Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Бақтыбай Шелпеков Қазақстан Республикасы – Еуропа Одағы Парламенттік ынтымақтастық комитетінің Брюссель қаласында өткен 12-ші отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
ЕУРОПА – ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕГІЗГІ СЕРІКТЕСІ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Бақтыбай Шелпеков Қазақстан Республикасы – Еуропа Одағы Парламенттік ынтымақтастық комитетінің Брюссель қаласында өткен 12-ші отырысына қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Отырыс аясында қатысушылар Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылғаннан кейінгі әріптестік, ынтымақтастық және қауіпсіздік туралы екіжақты келісім, сауда-экономикалық қатынастар, экология, білім беру және ғылыми-техникалық өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Депутат Б.Әйтімова Қазақстандағы білім берудің даму барысы, Еуропа Одағы елдерімен ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық туралы жан-жақты баяндама жасады.
Одан басқа, сенатор отырыста Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы Стратегиясы және аймақтық ынтымақтастығы туралы сөз сөйлеп, Ауғанстаннан НАТО әскерінің шығарылуына орай тұрақтылық пен қауіпсіздіктің, терроризммен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі тасымалымен және адам саудасымен күрестің келешегі жайында әңгіме қозғады.
Шара барысында сенатор Б.Шелпеков Қазақстан мен Еуропа Одағының сауда-экономикалық қатынастары, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ, көлік мәселелері туралы сөз қозғады.
Ол сауда-саттық және инвестиция салу жөнінен Ресей мен Қытайдан алға шыққан Еуропа Одағы Қазақстанның негізгі әріптесі болып табылатынын атап өтті. Республиканың ЕО елдерімен сыртқы сауда айналымы 2012 жылы 53 миллиард долларға жуықтаған.
Сонымен қатар, сенатор отырыста қазақстандық әуе компанияларының Еуропа Одағына ұшуына шектеулер мен тыйымды алып тастау туралы мәселе көтерді.
СТИПЕНДИАТТАРМЕН ӘҢГІМЕ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Владимир Редкокашин Конрад Аденауэр қорының стипендиаттарымен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сенатор студенттерге Қазақстанның жоғары заң шығару органы және оның жоғарғы палатасы – Сенаттың қызметі туралы әңгімеледі. Депутат Сенат Аппаратының құрылымы мен жұмыс үдерістеріне жан-жақты тоқталды.
В.Редкокашин Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметі, комитет аясында өтетін шаралар және палата қабылдаған заңдар туралы түсіндірді.
Конрад Аденауэр атындағы қор Германия Федеративтік Республикасының саяси қоры болып табылады. Қор өз бағдарламасы және жобаларымен халықаралық ынтымақтастыққа үлес қосып келеді.
ЖАСТАРДЫ ЖАТ ПИҒЫЛДАҒЫ АҒЫМДАРДАН САҚТАЙЫҚ
Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев Ақмола облысының Атбасар қаласында жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
– Еліміз тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап діни сенім бостандығы орнықты. Ол еліміздің Конституциясымен және басқа да қабылданған заңдармен қамтамасыз етілді. Біз ендігі арада жастарымызды имандылыққа тәрбиелеумен бірге, оларды түрлі діндердің жат пиғылдағы ағымдарынан сақтауымыз керек, – деді сенатор.
Ол, сондай-ақ, елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтау біздің басты байлығымыз екенін айтқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін еске салды.
ӨЗАРА ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ
Жақында Хорватияның астанасында «Ақ жол» ҚДП көшбасшысы Азат Перуашев бастаған қазақстандық мәжілісмендердің қатысуымен бірқатар шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлады Қазақстанның Хорватиядағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Депутаттар хорват Саборына барып, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Хорватия делегациясының басшысы, Ақпарат және баспасөз комитетінің төрағасы Бранко Вукшичпен, сондай-ақ, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық тобының басшысы Иван Рачанмен кездесті.
Кездесу барысында А.Перуашев мемлекеттік реформаларды парламенттік қолдаудың қазақстандық тәжірибесі және Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың сындарлы өзара әрекеттесуінің маңыздылығы туралы айтып берді. Қазақстанда ауқымды өзгерістердің табысты болуында және заманауи нарықтық экономиканың құрылуында мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз еткен 1991 жылғы 1 желтоқсанда президенттік билік институтының енгізілуі басты рөл атқарғаны атап көрсетілді.
Қазақстандағы саяси құрылысты жаңғыртуда және қоғамдық келісімді қолдауда парламенттік көппартиялық, саяси партиялар институтының дамуы мен нығаюы белсенді ықпал етіп отырғаны көлденең тартылды. Кездесу нәтижесінде хорват партияларымен достастық байланыстарды кеңейту және Еуропа парламенттік ұйымдарының шеңберіндегі парламентаралық ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Мәжілісмендер хорват депутаттарының, сарапшылары мен профессорлық-оқытушылар құрамының қатысуымен, Қазақстанның Хорватиядағы елшілігі мен Загреб Жоғары экономика мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан-Хорватия: экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары мен мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Хорватияның Еуроодаққа кіруі, оның көліктік-транзиттік инфрақұрылымы және тиімді географиялық орналасуы іскерлік ынтымақтастықты дамыту үшін едәуір мүмкіндіктер туғызатынын айтты. Мәжілісмендер Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Қазақстан мен Хорватия арасындағы сыртқы сауда айналымының өсуі үшін кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
БҰЛ – АДАМ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ҚАТЕР
«Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасын түсіндіру үшін Атырау облысының Мақат ауданына барған сапарымыздың барысында партия мүшелері мен тұрғындардың қойған өткір сұрақтарының бірі Мақат – Доссор автожолының жай-күйіне байланысты болды.
Республикалық маңызы бар Ақтөбе – Атырау – Астрахань автожолының Мақат пен Доссор кенттері арасындағы 17 шақырым жері ұзақ жылдардан бері апатты жағдайда қалып отыр. Бұл ретте Мақаттың өнеркәсіп ауданы екендігін атап көрсету қажет. Қазақстанда алғаш өндірілген мұнайдың отаны да осы жер. Соңғы жылдары Қарабатанда зауыт құрылысының салынуы экономикаға жаңа серпін берді. Осы мәселені шешудің экономикалық қана емес, әлеуметтік те мәні бар. Бұл – ауданды сыртқы әлеммен байланыстыратын бірден-бір жол. Жолдың осы учаскесін жүріп өту автокөліктің сыну мүмкіндігімен қатар, адамдардың қауіпсіздігіне нақты қатер төндіреді, ал күз-қыс уақытында онымен жүру іс жүзінде мүмкін емес. Осының бәрі Мақат ауданының мемлекеттік бюджетке және еліміздің экономикалық жетістіктеріне қосып отырған үлесін ескергенде, халықтың негізгі түсінбеушілігін туындатады.
Облыс басшылығының, Парламент депутаттарының Үкіметке бірнеше рет жазған өтініштері оң нәтиже берген жоқ. Үкімет 2011 жылдың басында 2010-2014 жылдарға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі үйлестірілген салалық бағдарлама Атырау облысында жалпы құны 16,9 млрд. теңгенің бірқатар жобаларын жүзеге асыруды көздейді деп мәлімдеген болатын. Бірінші кезекте, бұл республикалық маңызы бар Атырау –Астрахань автожолын қайта жаңарту және Доссор – Мақат жол учаскесін күрделі жөндеуге қатысты. Алайда, осы уақытқа дейін бұл шешімдер, аудан халқының күнделікті өміріне ешқандай оң өзгерістер әкеле қойған жоқ, ниет туралы мәлімдеулер деңгейінде ғана қалып отыр. Толық күрделі жөндеу үшін 2,020 млрд. теңге қажет. Жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. Үкімет рұқсат берсе, облыстың атқарушы органдары онымен Қазақстан, Ресей және Еуропа елдері арасында аса зор көлік ағыны жүретін жолды жөндеуді бастауға дайын.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Үкімет республикалық маңызы бар Мақат және Доссор кенттері арасындағы жол учаскесін күрделі жөндеу үшін 2,020 млрд. теңге мөлшерінде қаржы қаражатын бөлу туралы мәселені қараса, аталған өңірлер үшін үлкен көмек болар еді.
Еркін ШПАНОВ,
Мәжіліс депутаты.