• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қаңтар, 2021

Мәртөк жастары қысқы спортқа құмар

674 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысына келген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өңірдегі мәдениет және спорт мекемелерінің жай-күйімен танысты. Аудан жастарының бұқаралық және кәсіби спортпен көптеп шұғылдануына аудан орталықтарында салынып жатқан заманауи спорт кешендерінің де ықпалы зор. Жүзу бассейні, бірнеше жаттығу залдары бар, спорттық жабдықтармен жарақтандырылған кешендер жұмыс істей бастағалы жасөспірімдердің де спорттық секцияларға көптеп жазылып, спортпен шұғылануға ықыластарының артқанын байқауға болады.

Ведомство басшысы Мәртөк ауданында болып, мәдениет пен спорт мекемелерін аралады. 2019 жылы аудан орталығында спорт мектебінің ашылуы жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жол ашты. Бүгінде шаңғы, биатлон, көп сайыстан жақсы өнер көрсеткен осы ауданның балғын спортшылары республикалық құрама команда қатарына алынса, 10 жас биатлоншы Ақтөбе қаласындағы об­лыстық олимпиадалық резерв мек­тебінде оқиды. Мәртөк мектебінің мықты болуы жаттықтырушыларының арқасы. Бұл жақта кеңестік заманнан жалғасқан жаттықтырушылық мектеп әкеден балаға, ұстаздан шәкіртке сабақтасып келеді. Бір кемшілігі заманауи спорт мектебінің болмауы, спорт жабдықтарының ескілігі болатын. 160 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынғалы аудан жастары бірнеше спорт түрімен шұғылдана бастады. Бұл жерде 50-ден астам бала суға жүзумен де айналысады. Бассейн есігі сенбі, жексенбі күндері мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасылардың балалары үшін ашық әрі жаттығу тегін. Спорт кешенінде жұмыс істейтін жаттықтырушылар саны артқан. Олардың еңбекақысы жөнінде сұраған министр «Жаттықтырушылар мен спорт нұсқаушылары базалық айлық есептің 100 пайыздық деңгейінде еңбекақы алуы керек», деп тапсырма берді. Өйткені, ақылы негізде жұмыс істейтін спорт секцияларынан түскен төлемнің қандай да бір бөлігі жаттықтырушыларға берілуі қажет.

Қысқы спорт түрлері жақсы қар­қынмен дамып жатқан Мәртөк ауда­нының ауылдық округтерінде де бұ­қаралық спорт түрлерін дамыту жос­парға енгізілген. Биыл жаздан бастап Саржансай, Қаратоғай, Родниковка елді мекендерінде спорт залдары, Са­рыжар, Жайсаң елді мекендерінде ангар түріндегі спорт кешендері салынатын болды.

Мәдениет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова мен өңір басшысы Оңдасын Оразалин аудандық кітапхана қорын аралап, аудандық мәдениет үйінде қолөнерші Ерқосай Әбілов пен ағаш ұстасы Еділбай Ұзақбаевтың көр­месімен танысты. 1976 жылы салынған Мәртөк аудандық мәдениет үйі өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Бюджеттен бөлінген 145,8 млн теңге қаржыға жөндеу жұ­мыстарын «KND Construction» ЖШС-і жүргізді. Құрылысқа Мәртөк ауданының 21 жұмыссыз тұрғыны тартылған. Қазір 460 орынға кеңейтілген Мәдениет үйінде 18 үйірме жұмыс істейді. Бұл жерде министр мен өңір басшысы ауыл клуб­тарының жетекшілерімен кез­десіп, елді мекендердегі мәдениет ошақ­тарының қазіргі жағдайы туралы әңгімелесті.

Осыдан кейін А.Райымқұлова Ақтөбе қаласындағы Қысқы спорт түрлеріне арналған облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебіне барып, жаттықтырушылар мен тәр­биеленушілермен кездесіп, Кірпішті елді­ мекеніндегі ұзындығы 11,5 шақы­рым болатын роликті шаңғы жолының ашылуына қатысты. Сапар соңында министр Ақтөбедегі облыстық филар­мония ғимаратында мәдениет қызмет­кер­лерімен кездесті.

 

Ақтөбе облысы