• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 25 Желтоқсан, 2020

Атақты режиссердің атымен аталады

360 рет
көрсетілді

Биылғы Тәуелсіздік мерекесі елордалық театрлар мен мәдени мекемелер үшін жағымды жаңалығымен есте қалды. Соның негізгісі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шешімімен елордалық «Nomad City Hall» МКҚК-ның Nomad театрына қазақ театр өнері режиссурасының реформаторы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі берілді.

Әзірбайжан Мәдиұлы – ұлттық театр өнері мен режиссурасына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлға. Көзі тірісінде-ақ айрық­ша шығармашылық көзқарас, жаңашыл ойлары­мен театр­ әле­мінде есімі аңызға айналған дарын иесінің, әсі­ресе астананың өнері мен мә­дениетін дамытудағы еңбегі ерен. Бас қаланың Қ.Қуа­ныш­­баев атындағы академия­лық қ­азақ музыкалық драма театрына 1999 жылы Елбасы Назарбаевтың арнайы шақы­ру­мен келіп, сол кездегі адымын апыл-тапыл басқан жас театрдың көркемдік тұрғыдан биік деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Талай буын әртістерді тәрбиелеп, өзінің шы­ғар­машылық һәм ұстаздық сара жолын қалыптастырды. Бүгінде аңыз режиссердің сол бір өлшеусіз еңбегі бас шаһар әкімдігі тарапынан бағаланып, қайраткер тұлғаның тағылымды жолы осылайша ұлықталды.   

Салтанатты жиынға қала әкімі Алтай Көлгінов, Әзір­байжан Мәмбетовтің жары, Қазақ­станның халық әртісі, белгілі опера әншісі Қорлан Қалиламбекова,  режиссердің туыстары мен елорданың өнер қайраткерлері, соны­мен қатар бас қаладағы театрлар­дың директорлары қатысты. Елорда басшысы мәлім еткендей, Nomad театры енді  «Әзірбайжан Мәмбетов атын­­дағы драма және комедия театры» ресми  атауына ие болды.

Ресми ашылудан кейін театр ұжы­мы көрермен назарына Абай Құ­нанбайұлының 175 жылдығына ар­налған «Жас Абай»  драмасының премьерасын ұсынды. Қойы­лым режиссері – Қазақ­станның еңбек сіңір­ген қай­раткері Нұрлан Жұма­ниязов.

Еске сала кетсек, Nomad театры – елордамызда бой көтерген мә­дениет ошақ­тарының бірі. Қазіргі таңда театр талантты әрі өнер­лі қыз-жігіттердің басын бірік­ті­ріп, бас шаһар тұрғындары мен қонақ­тарына мемлекеттік тілде әртүрлі жанр­дағы спектакльдер мен қойы­лымдарды ұсынып, еліміздің мәдени дамуына үлесін қосып келе жатқан таланттар ордасы.

Енді міне, 2020 жылдың 18 желтоқ­саны­нан бастап ресми түрде «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры» атауына ие болған өнер ордасының алға қойған мақсаты мен шығармашылық жоспары көп. Басқаны айтпағанда, театрға Әзірбайжан Мәм­бетов есімінің берілуі жас ұжым үшін үлкен жауап­кершілік жүктейтіні сөзсіз.