• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Коронавирус 08 Қаңтар, 2021

Коронавирус және мемлекет

203 рет
көрсетілді

Биыл халықаралық аренадағы екі бірдей маңызды оқиға әлем назарын өзіне аудартып отыр. Біріншісі – АҚШ президентінің ауысуы. Бұған дейін төрт жыл ел басқарған Дональд Трамп күтпеген шешімдерімен шартарапты шарқ ұрғызған еді. Оның Париж келісімінен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу жөніндегі қадамы халықаралық қоғамдастықты алаңдатты. Осы орайда, демократиялық көзқарастағы Джо Байденнің Ақүй тізгінін ұстауы әлем үшін ақжолтай жаңалыққа айналды. Екіншісі – бір жыл бойы жер-жаһанды әбігерге салған коронавирусқа қарсы вакциналар әзірленіп, жаппай қолданысқа ене бастауы.

Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында жарық көрген «Қытайдың стратегиясы Американың одақтастарын біріктіреді» атты мақалада авторлар Ақүй тізгінін ұстаған Джо Байденнің негізгі міндеті туралы ой қозғайды. Олардың пайымдауынша, жаңа президент өзінің одақтастарын біріктіріп, Қытайдың күшейіп бара жатқан геосаяси ықпалымен күресуге тиіс.

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ана Паласио өз мақаласында 2020 жылға шолу жасай отырып, өткен жыл тарих қойнауына қалай енеді деген сұраққа жауап іздейді. Автордың айтуынша, халықаралық қоғамдастық өткеннен сабақ алса ғана «індет жылы» өзгеріс кезеңіне айналмақ.

Айта кетейік, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

 

МАДРИД. Кей жылдар тарих кітаптарында сирек айтылады. Енді біріне арнайы тарау арналады. Былтырғы жыл осының соңғысы секілді. 1918-1920 жылдардағы Испан тұмауы секілді Covid-19 да ұзақ жылдар халық есінде сақталатыны сөзсіз. Бірақ кез келген жылды маңызды ететіні оның қалай өткені емес, әлемді қалай өзгерткені болмақ. Әлем үшін әдеттегідей өте шықан жыл тарихи тұрғыда аса мәнге ие емес. Ал үлкен өзгерістер мен адамзат дәуірінің жаңа қадамының бастауына айналатын жыл ұмытылмайды. 2020 жыл қайсына жатпақ?

Әлем 2020 жылы күрделі өзгерісті бастан өткерді деп ой­лауға толық негіз бар. Атап айт­қанда, кейінгі 12 айда­ғы оқиғалар шартарапта, әсіре­се Батыстағы либералды демо­кратиядағы мемлекет пен қо­ғамның қарым-қатынасын түбегейлі қайта құру­ға және теңестіруге жол ашуы мүмкін.

Қырғи-қабақ соғыс аяқтал­ғаннан бері Батыс демокра­тиясындағы әлеуметтік және экономикалық модельдердің тепе-теңдігі бұзылды. Бұған дейін либералды демократияны нығайтудың қуатты құралы ретінде қаралған еркін нарық (құқығын талап ететін орта тап құру арқылы) мақсатқа айналды. Енді оны шығынға қарамастан қолдау міндетті.

Оның шығыны да жоғары болды. Еркін нарыққа сұраныс жоғарылаған сайын, жаһандану капиталды бақылауға, шекара талаптарын жиі жеңілдетуге, кең ауқымды жекешелендіруге және мемлекеттік басқарудан босатуға әкелді. Басқару шектеулі, тех­ни­калық әрекетке айналды. Ықпалды жеке тұлғалар барған сайын қоғамдық рөлді иелене бастады.

Осылайша, корпорация­лар ең қуатты жаһандық ойыншы­лардың біріне айналды. Ел биліктері оларға салық салып, бақылау жасауы қиындай түсті. Кейбір маңызды салаларда – әлеуметтік желідегі жалған ақпараттың таралуынан бастап, экологиялық тұрақтылыққа дейінгі мәселелерде корпорация­лар дербес әрекет етті.

Қолдан сусып кеткен бақы­­лауды қайтаруға әрекет жасал­ған. Алайда оған талпын­ған мемлекеттердің билігі емес, басқа ойыншылар еді. Эколо­гиялық, әлеуметтік, басқару­шылық корпоративті есеп пен тіркеуге ұмтылу – соның бір мысалы. Қоғамдық қысым мен инвесторлар қызығушылығының артуы салдарынан компаниялар «Экологиялық, әлеуметтік, басқарушылық» моделіне сай екенін дәлелдеуге ұмтылды. Бірақ бұл мәселеде ашықтық пен нақтылыққа қатысты сұрақ көп. Осындайда мемлекеттің жоқтығы анық аңғарылады.

Қарапайым азаматтардың көбінде билік кейінгі онжылдықта, теңсіздік күшейген кезде де өзін жеке қызмет көрсетуші ретінде ұстады деген көзқарас қалыптасқан. Мемлекет билігі қаржы жүйесін нығайтып, тағы бір күйреуге жол бермеу үшін жартылай шаралар қабылдаған 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысының салдары либералды демократия тұрақтылық пен өркендеудің кепілі деген идеяны бұзды. Сонымен қатар Қытай билік орталыққа шоғырланған, нарыққа бақылау жасайтын бәсекеге қабілетті моделін қалыптастырып, жаһандық алаңдарда түрлі пікірталасқа жол ашты.

Қаржылық дағдарыстың кесірінен қоғамда популизм мен нативизм қанат жайып, Батыстың көп бөлігін қамтыды. Теңсіздік өсіп, халық пен мемлекет арасындағы қатынасты жақсартуға ұмтылмау салдарынан түрлі институттарға көзқарас өзгерді. Оның бәрі негізінен сезім арқылы жасалып, түбегейлі өзгерістерді талап етті.

Коронавирус пандемиясы кезінде мемлекет қайтадан күшейе бастады. Экономика тоқтап қалғанда ел билігі мемлекет бюджетінің үлкен көлемін жеке өндірісті дамытуға және жұмыстан шығаруды шектеуге бағыттады. Еуропада Next Generation EU деп аталатын қалпына келтіру қоры құрылып, бұрын-соңды болмаған 750 миллиард еуро бөлінді.

Сондай-ақ жеткізу тізбегінің бұзылуы да қоғамға қажетті негізгі заттарды қамтамасыз етуге деген талапты күшейтті. Осылайша, өндірісті қайта жан­дандыруға сұраныс артып қана қоймай, стратегиялық тауарларды өндіруге тәуелсіз болуды талап ететіндер саны артты.

Сол секілді, кейінгі кезеңде алғаш рет мемлекеттер басшы­лығы бақылаушылық қабілетін күшейтті. Әсіресе техноло­гия­лық алпауыт компанияларға қатысты талап артты. Жақын­да Еуропалық Комиссия осы фирмалардың күшін азайту үшін маңызды ережелерді – Цифрлы қызметтер туралы және Цифрлы нарық туралы заң қабылда­ды. Сондай-ақ бәсекелестікке негізделген іс-шаралар жоспарын жариялады. АҚШ-та Федералды сауда комиссиясы мен штаттар Alphabet-ке (Google-дың бас компаниясы) және Facebook-ке бәсекелестерінен асып түсу мақсатында түрлі әрекетке барғаны үшін монополияға қарсы сот ісін бастады. Осы мега-фирмаларды таратуға үндейтіндер саны артты.

Пандемия қоғамдық мүдде­лерді қорғауды былай қойғанда, негізгі тауарларды жеткізуді нарықтың «көрінбейтін қолына» сеніп тапсыруға болмайтынын көрсетті. Мемлекеттің көрінетін қолы тиімді институттар мен тиімді басқару арқылы жұмыс істеуі керек.

Ең бастысы, денсаулық пен қауіпсіздік шаралары кейінгі жылдары бар-жоғы білінбей кеткен мемлекеттің болмысын физикалық тұрғыда еске сал­мақ. Кейбіреулер ортақ жауап­кершілікті ескеріп, мұны қол­дайды, енді бірі оған сенбейді. Бірақ бәрі де мемлекеттің рөлін түсінеді. Жағдай өзгеріп келеді. Бұл – либералды демократиялық модельдің жаңаруына алғышарт болмақ.

Әрине, 2020 жыл уақытша проблемаға айналуы мүмкін. Жаппай вакцинация пандемияны тоқтатып, адамдар, корпорациялар мен үкіметтер пандемияға дейінгі жағдайына қайта оралуы ықтимал. Бұған дейінгі өкпе-реніштер одан әрі өршіп, елдер бұрынғыдай шатасып жүре береді.

Мұндай жағдайда пандемия тағы бір трагедиялық оқиға ретінде тарихта қалмақ. Әсіресе өте қауіпті, қорқынышты оқиға ретінде. Егер 2020 жыл індет үкімет пен басқарылатындар ара­сындағы қатынастарға тереңі­рек үңілуге, либералды-демо­кратиялық институттардың шынайы нығаюына әкелсе, онда нағыз өзгеріс нүктесіне айналады.

 

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының бұрынғы вице-президенті және бас кеңесшісі

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org