Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов «ПУИД-2» жобасы бойынша ауданда құрылысы жүріп жатқан каналдар мен арық-атыздардың жұмысын бақылап қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мақтаарал ауданында «ПУИД-2» жобасы жалпы 39796 гектар аумақты қамтып, 3 бағыт бойынша іске асырылуда. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады.
Жобаның І бағыты бойынша әзербайжандық «Акилик Груп» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 68,88 шақырымды құрайтын 44 каналдың, 2 тік дренажды ұңғыманың, 37,293 шақырымды құрайтын 16 қашыртқының құрылыс жұмыстары аяқталған.
І бағыт бойынша жоба толық жүзеге асқанда Еңбекші ауылдық округінің 5350 гектары, Жаңажол ауылдық округінің 2650 гектары және Мырзакент кентінің 8000 гектар аумағы жер асты суларынан тазаратын болады.
Иіржар ауылдық округінің 7581 гектары, Бірлік ауылдық округінің 4575 гектары және Жамбыл ауылдық округінің 4291 гектар алқабын жер асты суларынан тазарту ІІ бағыт бойынша іске асырылуда. Ол үшін ирандық «Туннель Саад Ариана» компаниясы құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 57,806 шақырымды құрайтын 35 каналдың құрылыс жұмыстары аяқталды. 93 дана бақылау ұңғымасында құрылыс және 61 дана тік дренажды ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары соңына жетті.
Жалпы ІІ бағыт бойынша 16447 гектар аумақтағы ұзындығы 337,35 шақырымды құрайтын К-16Б, К-18, К-18А каналдары тармақтарымен бірге, 100 дана тік дренаж және 262 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделу жөндеуден өтіп жатыр.
ПУИД-2 жобасының ІІІ бағыты бойынша израйлдік «Тахал Консалтинг Инжиниринг» команиясы ұзындығы 307,928 шақырым каналды, 130,391 шақырым су қашыртқыларын күрделі жөндеуден өткізуде.
Бүгінде ІІІ кезең бойынша 26,912 шақырымды құрайтын 8 каналдың 8,979 шақырымында бетон құю жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 56,109 шақырымды құрайтын 8 дана қашыртқының 50,583 шақырымында тазалау жұмыстары атқарылған.
Айта кетейік, аудан басшысы құрылысы жүріп жатқан каналдар мен арық-атыздарды аралау барысында орын алып жатқан кейбір кемшіліктер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма берді.