• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2013

Тарих қойнауынан жеткен сарын

540 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармония­сында белгілі композитор Балнұр Қыдырбектің «Реквием» деп аталатын шығармасының премьерасы өтті. Азалы музыканы Мемлекеттік симфониялық оркестр, Б.Байқадамов атындағы хор капелласы мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет, Astana opera театрларының солистері орындады. Осынау айтулы оқиғаныңортасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед болды.

Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармония­сында белгілі композитор Балнұр Қыдырбектің «Реквием» деп аталатын шығармасының премьерасы өтті. Азалы музыканы Мемлекеттік симфониялық оркестр, Б.Байқадамов атындағы хор капелласы мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет, Astana opera театрларының солистері орындады. Осынау айтулы оқиғаныңортасында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед болды.

Өз халқымыздың жөн-жосығына салғанда, реквием жанрын жоқтау деп те атауға болар еді. Қазақтың тарихында сай-сүйегіңді сырқыратып, төбе-құйқаңды шымырлататын азалы әуендер бар. Сондықтан да, бұл жанр ұлттық болмысымызға жат емес және үрдісіміздегі бар дүние деп қабылдауға болады.

Музыка зерттеушілері тарапынан Балнұр ханымға әлі талай баға беріле жатар. Қалай десек те, әлемдік дәрежедегі қазақ музыкасының жетіс­тігі ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің мақтанышы, қазіргі табысы – тұңғыш реквием тұсауын кесті.

Реквием – көпбөлімді траурлық хор музыкасы, замана өте келе солис­тер қосылып, оркестрдің сүйемел­деуімен орындалатын шығармаға ай­нал­ғанынан хабарымыз болса-дағы, осы уақытқа дейін реквием жазу­дың қағидалары, яғни канондық рек­виемдердің құрылымы жайлы бас қатырып көрмеген екенбіз. Өмір бар жерде өлім бар, ажалды Құ­дай­дың ісі деп қабылдайтын діннің қай ағымында болсын азалау бар. Бас-аяғы бір Аллаға ғана мәлім мәң­гі­лік шексіздікте бізге белгілісі като­лик­тік реквиемнің пайда болуына фран­цискандық монах Томмазо да Челано ХІІІ ғасырда жазған секвенция «Dies Irae» негіз болған деседі. Бертін келе оған Introitus, Kyrie, Offertorium және Sanctus қосылған. Канондық реквиемнің құрылымы 1570 жылы Пием V папаның бекітуімен толық қалыптасып үлгеріпті. Сол сияқты, алғашқы авторлық реквием мәтіні латын тілімен XV ғасырда жазылған Гийом Дюфаидікі делінсе де, өкінішке қарай, біздің заманымызға жетпеген. Біздің кезімізге дейін сақталғаны кіші Дюфаидің замандасы Йоганнес Окегемнің полифониялық стильде жазылған А капелласы. Бұл жоғарыда айтылған 1570 жылы бекітілген католиктік реквиемге дейін жазылған.

Қысқасы, реквием жанры XIV ғасырда Италияда пайда бо­лып, үлкен мемлекет, қоғам қайрат­кер­лері, императорлардың қазасы шығарыл­ғанда айтылған. Бізге жеткен ең ал­ғашқы үлгісі – ол XV ғасыр­да өмір сүрген композитор Окегем­нің шы­ғар­масы. Еуропаның ұлы ком­по­зиторларының барлығы бұл жанрда бір-бір дүние жазған. Реквиемнің жоға­ры шыңы саналатын Моцарт, Берлиоз, Верди туындылары бұл жанр­ды католик соборынан біржола кон­церттік сахнаға шығарды. Ком­по­зиторлық талантымен емес, Мо­цартқа деген бақталастығымен тарихта аты қалған Сальеридің де «Кіші реквиемі» бар.

Балнұр Қыдырбектің «Реквием» шығармасы бейбітшілік, бірлік, рухани келісім идеяларын дәріптеп, дін және дінаралық қарым-қатынастар толеранттылығын көздейді. Шы­ғар­мада жанр канондары – католиктік месса сақталған. Бірақ мұнда буддалық хорды, православиелік знамендік әуен­ді естуге болады. «Реквием» ис­­­лам­дық «Құлху-Алла» сүресімен бас­­та­­лып, біздің заманға дейінгі ІІ ға­сыр­­дағы сақ әдетімен аят түсіріліп бітеді. Шығарманы толық қамтитын екінші идея – ол уақыт тоғысындағы ұрпақтар сабақтастығы, өз халқына қызмет ету идеясы. 250 жыл бойы ел тәуелсіздігі, жеке қазақ мемлекетін орнату идеясы атадан балаға ауысып, бір әулеттің алты ұрпағының өмірі үлгі ретінде алынады. Шығарма 7 бөлімнен тұрады.

Шығармада ұмытылған Жетісу композиторлары Дәурен сал Құда­бай­ұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Пышан Жәл­мен­деұлы, Иса Тергеусізұлы, Бейсебай Қаратаев, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқовтың әндері мен мақамдары қол­данылған. Мәтін ре­тінде Қазыбек Тауасарұлы, Сүйінбай Аронұлы, Жам­был Жабаев, Тұманбай Молда­ғалиев өлеңдері алынған. Мем­лекеттік симфониялық оркестрге ха­лық­аралық конкурстардың лауреа­ты Ерболат Ахмедияров дирижерлік етті.

Абай атындағы Мемлекеттік ака­­демиялық опера және балет, Astana opera театрларының солис­тері: Жадыра Аманова (сопрано), Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хам­зина (меццо-сопрано), Дар­хан Жол­ды­баев (тенор), Мем­лекеттік сый­лықтың лауреаты Тал­ғат Күзембай (баритон) қазақ рек­виемін келістіре орындады.

Сағаттан астам уақыт бойы шы­ғарма үздіксіз орындалып болғаннан кейін сахнаға Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көтеріліп, композиторды толымды шығармасымен құттықтады.

– Қадірлі классикалық өнердің, музыка өнерінің жанашырлары, ерекше бір оқиғаның куәсі болып отырмыз. Өйткені, бұл қазақ топы­ра­ғын­дағы, түркі әлемі ғана емес, күллі мұсылман дүниесіндегі реквием жанрында жазылған алғашқы күрделі шы­ғарма деп ойлаймын. Дайын шығар­маның сыншылары да көп болады. Бір жағынан ертең исламға қызмет ететін дін басылары мұны қалай қа­был­дайды. Екінші жағынан ислам дінін сынайтындар да оны сынайды. Бірақ, өнердің ұлы миссиясы – соны халыққа жақындатуда. Бүгін мен жеті атамыздың ғана емес, қазақ халқының 2,5 ғасырлық музыкалық шежіресінің куәсі болдық деп айта аламын. Мұнда 250 жыл бұрынғы тарихи тұлғалар қайта оралып, біздің ұрпаққа сабақ болатын ғибраттарын айтты. Бұл өзі өте күрделі жанр, – деген Мұхтар Абрарұлы реквием жанр­ы­­ның ерекшелігі мен шежіресіне аз-кем тоқтала отырып, қазақ опера тари­хында да осындай азалы сарындар болғандығынан нақты мысалдар келтірді.

– Алайда, дәл осындай күрделі шы­ғарма күйінде, бейнелі түрде бізге жеткізілмеген болатын. Сондықтан жаңа музыкалық шығарманың ғана емес, үлкен жанрдың да тұсауы кесілді деп айта аламын, – деп түйді өз ойын министр.

Біз Балнұр Қыдырбектің рекви­е­мін­де осы күрделі жанрдың құ­ры­­лы­мы толық сақталғандығын ата­­дық. Кон­цертті жүргізген Қуат Бағыс­бек жеті бөлімді қысқа сипаттап өт­ті. Со­ны­мен, тұла бойымызды тітірент­кен мұңды әуен төмендегідей төгілді.

Бірінші бөлім Reguem – аты аңызға айналған ұлы бабамыз, XVIII ғасырда Қазақ мемлекеттілігін орнатуға өз үлесін қосқан ақын, елші, қоғам қай­раткері, Ұлы жүз әскерінің қолбас­шысы Қазыбек Тауасарұлымен бас­талады.

Екінші бөлім Gloria – Қазыбек бектің тұңғыш баласы, жекпе-жекте жоңғар батыры Боралдайды өлтірген Қасқары батырға бағышталып, бұл бөлімге Сүйінбайдың өлеңі негіз болған.

Үшінші бөлім Credo – Жетісудың айтулы ұлдарына ұласып, Дәурен сал және Тайбағар биге жал­ғасып, Сүйінбай баба, Жамбыл атамыз тенор, баритон, сопрано әншілердің дауысымен сахнада салтанат құрады.

Төртінші бөлім Sanctus – Бейсебай мен Оразды сахнада сөйлетті. Бей­себай Қаратаев – Қазыбек бектің шөбе­ресі, Ораз Жандосов – шөпшегі. Екеуі де ХХ ғасыр басындағы Қазақ мемлекеттілігін орнатуға белсене қатысқан қайраткерлер.

Бесінші бөлім Et resurexit – бертінгі заманға жақындап, Балғабек Қыдыр­бекұлы – Қазыбек бектің шөбе­легіне келеді. Жазушы, журналист, мемлекет қайраткері, 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағанның бірі.

Алтыншы бөлім Lacrimosa – «Шәхинұр» болып шырқайды. Шә­хинұр Балғабекқызы – Қазыбек бектің ұрпағы, музыкант, пианист. Тәуелсіз Қазақ елінің игілігін көре алмай арманда кеткен жанның бірі делінеді.

Соңы Benedictus – «Ақ бата». Сақ әдетімен аят түсіріп, Тәңірге құл­шынып «Қазақ еліне, Қазақ жеріне, Қазақстан халқына Тәңірім, бақ, дәулет, береке-байлық, бейбіт өмір бере гөр!» деп хор солистері күңірене шырқап, тарихта жасаған жеті ата арқылы аза бойымызды қаза етіп, тыңдаушылардың рухын оятты.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

––––––––––––––––

Суретті түсірген

Берсінбек СӘРСЕНОВ.

Соңғы жаңалықтар