ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап ашық есік күнін өткізді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің академиясы Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап ашық есік күнін өткізді.
Академияның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасы әйелдер кеңесімен бірлесе отырып, Мәдениет үйінде еліміздің Президенті туралы «Мир Назарбаева» деректі фильмінің көрсетілімін, сондай-ақ концерт және байқаулар ұйымдастырды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері алдында академияның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Серік Бейсекеев құттықтау сөз сөйледі. ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының құрылуы мен қалыптасуы туралы, білім ордасының қабырғасынан түлеп ұшқан түлектердің кең-байтақ Отанымыздың алғы шептерін қорғап жүргендігін тілге тиек етті.
Әсерлі фильмнен кейін курсанттардың ұйымдастыруымен концерт қойылды. Концерт барысында тек патриоттық тақырыптағы әндер айтылып, би биленіп қана қоймай, әртүрлі думан-қойылымдар көрсетіліп, оған балалардың өздері де бар күштерімен, албырт көңілдерімен белсенділікпен қатысып, сахнада өнер көрсетіп, курсанттарды барынша қолдап отырды.
Күрделі математикалық фигураларды жинап, шым-шытырық логикалық есептерді шешудің кезегі келгенде сахнаға ересек тәрбиеленушілер шығып, білім, біліктерін көрсетті. Концерттің соңында курсанттар балаларға өздері дайындаған жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады. Олардың қуанышында шек болмады.
Осылайша өте шыққан ашық есік күнінің соңында балалар үйінің директоры Ғайна Ысмағұлова сөз алып, тәрбиеленушілердің осылайша өздерін Отанымыздың бір бөлшегі ретінде сезіне білуі, ең бастысы оларды жақсы көретіндердің бар екендігін білуі бақыт екендігін баса айтты. Академияның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының бастығы, полковник Серік Бейсекеев өз кезегінде мұндай кездесулердің алдағы кезде де дәстүрге айналатындығын, шекарашылар дайындайтын оқу орнының есігі қашанда балалар үшін ашық екендігін атап өтті.
Іс-шара соңы ізгі тілектерге ұласты.
«Егемен-ақпарат».