Бұл күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің бас шаһары – Әбу-Даби қаласында теннистен халықаралық Abu Dhabi WTA Women’s Tennis Open турнирі өтіп жатыр. Жүлде қоры 565 530 АҚШ долларын құрайтын дода қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды.
Жерлестеріміз арасында жарыс шымылдығын әлемдік рейтингте 28-орынға жайғасқан Юлия Путинцева ашып берді. Алғашқы айналымда WTA рейтингінде 85-орында тұрған италиялық Мартина Тревизанмен бақ сынаған отандасымыз екі сетте 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Екінші жарыс күнінде Путинцеваның жеңісті жолын еліміздің бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина сәтті жалғастырды. Тағы бір италиялық теннисші Лукреция Стефанинимен кортқа шыққан ол қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Бір сағатқа созылған кездесуде Рыбакина 6:1, 6:3 есебімен басым түсті.
Өкінішке қарай, осы турнирде бақ сынап жатқан тағы бір теннисшіміз – Зарина Диас бірінші айналымнан ары аса алмады. Ресейлік Екатерина Александровамен бақ сынаған Диас 6:4, 6:4 есебімен қарсыласына жол берді.