Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген отыз жылға жуық уақыт ішінде бір ауыз қазақша үйренуге жарамаған кей отандастың жан-бейнесіне үңілгенде, сонау бір жылдары Жапонияда өткен Қазақстан мәдениеті мен өнері күндері жобасы жадымызда еріксіз қайта жаңғырады.
Токиодағы «Берсар» көрме залында Қазақстанның «Алтын адам» жәдігерінен бастап қолөнер, қылқалам туындылары, зергерлік бұйымдар қойылған көрме өтті. Көрменің ашылу салтанатына Сенат депутаты ретінде қатысқан Канаэ Ямамото есімді жапон қызы қазақ тілінде сөз сөйледі. Қазақ тілі мен әдебиетін қазақтың өзінен кем білмейтін Рюдзи Ямото есімді азамат алдымыздан шығып, қазақ тілін Алматыда оқып жүргенде 3-4 айдың ішінде өз бетімен оқып үйреніп алғанын айтты. Ал белгілі күйші Айгүл Үлкенбаеваның «Персимон-Холдағы» концертке бара жатқанда баяндаған мына бір әңгімесі тіпті алабөтен әсер қалдырды.
«Кезінде біздің консерваторияда Норико Тодо есімді бір жапон қызы оқыды. Қазақтың қара домбырасын қолына ұстап отырғанда жұрт оны қазақтың қызы екен деп ойлап қалатын. Әлгі бойжеткен менің сыныбымда білім алып, домбыра тартуды үйренді. Күй орындағанда қазақтар сияқты арқаланып кететін. Оқу бітірген соң көп кідірмей туған жеріне аттанып кетті. Сол Норико маған әлі күнге дейін хат жазып тұрады. Менің таңғалатыным, оның жазған хатынан бірде-бір әріп қатесін таппайсыз, сөйлемдері құйылып тұрады. Әлгі хат маған кейде ой салады. Әсілі, барлық нәрсе адамның өзінің қалауы мен ниетіне байланысты болса керек....» деп күйші қазақтың тілі мен өнеріне қырын қараушыларға Нориконың әдебін мысалға келтіре отырып ой саптаған еді.
Қазақ тілін аз уақытта оқып-үйренген шетелдік азаматтардың есімдерін ақпарат құралдарынан көптеп кездестіруге болады. Мысалы, Орталық Азия елдері мәдениеті мен тарихы қызықтырған Джонатан Ридель мен Холли Майер есімді америкалық жастар мақсаттарына жету үшін әуелі қазақ тілін оқып-үйренуге бел буған. Тіпті Джонатан ол үшін Түркістан облысы, Отырар ауданы Шәуілдір ауылында ерікті ретінде жұмыс істеп, балаларға ағылшын тілінен сабақ беріпті. Ол тіл үйрену үшін адамға алдымен сөздік қорды молайту қажет деп есептейді. Қазақ тілін алты айда үйренген ауғанстандық студент Рахим Хугияниге қоса оңтүстіккореялық Рю Хи Джонг, Ли Хэ Ен, Джонг Вон Хо есімді жастар да қысқа мерзімде қазақша нан сұрап жейтіндей тілдік деңгейді меңгерген.
– Менің қазақша есімім – Зере, – деп өзін таныстырған Ли Хэ Ен келешек тағдырын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді. – Ол үшін қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуге тиіспін. Қазақтар көп шоғырланған Шымкент, Ақтау қалаларын аралап шығудағы мақсатым осы.
Украиналық Валерия Самойлова есімді дипломат: «Мен жұмыс істейтін елдің адамдарымен орыс тілінде ғана емес, мемлекеттік тілде де сөйлескім келеді, дейді. Қалтамда қазақ тілінің үш айлық курсынан өткенімді растайтын сертификатым бар. Қазір де күнделікті өмірде қазақ тілін қолданып жүрмін. Мұндағы халық жергілікті ұлттың тіліне құрметпен қарайды және білетіндерді бағалайды. Қай елде жұмыс істесең, сол жердің тілін білуге тиіссің».
Волгоградтық Светлана Каримова есімді бойжеткен менеджердің көмекшісі, call-орталықтың операторы болып жұмыс істейтінін жеткізіпті.
– Мен Ресейде тусам да онлайн форматында қазақ тілін оқуға қатыстым. Бұл менің айналамдағы адамдармен қарым-қатынас жасауым үшін керек. Басында тек қызық үшін оқып көргім келген, бірақ бірте-бірте сөздердің дұрыс жазылуына мән бере бастадым, сөйтіп кітап сатып алып оқитын дәрежеге жеттім, қазақша ән тыңдаймын, фильмдерді түсініп көремін, – дейді ол тілшілерге берген сұхбатында. Қазақстанға келіп, қазақ тілін үйренгісі келетін мұндай жандардың қарасы соңғы кезде арта түспесе, азайған жоқ. Мұның растығына әлеуметтік желідегі материалдардан айқын көз жеткізуге болады. Әсіресе қазақ тілі мен өнеріне деген мұндай сүйіспеншілік Димаш Құдайбергеннің дауысына табынушы шетелдік жастардың тарапынан жиі байқалып қалады. Шетелде тұратын бір қандасымыздың жазбасынан Димаштың француз фанаттары қазақ тілін үйренуге ынтызар болып отырғанын оқысақ, Португалияның Лара Алейшо есімді жас әншісі «Ұмытылмас күн» әнін қазақша шырқап, көпшілікті тәнті етті. Қазақ әндерін шашаусыз орындап желі арқылы насихаттап жатқан олардың бұл әрекеті қазақ халқына, тіліміз бен өнерімізге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қабылданады. Ел Тәуелсіздігі күні құрметіне Түркиядағы түрік бауырлардың дәстүрлі музыкалық аспаптар сүйемелдеуімен орындаған «Елім менің» әнінің ерекше сазы естіген жанның көңілін көркем күйге көмкерді. Мұның бәрін қаздай тізіп, неге мысалға алып айтып отырмыз? Президент Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек...» делінген болатын. Шетел азаматтарының қазақ тілін үйренуге деген ықылас-ниеті сол идеяның жүзеге аса бастауының көрінісі іспетті түйіледі. Тілектестік тілден білінеді деген осы.