Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ғарыш индустриясының алар орны ерекше. Уақыт жылжыған сайын аталған сала қарқын алып, бұл бағыттағы ізденістер адамзаттың алдына жаңа мақсат-міндеттерді айқындап берді. NASA, SpaceX, Blue Origin және Rocket Lab сынды әлемдік алпауыттармен жарыспаса да Қазақстан ғарыш саласындағы қадамдарын тоқтаусыз жүргізіп келеді.
Адамзат ғарыш кеңістігіне Қазақстанның жерінен аттанғанын ескерсек, бұл еліміз үшін тыңнан түрен салған сала деуге келмес. Алайда егемен ел ретіндегі алғашқы қадамдар 2000-жылдардың басында қолға алынғанын айта кеткен орынды. Отандық ғарыш индустриясының даму кезеңдері осы кезеңмен тікелей байланысты. Айталық, 2004-2005 жылдары алғашқы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында негізгі салалық кәсіпорындар құрылды. Оның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ны ерекше атап өтуге болады. 2007 жылы Елбасының Жарлығымен Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, ведомство төрағасы Талғат Мұсабаевтың бастамасымен компанияның атауымен бірге оның тұтастай стратегиялық құрылымы өзгерді. Нақты айтқанда, ұлттық компанияның миссиясы айқындалып, бағыт-бағдары белгіленді. Осылайша, елордада заманауи ғарыш технологияларына арналған инфрақұрылымды құру бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Бұл идея Жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесін, дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын, сол секілді Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешенін құруды қамтиды.
Саладағы айтулы жаңалықтардың бірі – Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақ кешені (ҒА ҚұСК) құрылысының аяқталуы. Технологиялық деңгейі жағынан баламасы жоқ нысан сертификаттан өтіп, биыл ғарыш аппараттарын құрастырудың өндірістік циклі іске қосылады деп жоспарлануда. Осы кешен Ұлттық ғарыш орталығының басты нысанына айналады деп көзделіп отыр.
Ғарыш аппараттарын басқаруда жерүсті кешендерінің маңызы зор. Осы орайда отандық спутниктердің қалыпты жұмысын қамтуда «Ақкөл» байланыс орталығының орны бөлек. Өйткені байланыс пен хабар тарататын Kazsat ғарыштық жүйесін қалыптастыру ісі дәл осы жерүсті ғарыш инфрақұрылымынан басталды. Оның жұмысын Республикалық ғарыш байланыс орталығы қадағалайды. «Ақкөлдің» қызметіне телекоммуникациялық спутниктердің техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқарып бақылау, сондай-ақ KazSat сериялы ғарыш аппараттарының пайдалы жүктемесінің мониторингі кіреді. Бұл ғарыш байланыс орталығы елордадан 108 шақырым қашықтықта орналасқан. 2008-2009 жылдары Kazsat-2 бағдарламасы мен 2012-2013 жылдар кезеңінде KazSat-3 жобасы арқылы техникалық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде «Ақкөл» ITU Халықаралық электр байланыс одағының спутниктік радиобақылау стансаларының бірыңғай тізіміне енгізілді.
Қазір Республикалық ғарыш байланыс орталығы Kazsat-2 және KazSat-3 екі байланыс спутнигінен тұратын Kazsat байланыс және хабар тарататын қазақстандық ғарыш жүйесінің штаттық жұмысын қамтамасыз етеді. Ғарыш аппараттарын басқару Ақмола облысындағы «Ақкөл» негізгі жерүсті кешені мен Алматы облысындағы резервтік «Көктерек» ғарыш байланыс орталығынан жүргізіледі. Бүгінде Kazsat жүйесінің жүктемесі шамамен 74%-ды құрайды.
Kazsat байланыс спутниктерінің қызметтерін еліміздің аумағында 13 мыңнан астам спутниктік байланыс стансалары бар 15 отандық байланыс және хабар таратушы оператор пайдаланып келеді. 2019 жылы ғарыштық байланыс жүйесін пайдаланудан түскен жалпы табыс 29 млрд теңгеден асып, жылдық импортты алмастыру мөлшері 14,7 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік бюджетке 6 млрд теңгеден аса жалпы салық аударылды.
Тағы бір перспективалы жобалардың бірі – Kazsat-2R спутнигін әзірлеу. Оның болжамды құны – 39,65 млрд теңге.