• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 05 Қаңтар, 2021

Егістіктерде су тапшылығын болдырмас үшін цифрландыру жұмысы күшейтіледі

172 рет
көрсетілді

Қазақстанда егістіктерде су тапшылығын болдырмас үшін су шығынын есептеудің цифрлы әдісін енгізу қажет. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға арналған іс-шаралар туралы брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, бүгінде суару кезінде суды жоғалтудың үлесі 40%-ды құрайды. Суды есептеу мен цифрландырудан бөлек, мұнда фермерлердің түсіністікпен қарауы да маңызды, олар суды үнемдеп пайдалануы қажет», деді министр.

Су жоғалтуды болдырмас үшін министрлік әкімдіктермен бірге вегетациялық кезеңге сараптама жүргізген. Сараптама нәтижесі 2030 жылға қарай егістік алқабы 3 млн гектарға ұлғаятынын ескере отырып, су тапшылығын болдырмау шараларын қабылдау қажеттігін көрсеткен.

«Су тапшылығын жою үшін оңтүстік аймақтарда суды көп қажет ететін дақылдар алқабын біртіндеп азайту қажет. Сонымен бірге жаңа су қоймалары салынады. Қолданыстағы каналдар жөнделіп, су есептеу жүйесі цифрландырылады. Суарудың үнемдеу технологиясын қолданбасақ егістік алқаптары көлемін ұлғайту мүмкін емес. Суды үнемдеп пайдалану мақсатында 2,8 шақырым 119 негізгі каналда 2025 жылға дейін су есептеудің цифрландырылған әдісін енгізу жұмысы жалғасады», деді Экология министрі.

Аталған шаралар қосымша 8,3 куб км су жинауға және 1 гектар жерге кететін су көлемін 8,8-ден 6,6 мың куб метрге азайтуға мүмкіндік бермек.