Біріншісі оң жағалауда орналасқандықтан, қала тұрғындарының қалауы бойынша жаңа Оқушылар сарайы сол жағалауда орналасады. Нысанды Тұран даңғылы, Е-108, Е-106, Е-109 көшелерінің алаңына «City Transportation Systems» ЖШС ғимаратының жанына орналастыру нұсқасы қарастырылуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жобаның жұмыс эскиздері ұсынылған.
Жер көлемі 3 гектарға жуық болмақ. Ғимарат ауданы - 10000 м 2. Күніне 2000-нан астам баланы қабылдау жоспарланған.
Бірінші қабатта спорттық жаттығу залдары, мәжіліс залы, әкімшілік үй-жайлар, буфет орналастырылады.
Екінші қабатта көрме залдары, сурет, фото және видео шеберханалары, театр өнеріне арналған залдар, жазба студиялары және демалуға арналған террасалар бар.
Үшінші қабатта шағын обсерватория, ғылыми мұражай, робототехника бөлмелері, экспериментальды бөлмелер, шеберханалар, кітапхана болады.
Жаңа Оқушылар сарайында химия, биология, физика бойынша толыққанды эксперименттер жүргізуге, киберспортты дамытуға, коворкинг кеңістігі мен көпшілікке арналған кітапхана пунктінде жасөспірімдер клубын ұйымдастыруға, концерттер мен спорт жарыстарын өткізуге болады.