• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Желтоқсан, 2020

«Қазақтелеком» ауылдарға «оптика» тарту бойынша ауқымды құрылыс жобасын аяқтады

423 рет
көрсетілді

«Қазақтелеком» тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі телекоммуникациялық жобаны - ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілері құрылысын аяқтады. Бүгін Түркістан облысындағы соңғы 828-ші ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Жоба жүзеге асырылған 2 жыл ішінде бүкіл ел бойынша 14514 шақырымдық оптика тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бағытында жүзеге асқан ауқымды және аса күрделі жоба елдің бүкіл экономикасына оң әсерін тигізді. Желілерді салу кезінде желілік әдіс пайдаланылып, жұмыстар барлық аудандарда бір мезгілде қатар жүргізілді, бұл іске жергілікті қосалқы мердігерлер белсене араласты. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» мамандары әр өңірдің табиғи, географиялық ерекшеліктеріне байланысты, желі тартудың түрлі әдістерін қолдануға мәжбүр болды: оптикалық-талшықты желілер кейде тау-тасты, кейде ну орманды, егістік алқапты, ал кейде өзен-көлдерді қиып өтті. Мұндай жағдайда жобаны өзгертіп, табиғатқа зиян келтірмейтіндей амалдар қарастырылды.

«Біз ауылдарға ТОБЖ тарту бағдарламасы аясында шешіп отырған басты мәселе -  қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жою, елімізге телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну екенін атап өткен жөн», - дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Жалпы, ТОБЖ жобасы аясында 828 ауылдағы 2496 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым оптикаға қосылды. Жоспар бойынша соңғы құрылыс-монтаж жұмыстары бүгін Түркістан облысында межесіне жетті. Айта кетейік, мұнда екі жыл бұрын кең жолақты интернет тек саусақпен санарлық ауылдың ғана тұрғындарына қолжетімді еді. Қазір жүйрік интернеттің игілігін көрген елді мекендер саны жүздеп өсті.

«175 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін 1 567 км талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Сонымен қатар, облыста техниканың жұмыс істеуі қиын жерлер көп болды, олар «оптика» құрылысын айтарлықтай тежеді - бұл таулы жерлер, өзендер мен сайлар, газ құбырлары және басқа да коммуникациялар. Бірақ біз жобаны уақытында жүзеге асыру үшін барымызды салдық», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясы жергілікті желілердің техникалық торабының директоры Нұрлан Шотықов.

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 30 ауылда «оптика» пайда болды. Жергілікті тұрғындар заманауи цифрлық қызметтерді пайдаланудың артықшылықтарын сезініп үлгерді: Жаңабазар ауылында полиция бөлімшесі мен өрт сөндіру бөліміне кең жолақты Интернет берілді. Полиция капитаны, Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Қуаныш Қойлыбековтың айтуынша, байланыс сапасы әлдеқайда жақсарған.

«Біз 12 мыңнан астам тұрғыны бар сегіз ауылға қызмет етеміз. Бұрын баяу интернет біздің жұмысымызға көп кедергі келтірді. Енді біз деректерді жылдам қабылдап, жібере аламыз. Сонымен қатар, жоғары жылдамдықты интернет ауылдарда қосымша қызметтерді орнатуға мүмкіндік береді, мысалы, бейнебақылау. Тұрғындардың көбінесе малы ұрланады; қылмыстың ашылуына бейнекамералар көп көмектеседі. Бейнебақылау сонымен қатар мектептерде, дүкендер мен емханаларда бақылаудың тиімді құралына айналады»,- дейді Қ. Қойлыбеков.  

Ауылдық денсаулық сақтау мекемелері де кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер медициналық ақпараттық жүйеге қосылып, қағазбастылықтан құтылуға қарышты қадам басты. Қарабау ауылдық округі дәрігерлік амбулаториясының бөлім меңгерушісі Қайрат Құрбанқұлов «оптика» қосқаннан бері облыс орталығының дәрігерлерімен бірге бейнеконференцияларға қатысып жүр. Бұл бұрынғы байланыс сапасымен мүмкін емес еді.

Сонымен қатар, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосылу осы ауылдың барлық тұрғындарын сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етті. Себебі, ұялы байланыс операторлары ТОБЖ жобасының негізінде екінші маңызды «250+» бағдарламасын жүзеге асырды. Осы арқылы ауылдық жерлерде мобильді кең жолақты интернет 3G / 4G желілері дамыды. Бұл бағдарлама бүкіл ел бойынша «Қазақтелеком» құрған талшықты-оптикалық байланыс желісінің инфрақұрылымы негізінде жүзеге асырылуда.

««Қазақтелеком» компаниялар тобының ұялы байланыс операторлары - Kcell және Tele2 қазірдің өзінде 300-ге жуық базалық станция орнатып, жұмыстарын белсенді жалғастыруда. Жалпы, «250+» жобасының арқасында 600 мыңнан астам тұрғыны бар 1000-ға жуық ауыл жоғары жылдамдықты мобильді интернет пен байланысқа қол жеткізеді. Сонымен қатар, бұл қазақстандық ауылдың экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді, өңірлерде мобильді қаржылық қызметтер мен электронды сауданы дамытудың қозғаушы күшіне айналады, сонымен қатар ауылшаруашылығында деректер тарату желісі технологияларын қолдануға жол ашады», - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.