• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Қаңтар, 2021

Тәуелсіздіктің тірегі

1096 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымы «Еге­мен­де» жарық көрген «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» атты мақаласын: «Тәуел­сіз ел болу оны жариялаумен немесе мем­лекеттің іргетасын қалаумен шек­тел­мейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнде­лікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деп аяқ­тапты.

Жоғарыда Президентіміз айтқандай, адам баласы үшін аса қымбат дүние – тәуелсіздік. Осы бір саяси ұғымның шарттарын әлем социологтері саяси һәм әлеуметтік тұрғыдан бес тірекке жіктепті. Атап айтсақ:

Әкімшілік-басқару тәуелсіздігі; Атамекен – территориялық тәуелсіздік; Ата-баба қанымен жалғасқан гендік тәуелсіздік; Тұрмыстық (экономикалық) тәуел­сіз­дік; Рухани тәуелсіздік.

Әкімшілік-басқару тәуелсіздігінің ұсты­ны: армия, күштік құрылымдар. Бұлар мемлекетті сыртқы және ішкі жаудан қор­ғай­ды. Сонымен қатар елдің ішкі шаруа­сын реттеуші мемлекеттік қызмет­кер­лер­ді де осы топқа жатқызыпты. Ағылшын әлеуметтанушысы Энтони Гидденстің тұжы­ры­­мына жүгінсек, шенеуніктердің адал­дығы мен кәсібилігі ұлыс тұрақ­ты­лы­ғы­ның кепілі.

Екінші – атамекен тәуелсіздігінің тірегі – ұлағатты ұрпақ. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермедік...» деп Махамбет бабамыз айтқандай, аталарымыз Ұлы даланы ұрпағы үшін қорғап, оларға аманат еткен. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыдағы мақаласында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» дегені бабалар арманымен үндесіп жатыр.

Тәуелсіздіктің үшінші тірегі – ата-баба қанымен жалғасқан гендік тәуелсіздік. Оның ұстыны – әйел-ананың таза құрсағы. Ұлы ойшыл-қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегені осы.

Төртінші тірек – тұрмыстық (эконо­ми­ка­лық) тәуелсіздік. Оның ұстыны – еңбекшіл бұқара. Бесінші рухани тәуелсіздіктің ұс­ты­ны – оқымысты-ағартушы ғалымдар һәм тіл мен дін бірлігі. Осы бес ұстын қолдың бес саласындай жетілген жағдайда сол қауым қуатты ұлысқа айналады.

Ал қауым қуатының өлшемі – әскери-күштік құрылым, дипломатиялық мәміле, экономикалық әлеует, ақпараттық басымдық. Сол сияқты жоғарыда айтқанымыздай, территориясы (атамекені), халқы (жер иесі), билігі (әкімшілік басқару жүйесі) болмайын­ша ол ел жеке Ұлыс болып есептелмейді.

Ұлыс дегеніміз – көшпенділер ұғымында – ұлт. Яғни ұлт ретінде толық қалыптасқан қауым ғана ұлысқа айналады. Осыны саяси тілімен тәпсірлесек, ұлыс деп – тәуелсіздігі бар, яғни жеке мемлекет ретінде әлем қа­уым­дастығы мойындаған, одан кейін – тоқ­тамды территория қалыптасқан, шекара сызығы халықаралық заңмен бекітілген, экономикасы, мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі тағы басқа қажеттіліктер жиынтығы бір мақсатқа тұтасқан қауымды айтады.

Қазіргі таңда дүние жүзінде 230-ге жуық ұлыс немесе мемлекет бар. Әлем социо­логтерінің пайымдауынша олар: супер державалар (АҚШ, РФ, Қытай), мәдени-экономикалық тұрғыдан кемел елдер, өркениетке ұмтылушы мемлекеттер, дамудың тұрақты сатысына қол жеткізген республикалар, экономикалық тұрғыдан отар елдер, болашағы бұлыңғыр қауым тағы басқа қаралуда. Мысалы, АҚШ әкімшілік, тұрмыстық тұрғыдан толық тәуелсіз ел есебінде болса, Қытай әлемдегі гендік тұтастығы берік бірден бір ұлыс.

Ал біз ше? Ақын Қадыр Мырзалиев айтқандай:

Ұл болып, содан құл болып,

Біраз жыл естен таныппыз,

Құл болып, одан гүл болып,

Қайтадан өнген халықпыз.

Сөз түйіні ретінде айтарымыз: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді Алашты ешкімнің, қорлығына бермейміз!» деп өткен ғасыр басында қайраткер ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігіміз баян­­ды болып, «Азаттық пен тыныштық, көк­се­генім» деп Абай атамыз айтқандай, Алла Алашты азаттығынан айырмасын!