Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында «Қоғамдық кеңестердің» жұмысы туралы жазды, деп хабарлайды Egemen.kz
Министр «Қоғамдық кеңестер туралы» заң Қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтіп, олардың квазимемлекеттік сектордың, сондай-ақ сатып алу комиссияларының жұмысына тартылуын қарастыратынын айтты.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға елде 2015 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келе жатқан аталған қоғамдық институттардың қызметін жаңа деңгейге шығаратын бірқатар түзетуге қол қойды.
Жан жақты талқылау барысында сарапшылар, қоғам қайраткерлері және халықаралық ұйымдардың барлық ұсыныстары мен ескертулері ескерілді.
Осылайша, заң Қоғамдық кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін айтарлықтай кеңейтіп, олардың квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ сатып алу комиссияларының жұмысына тартылауын қарастырады. Осыдан бастап ашықтық пен есеп беруге міндеттілік тек мемлекеттік органдарда ғана емес, квазимемлекеттік секторда да мүлтіксіз сақталады.
Бұдан басқа, заң қоғамдық кеңестерді құру механизмдерін жетілдірудің жан-жақты мүмкіндігін беріп отыр. Қоғамдық кеңестер ҮЕҰ жобалары мен жолдауларын олардың басымдығы мен қоғамдық маңыздылығына сәйкес қарастырып, өздігінен шешім қабылдау құқығына ие.
Тағы бір маңызды жаңалық – қоғамдық кеңестердің қызметін материалдық қамтамасыз ету мәселесі шешімін уақтылы тапты.
Қоғамдық кеңестер қызметін үйлестіретін, әдістемелік жағынан қамтамасыз ететін өкілетті орган болып Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекітілді», деп түйіндеді Аида Балаева.
Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.