• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Желтоқсан, 2020

Жанардағы жан бояуы

564 рет
көрсетілді

– Суретшілердің бәрі осындай ма?– Қандай?– Қарғыс атқан...– Жоқ, жақсылары ғана.Өз азабы өзіне майдай жағатын. Көңілі марқайған кезде содан беймәлім ләззат алатын секілді. Табиғат – табынар Тәңірісі, сұлулық – бет түзер құбыласы. Өзін тануға жасаған әрекетінің барлығы бақытсыздыққа бас­тарын білгендей-ақ. Білмесе де қалың түнектің ішінде болмашы жылт еткен сәуленің құлаған үмітіне қанат бітіреріне сенді. Өмір өзеніне бір батып, бір шығып жанталасқан қағаз кемедей... Иә-иә, қылқалам хикая­сы жазылған ғұмыры бір дауылдық жұқа парақ тәрізді.

Мынау дүрия дүние біздің көзі­мізге әлеміш бояуға толы картинадай көрінеді. Өтірік деңізші... Ал қарғаға қарашығының шеңберіне әрең сыйған қоңыраулы қоңыр әлемдей-ақ. Бәрі де өмірді қалай көруге байланысты...

Ендеше, айналаңызға бір сәт су­рет­шінің көзімен қараңызшы, Жа­рық-қыз!?

Сондықтан ғой... «сенің жан дү­ниеңді түсінген кезде көзіңнің суретін саламын» дейтіні. Қалай түсіндірсем екен... Жан күйіңнің түсімен, жа­нарыңды бояймын. Түсінесің бе, менің тағ­дырыма байланған көген көздерің тұң­ғиыққа тартады да тұрады. Түбі мен сол иірімге құлап өлетін секіл­дімін». Оның әр суретіндегі адамның ішкі хәлі қарашығынан қарап тұр­ғандай болады. Жүрек көзімен үңіл­сеңіз, сіз де осы сөздерді оқисыз. Ғажап емес пе?!

Тіршілік тәннен басталады. Адам­ның ең осал тұсы – әдемілік әсе­рі. Сұлулар сол үшін азап ше­геді. Жан сұлулығын қанша биік қой­ғанымызбен, тән сұлулығының алдында бәріміз әлсізбіз. Балмұздаққа та­лас­қан бала секілді. Санамызды өз­геше инстинкт билейді. Ақылы аз бол­са да кез келген сұлудың алдында тізер­леуге бармыз. Торға қамалған тоты­құстай. Сұлулықты жеңу – ақын­ның жазылмаған өлеңі немесе сурет­шінің қиялындағы картина.

Оның өмірбаяны – Ван Гогтың портретіне ұқсайды.

Модильяни кубизм бағытын алғаш бейнелеу өнеріне әкелген замандасы, даңқты суретші Пабло Пикассоны мо­йындамады. Бұл қайшылық оны тіпті асқақ көрсете түсті.

Париждің айлы көшесінде алақа­нына ауаны қондырған жалаңаяқ сурет­шіні көрсеңіз, ол Модидің про­тотипі ғана. Ал оның айдан түс­кен көлеңкесін қуалай жүгірген сұ­лу бойжеткен әйгілі ақын Анна Ах­­матованың жасампаз жырлары. Поэ­зия патшайымының Мәскеудегі ескерт­кіші суретшінің ерекше эскизін еске түсіреді. Сол нәзік нобай  бір-бірі­мен рухани тамырласқан қос өнер ие­сінің мөп-мөлдір сағынышының куә­сіндей ып-ыстық.

1906 жыл. Француз жазушысы Карко Франсистің жұқалтаң кітабын қолына ұстаған 22 жасар арманы асқақ жігіт Парижге келеді. Амбициясы зор аристократша киінген. Алып шаһарды өзіне табындырмақ ниетпен. Әйтсе де анасының тәрбиесінде өскен интеллектуал, ұлты еврей, италиялық жас суретші алып қалаға бірден сіңісіп кете алмады. Шырайлы шәрі жаңа тағ­дырды жатырқады. Бұл жатырқау оны оқшау, өзгеден дара тұруға тәр­биеледі. «Гномдардың астанасында алып адам ұмытып кеткен үлкен шам сияқты» көрінді.

Суретшіні қоғам түсінбеді. Ал адам түсінбеген дү­ние­сінің бәрінен қорқады. Бұл үрей ақыры Модильяниді көпшіліктен алыс­татты. Жо-жоқ, Модильяни то­быр­дан жырақ күн кешті дегеніміз дұрыс болар.

Париждіктер оны «Моди» деп ата­ды. «Maudit» француз тілінде «қарғыс атқан» деген мағына береді. Шынымен де оның тағдырын қарғыс ат­қан еді. Айықпас дерт, ащы су ажал­ға же­теледі. Скульптурамен шұ­ғылданды. Жұпыны өмірден жалыққан сәтте Ита­лияға қайтқысы келетін, бірақ Па­риж­дің түстеріне қатты ғашық бол­ды. Дихотамия. Пейзаж жазуды ұнат­­па­ды. «Мені адам қызықтырады. Оның бет-бейнесі – табиғаттың ең ұлы туындысы. Мен оны қажымай-талмай қол­данамын», дейді өзі. Әйелдердің ашық образы –мұрасының інжу-маржаны.

Сенесіз бе, оның кейіпкерлерінің қатарында көше жезөкшесі де бар. «Адамдар қарапайым ақиқатты еле­мегендiктен көп азап тартады», – дейді Фридрих Ницше. Өзі сүйіп оқитын неміс философының осы бір нақылы оның шығармашылығының қайнары іспетті. Заратуштраға сүйішпеншілік, ғұрыптық сипат, Лангранж теоремасы, элипс, гормониялық ғажайып, оның тәкаппар туындыларының басты ерек­шелігі еді.

Жалпы, ұлы өнер иелерінің ортақ жасы – 36 мизам. Одан ұзақ ғұмыр кеш­кендерінің қатырып картина сыз­­ғаны шамалы. Қырыққа дейін ең ға­жайып туындыларын көкейінде пісі­ріп, жарыққа шығарғандарының ғана даңқы үстем шыққан. Бұл санның өзі­нің магиялық құпиясы бар секілді. Кім біледі!? Бірақ мұрат – ғұмырдың ұзын-қысқалығымен өлшенбейді. Уақыт – қашанда шартты ұғым. Бір күнің бір жылға татуы мүмкін, бір жылың бір тәуліктің еншісінде кетуі де ғажап емес. Ең бастысы – Тәңір­ден еншілеген аманатыңды түгел атқаруың.

Осы тілек үлестірерде ұлылардың ғұмыр өлшеміне салып безбендеп, жан иесіне тарту ету бұрыннан бар әдет. Әдет дейміз-ау, кейде жарқ еткен дарынға жұлдыздай ағып кеткен алып­тардың бағын берсін деп айтқың-ақ келеді. Иә, бір түйір бақ – бәріне таразы. Көңіл пердеңнің көзін ашады. Жеңісің де соған тәуелді іспетті. Дәл Амадео Модильянидің Жаннаны жолықтырғанындай. Өнердің жаңа бір сатысына көтерілгендей күйге бөленді. Құдды шабыттың шалқар шыңына шыққандай. Ал Жанна ше, бір суретшінің бағы болып баз кешті. Диспропорция. Бар пейілі өнеріне ауған. Әйтсе де ессіз сүйіспеншілік есіркемеді.

Сұлуларға сұқтанудың артық сал­мағы жоқ қой... О да тұрған не бар?!

Сосын кешігіп келген бақыт көңіл­ден ұзамайды. Жалпы бақыттың кідір­гені – жақсы ырым. Қадірін білесің. Жан­на Эбютерннің портретінде жаңа ритм, гормониялық ғажайып, бояу мате­матикасы сақталған. Оған деген ішкі сезімі, риясыз құрметі түстерге өң беріп тұрғандай. Автордың ең ұлы туындысы. Сүйгеніне арнап 30-ға жуық шығарма жазған. Десе де бұл маңда үлкен трагедия бұғынып жатыр. Сіз бен бізді таң қалдыратын бір нәрсе бар. Ол – Модильянидің о дүниеге өзімен бірге музасын алып кеткендігі. Саналы түрде.

Тәңір кесіп-пішкен құс тұмсы­ғындай ғұмырдың 2 жылы қалғанда ке­зіккен асыл бейне мәңгіліктің шамын жағып кетті. Аңызға пара-пар аңсар мен албырт сезімнің шарпысуы.

«Асықтық азапқа бастайды...» дейді данышпан Гете. Жанна сол асық­тықтан мың есе азап шекті. Кола­росси академиясының тегін сту­диясында кезекті бір моделін ны­санаға алған сырбаз суретші бітімі ерек студент қызды байқап қалады. Мольбертке жайғасып, мұқият сурет салған еңбекқор бойжеткен Амадеоны бірден елітіп әкетті. 33 жасар суретші кеш бойы 19 жастағы балаң арудан көзін алмайды. Бұл көркем көзқарас музасының да махаббатын оятқан еді. Өнер ордасына ұлы суретші болуды армандап түскен нәзік білімгер ұлы махаббатын кездестірді.

Сол дәуірде шайырлар мен суретші­лердің мұң шағар мекені Мон­пар­настағы «Ротунда» кафе­сі ғана болатын. Кез келген күні сіз онда Модильяниді ғана емес, Пи­кассо, Дерейн, Морис Вламинк сынды дүлдүлдерді де жолықтырасыз. Фран­цуз богемалары арасында орыстың авангард суретшілері, ақындар мен революционерлер де отырады. Түн ауа шарапқа сылқия тойған кедей суретші жиырмаға толмаған жас келіншектің иығына асылып кетіп бара жататын. Осылайша Жанна мақсатын мансұқ етіп, некесі қиылмаса да, отбасының қар­сылығына қарамай суретшінің тар бөлмесін паналады.

Екеуі соңынан ерген қауесеттерден қашып, Ниццаға қоныс аударды. Суретшінің денсаулығы жылдан-жылға нашарлай түскен. Таршылық табанға батты. Қараңғы күндердің қа­малын қиратып өмірге қыздары келді. Оның атын анасымен аттас қылып «Жанна» деп қойды. Бірақ сонда да Модильянидің суреттері әлі де көлеңкеден шыққан жоқ. Некесіз туған сәби қайын атасының тегіне жазылды. Ашыққан Жанна баланы өзі емізе алмады. Жоқшылық аяққа тұсау болды. Әкесі қызына немересін ертіп, үйіне қайтуын сұрағанда, Мо­дильянидің қасында көңілі тоқ еке­нін жеткізді. Сұрықсыз күндерден қажыған қос ғашыққа сұрқай Парижге қайтуға тура келді. Көп ұзамай Париж богемасының соңғы әрі шынайы өкілі Модильяни өмірден озды.

Ол барда көкірегіне бүкіл ға­лам сыйып тұр еді-ау. Көкірегін тілім­деген қайғысын иліктіре алмады. Іші қалай өртенді. Ендігі тірші­лікте мән қалмағандай. Өртенген жүрек­тің емі – соңынан ілесу. Сүйгені қала­ғандай. Жүрегінде жанған өртті солай ғана өшіре алады. Өз өмірін Мо­дильянисіз көре алмаған бейкүнә Жанна ана дүниеге ата-анасының үйі­нің терезесінен секіріп кете барды. Бақытсыз қыз 9 айлық жүкті болған. Алыптың киесі аянышты білмейді екен. Қыршынынан қиылды.

Модильяни өнерінің соңғы бе­кетінде айнымас адал, тозбас берік махаббаты кеудесіне қондырды. Дүние кеңігенімен ғұмыр шектелгенде бәрі жалған. Сырқаты меңдесе де жалыны жүректе, сенімі кенересінде, тіпті ақыл ойы әлем аясында екенін кәміл түйсінді. Ғұмырында жалғыз-ақ сәуле қалғанын сезді. Ол сәуле – Жанна болатын. Бейшара қыз, бақытсыз қалыңдық және шын өнердің құрбаны.

Тірінің сыбағасы – тағдырмен арпалыс. Әйелдің сұлулығы – жанға дәру, жүрекке жара. Нәтиже – ғашықтық мехнаты ғана. Жанна болса, сол мехнаттан мезгілінде құтылды. Жас кезінде махаббат азабының өзі ғажап күш сыйлайды екен-ау. Жалғыздықты кінәламаған беті өзін жардан лақтырды. Бір ізге түсті, бірге жерленді.

Бәріміз – өмір өзеніне бір батып, бір шығып жанталасқан қағаз кемедейміз...

Өмір сүру үшін ғашық болу керек, Жарық-қыз!?