы еш шара қолданылмайтын. Өйткені, конкурс талабы бойынша ең төменгі баға ұсынғаны рас, сонымен жеңіп алғаны да рас, ендеше, ол сәбилерге қымбат, сапалы тағам дайындай ма? Енді осы шалалық сәл де болса түзетілер деген үміт бар.
Сонымен бірге, заң жобасында мемлекеттік тапсырысты орындауға үміткерлік танытқандар арасынан мүгедектер ұйымына жеңілдік берілуі үлкен сауапты іс болды. Әйтпесе, арзан баға ұсына алмағандықтан, тендерде жеңе алмай еліміздегі мүгедектердің кейбір ұйымдары арыз-шағымдарын қардай боратып жүрсе де ешқандай нәтиже жоқ екенін көзіміз талай рет көрген. Енді қандай да бір мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет етсе және оған техникалық мүмкіншіліктері бар болса, мүгедектер ұйымы 100 пайыз жеңіске жететіні жобада нақты айтылған. Сондай-ақ, жеңілдіктер түзеу мекемелері мен шағын кәсіпкерлікке де қарастырылыпты.
Ал енді тендерлік комиссияларға тек бірінші басшылар төрағалық етіп, олардың жеке жауапкершіліктері артатыны сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болатын шара ретінде жұрттың бәріне де жағымды естілгенімен, осы мәселеге байланысты министрге сұрақ берген депутат М.Бегентаев үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік тапсырыс пен сатып алуларға 3111 тексеріс жүргізген қаржы-бақылау органдары соның 1394-інде 186 млрд. теңгеге қатысты заңсыздықтың орын алғанын анықтағанын айта отырып, заң жобасында осы келеңсіздіктің алдын алуға қатысты бұдан басқа да қандай шаралар қарастырылғанын сұрады.
Оған министр мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы атқаратынын, бұл тіпті үлкен инвестициялық жобаларға да қатысты екенін айтты. Ал типтік мемлекеттік тапсырыстар орталықтандырылған әдіспен берілетін болады, деді ол. Демек, Мемлекет басшысы талап еткен типтік аурухана, типтік мектеп, т.б. тапсырыс енді бір орталықтан сатылады екен. Бұл әркімнің нысан бағасын өз қалауынша көбейтіп, сол арқылы бюджет қаражатын қымқыруына жол бермейтін әдіс болар деген үміт бар.
Конкурста жеңе алмаған үміткердің сотқа берген талап-арызын қарау мерзімі де қысқартылған. Бұрын бұл мерзім шексіз болып, үміткерлерді конкурстан шеттетіп тастауға мүмкіндік беріп келген бір қитұрқы амал болатын. Енді, заң жобасы бойынша, арызданушының шағымын тез арада қарау міндеттеледі. Сонымен бірге, министр мұнда тапсырыстардың барынша мөлдір болуы қамтамасыз етілетінін айтты. Оған «электронды деректер базасы», «электронды анықтамалық», т.б. сияқты енгізілген жаңа ізденістер мүмкіндік беріп, халық арасында «шапка» аталып кеткен параның жолын кесуге қадам жасалатын көрінеді.
Осы мәселеге байланысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де өзінің ойын қосты. Бұл, яғни сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою – бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған ең маңызды мәселе. Егер ұсынылған заң жобасы оған қарсы пәрменді шара жасай алмайтын болса, онда оның құны бір тиын. Сондықтан заң жобасы шексіз мөлдірлікті қамтамасыз ете алуы керек, деді спикер.
Сөйтіп, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, жетілдіріле түсу үшін екінші оқылымға жіберілді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».