Құдай қалап, тәуелсіздіктің үшінші онжылдығын қорытындылайтын жылдың алғашқы таңы да атты. Осыған дейін Қазақ елі талай белесті бағындырды, бұрын-соңды болмаған жетістіктер жылнамасы сәтімен жазылып жатыр.
Жыл басталысымен Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауы болады. Бұрын газетте жазғанымыздай, «бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек» болғалы тұр. Оның себебі, Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар партиялық тізім бойынша сайланады. Саяси бәсекеде бақ сынайтын партиялардың барлығының да үміті зор. Десек те, қайсысы көш бастайтынын, қайсысы бел ортадан көрінетінін не жеңілістің ащы дәмін тататынын уақыт көрсетеді. Дегенмен, бұл сайлау қоғамды бір серпілтіп алатыны анық. Тәуелсіздіктің отызыншы жылының осылайша айтулы саяси оқиғадан басталуын жақсылыққа жориық...
Айтты, айтпады шүкіршілік етер игі ісіміз жетерлік. Әрине, кемшілік те, сабақ алатын жайттар да баршылық. Дегенмен «бағалай білмегенге бақ тұрмайтынын» (Ә.Кекілбайұлы) бағамдасақ, осы күніміздің қадірін біліп жүргенге не жетсін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Егемендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт». Ендеше осы бақытымызды бағалай білгеніміз абзал.
Сан қилы саясаттың жықпыл-жықпылына үңілер болсақ, тәуелсіздік алғаннан кейін ең алдымен тоғызыншы территорияның төрт құбыласын түгендеп алғанымыз үлкен олжа. Өйткені, шекарасында басқаның дауы бар елдің халқы тыныш ұйықтай алмайды. Кей мемлекеттің аумақтарға деген «аппетиті» күшейе түскен сәтте шекараны шегендеуге қатысты құжаттардың құқықтық тұрғыдан қатталғаны, мөр басылғандығы көңілге зор медет. Бұл жүзеге асқан игі іс халқымыздың болашаққа деген сенімін нығайтатын өлшеусіз нығмет.
Тағы бір талассыз мәселе – Ақ орданың Арқа төсіне орнығуы. Уақыт шіркін барлығын ақырындап өз орнына қойып, болып жатқан оқиғалар арқылы күмәнді дүниенің тінін біртіндеп тарқатып береді екен-дағы. Елордамыздың Қазақ даласының ортасында сәтімен, сән-салтанатымен бой түзеуі бұрынғы кеңестік кеңістіктегі орын алған келеңсіз оқиғалардың елімізде қайталануының алдын алуымызға себепкер болды. Аз ғана уақыттың ішінде елорданың саяси-экономикалық және мәдени-рухани орталыққа айналып шыға келгені елдігімізді асқақтатты, қазақ баласының талайдан бері ұйқылы-ояу жатқан амбициясын айқын көрсетті. Бәрінен де халқы сирек Арқаға жан-жақтан иісі қазақ ағылып келіп, Сарыарқаның шалқар даласына қан жүгірді. Осылайша, «бос жатқан жер жау шақырады» деген нақылды жиі айтатын байтағы үшін алаң көңілді ұлтымыздың тағы бір ұпайы түгенделіп, кең тыныстадық. Ел мен жердің иесі кім екенін жаһанға ұқтыру осындай іргелі істерді жүзеге асыру арқылы мүмкін болады емес пе. Шын мәнінде елордамыздың қазығының жеріміздің дәл орталығына сіңіріле қағылуына қоғам тарапынан «бәрекелдіден» басқа артық сөз айтылған жоқ. Демек, шешім сөзсіз дұрыс болғаны.
Әрине, мемлекетіміздің беделін көтеру, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету бірлік пен ынтымаққа тәуелді. Онсыз алға жылжу, өзгемен терезе теңестіру мүмкін де емес. Өзіңнің ішің бықсып жатса, сені кім жақтырсын, есігінен кім сығалатсын, кім тең көрсін? Ел болып ұйыса білудің басты байлық екенін татулық пен келісімнің соншалықты маңыздылығын ұзақ сөзбен түсіндіріп жатпай «Бірлік түбі – береке» немесе «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп қысқа қайырып мәселенің мәнісін ұғындыра білген атам қазақтан артық білетін жұрт жоқ шығар. Сондықтан да елді ынтымаққа жүгіндіріп, бірлікке ұйытудың кез келген амалына құрметпен қарау қанымызда бар қасиет. Сондай амалдардың бірі, тіпті бірегейі, ілгері ниет, ілкімді ойдан туындаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болды. Тәуелсіздік туы астындағы тіршілігіміздің шырқы бұзылмауына өзінің әжептәуір септігін тигізген бұл құрылымның қызметін өрістету арқылы Қазақстан жаһан жұртына риясыз пейілін көрсете білді, кімге болса да достық құшағы ашық екенін ұқтырды, этностардың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін құндылық ретінде қарастыратынын, оларды мемлекеттің рухани байлығы санайтынын аңғартты. Қазақстан осылайша өзінің кең пейілдігін көрсете отырып, өзге этностарды бұра тартушы емес, қазақ ұлтының айналасына бірігуге ұмтылушы, тілектес жамағатқа айналдыруға тырысып келеді. Осы бағыттағы ізденістердің нәтижесінде еліміздегі этностардың қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ үлкен тобы қалыптасты. Ақорда саясатының кемел екендігін көрсететін бұл үрдістер түптеп келгенде Қазақстанның әлем алдындағы абыройын көтере түсетіні әрі талайлардың қазақ баласына деген құрметін оятатыны сөзсіз.
Жақында ресейлік сайттардың бірінен израйльдік «Натив» арнаулы қызметтің бұрынғы басшысы Яков Кедмидің пікірін оқыған едім. Құлақ қоюға тұрарлық. «Қазіргі кезде Израильда 9 миллион халық тұрады, еврейлер ең көп тұратын ел. 1948 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған кезде елімізде бар болғаны 500 мыңнан сәл ғана асатын адам тұрды. Кейіннен жан-жақтан еврейлер ағылып келе бастады, басқа елдерден әлі де келіп жатыр», дейді ол. Яков Кедмидің осы сөзін оқығанда ойыма шеттегі қандастарымыздың атажұртына бет түзеген көші көз алдымнан кетпей қойды...
Тәуелсіздік жылдарында сырт елдерден миллионнан астам қандасымыз атамекенге оралды. Бұған, әрине қуанасың, марқаясың. Алайда әлі де миллиондаған қазақтың өзге елдерде тіршілік етіп жатқанын ойлағанда көңілің жабырқап қалады. Олардың елге жетіп алуларына не кедергі болып тұрғанын санаңда саралайсың. Кедергі көп, себеп көп. Бүгінде көшті қайта жандандыруға мүмкіндігі мол Қазақстанның бұл бағыттағы сылбыр қимылы қарын аштырмай қоймайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елге жанталаса бет түзегендер үшін сағыныш пен ізгі ниет атажұртқа жетуге басты алғышарт болған еді. Кейіннен бұл алғышартты пенделік есеп-қисап тұншықтырып тастады. Амал не? Бұл жерде мемлекетке де, шеттегі қазаққа да аздап кінә артуға болатындай. Не десек те миллион қазақтың атажұртқа оралғанына тоқмейілсуге болмайды. Тоғызыншы территорияны қазаққа толтыру, елдегі демографиялық мәселені оңтайлы шешу, сол арқылы ұлттың қауіпсіздігін, болашағын қамдау алдымен мемлекеттің міндеті, ал одан кейін шеттегі қазақтың жауапкершілікпен қарауы тиіс ісі.
Сырттағы қазақтың ұлттық құндылыққа адал алдыңғы буыны табиғаттың заңдылығымен азайып келеді. Олардың ұрпағы, жас буын тілінен, ділінен, дінінен айырылу қаупінің алдында тұр. Бұл бүгінгі Қазақстанды шындап ойландыруы тиіс. Мемлекет батыл қадам жасамаса, оларды елге көшіріп алу арқылы «құтқарып» қалмаса, таяу жылдарда қаны қазақ болғанымен тілі, ділі, діні бөлек қандастарымыз көбейе түседі. Олардың өзгенің шылауында кетуі, өзгеге жұтылып жоқ болуы оңай. Өзгенің саған қарай сілтейтін шоқпарына айналуы мүмкін. ХХ ғасырдың алғашқы жарты жылдығындағы зұлматтарда құрбан болған қазақты жоқтап жүргенде, бар қазақтан тірілей айрылып қалмайық.
Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің арқасында ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін иеленді. Оған бөркімізді аспанға ата қуандық. Бұл қуанышымыз орынды да еді. Өзге этнос өкілі қазақша сөйлесе оны жарқын жаңалық көріп, бүкіл әлем Абайдың тілімен сөйлеп тұрғандай сезіліп, ана тіліміздің басына бақ қонғандай болып алданумен әлі келеміз. Нақты істер ғана қазақ тілінің өрісін кеңейтетінін түсіне алар емеспіз.
Ана тіліміздің жай-күйінің мәз болмай тұрғанына шын мәнінде өзіміздің жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Өйткені ұрпақ тәрбиелеуде, оның бойына өз ділін, тілін, дінін сіңіруде басты мектеп отбасы екенін мойындасақ, негізгі жауапкершілік өзімізде екенін ұғынар едік. Бұл ұғыну бізді тіл мәселесінде кінәні өзге жақтан емес, өзімізден іздеуге жол ашар еді. Сонда өз қатемізді жоюға тырысар едік.
Сыртқы ықпалға төтеп беру, өзіміздің желөкпелерді желіктірмеу, тіліміздің тұғырын нықтау «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуына байланысты. Ұлығы жеке мүддесін емес, ұлтының қамын ойласа, қазынаның, яғни халықтың өз қаржысы өзінің қажетіне жаратылатын болса, тәуелсіздіктің жемісі сол ғой.
Президент Қ.Тоқаев Тәуелсіздік мерекесіне орай сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ», деді. Олай болса, біздің осы құндылығымызды қастерлеп, қадіріне жетіп, аялай білуден өзге мұрат болмауға тиіс.