• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қаңтар, 2021

Қаратөбеде қайта жаңғырған тарих

1004 рет
көрсетілді

Өткен ғасыр басында қазақты ел болдырудың қамына кіріскен алашшыл азаматтар қолдарынан келген істің бәрін атқарды. Айталық, 1917 жыл­дың ая­­ғын­­­да Орынборда өткен жал­пы­қазақ сиезінен кейін Алашорда үкіметі негізі іс-қимыл атқару орта­лы­ғы ретінде Семейді таңдаса, күнбатыс алаш­­ор­­да­шылар 1918 жылдың ақ­­пан айын­да Жымпиты уезіне қарасты Қара­төбе кентінде кезекті жиын ашып, батыс өңірде атқарылуы тиіс іс­тер­ді талқылады. Бұл жиын тарих­қа «Қаратөбе сиезі» деген атпен қатталды.

 

Осылай тарихта аты қалған Қаратөбе кенті облыс орталығы Орал қаласынан 260 шақырым қашықта орналасқан көне қоныс. Әрі бағзыдан бері атам қазақ ірге көміп, тамыр жайған құтты мекені.

– Қаратөбе съезі ХХ ғасырдың басында Орал қазақтарының үшінші бас қосуы болатын, деп жазады алаштанушы апамыз Даметкен Сүлейменова. Яки, Алғашқы сиез 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтсе, екіншісі сиез осы жылдың маусым айының басында Ойылда өткен екен.

Бұл реткі үшінші съезді шалғайда жатқан Қаратөбеде өткізуге басты себеп, осы тұста Орал орыс-казактары қаладағы мемлекеттік банк пен азық-түлік қоймасын, ауруханаларға дейін түгел қарулы күшпен басып алса, Орынбор-Ташкент теміржолы большевиктердің бақылауына өтіп кетті. Осы алағай-бұлағайда Семейдегі орталықтан қол үзіп қалған күнбатыс алашордашылары кезекті жиынды қауіпсіз орта қалың қазақ ішінде ұйымдастыруды қолай көрген сыңайлы.  

Өңір тумасы жас зерттеуші Ертай Бимұхановтың дерегіне сүйенсек, тарихи жиынды ұйымдастырушылар: Жаћанша Досмұхамедов (заңгер), Халел Досмұхамедов (дәрігер), Аспандияр Кенжин (мұғалім), Есенғали Қосболатов (дәрігер), Х.Мерғалиев, Сәлімгерей Қаратілеуов (агроном), Молдағали Жолдыбаев (мұғалім), Иса Қашқынбаев (дәрігер), Нұрғали Ипағанбетов (дәрігер), Қуанай Қосдәулетов қазіреті, болыс Салық Омаров, Төлеген Иманғазиев (мұғалім), Қуанышәлі Тінәшұлы, Есқали Балтаұлы т.б. тұлғалар  екенін айтады.

Сондай-ақ аталмыш тақырыпты ұзақ жыл зерттеген, байырғы журналист, өлкетанушы марқұм Қайыржан Хасанов аға­мыз жазып қалдырған мәліметке жүгінсек, сиезге қара қазақтың қамы үшін қайғы жеген арыстар, нақтырақ айтқанда елге танымал беделді, билігі жү­ріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, бұқара сыйлайтын ақсақалдар шақырылған еді дейді. Қонақтарды күтіп алу, оларды ас-сумен қамдау жайын Жымпиты уезіне қарасты Сабынкөл болысы Макар Төкешов пен жергілікті пошта бастығы Сәтттіғали Құтқожин бастатқан атқамінерлер атқарып шыққан екен. Атақты батыр Сырым Датұлының шөбересі Салық Омарұлы жиынға қатысушылардың барыс-келіс, жүріс-тұрысына арнап 200 бас жылқы берген көрінеді. Жиын­ды өткізуге орталық­тан шалғайлау шеткері биіктеу дөңнің үстінде орналасқан тара Шәріп деген кісі салдырған мешіт үйі таңдап алынған екен.

Бұл бас қосу жайлы жазушы Сәкен Сейфуллин 1927 жылы жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы басылымында: «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқыған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұқанбетұлы. Съез мешітте өтті. Мешіт лық толған адам. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті қоршап алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады. Қаралатын мәселелердің зоры: әскер жасау, үкімет құру, үкіметке қаражат ақша жинау. Әскер жасауға, үкімет құруға қарсы сөз болған жоқ...» деген мәліметті келтіреді.

Орайы келгенде айтап өтейік, жиын өткен мешіт мұнарасы 1919 жылдары Кеңес өкіметі орнағаннан кейін құлатылып, ғимараттың үлкен бөлегі клуб, шағын бөлмелері кітапханаға айналған. Ал қасындағы медіресе үйіне комсомол ячейкасы орналасыпты. Соғыс жылдары (1942 ж) мешіт үйі аудандық әскери комиссариатқа лайықталып, кішірейтіліпті. 1962 жылы жеке адамдарға тұрғын үй ретінде меншікке берілген. Осы бір тарихи нысанның фото-сұлбасын өлкетанушы Қайыржан Хасанов ағамыз сақтап қалып, бүгінгге жеткізген.  

Содан 2013 жылы қараша айында қаламгер Қ.Хасановтың ат салысуымен «Қара­төбеде сиезі» өткен орынға биіктігі 2,5 метр гранит тастан ескерт­кіш тақта орнатылып, оның қасбетіне: «Ұлт теңдігін жалау етіп, қазақ халқының жарқын болашағы үшін тәуелсіз ел болу жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің рухына арналады» деген мәнде сөздер бәдізделген.

****

Қараңыз... арада тура бір ғасыр өткенде Қаратөбеде өткен тарих қайта жаңғырды. Нақты айтсақ, өткен жылдың соңғы аптасында кіндік қаны осы ауылда тамған Ержан және Нұржан Хасанов атты ағайынды азаматтар ғасыр бұрын сиез өткен ескі мешіттің орнына «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» атты керемет нысан тұрғызды.

Игі іске ұйытқы болған тумаластар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтілгендей, «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында атқарылған шаруа дегенді айтады. Расында, «Сен жанбасаң лапылдап, Мен жанбасам лапылдап, Сіз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деп түрік ақыны Назым Хикмет айтқандай, ағайындылардың бұл ісін аудан әкімі Жанат Асантаев бастаған ел-жұрт зор ықыласпен қабыл алды.

Маңызды шараның тұсаукесер рәсіміне шақырылған қадірлі қонақтар қатарында марқұм қаламгердің жары жары Ырысты Кәкімқызы, алаштанушы  Дәметкен Сүлейменова, Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов,  ыбырайтанушы Роза Қуанова, ауданның құрметті азаматы Тілекқабыл Сағынұлы, ақын Шолпан Қыдырниязова, Абай Шыныбекұлы, танымал журналист-фотограф Рафхат Халелов, облыстық өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева және осы жолдардың авторы бізде болдық.

Жаңадан бой көтерген музейдің көлемі 500 шаршы метр. Төрт үлкен залдан тұрады. Олар: ат шаптырым көрме залы, Алаш залы, өлкентанушы Қайыржан Хасанов залы және Т.Иманғазиев атындағы мәжіліс залы. Ал кіреберістегі постамент үстінде алты балдақты қазақы оюмен көмкерілген шаңырақ орналасыпты. «Бұл халқымыздың бірлігі «Алты Алаш» ұғымының символикасы» дейді Ержан Қайыржанұлы. Айтса айтқандай, нысанның көгілдір логотипі көк ту түстес болса, экспозициядан орын алған жәдігерлер заманауи үрдісте цифрлы форматпен интерактивті ақпараттық терминал – әмбебап-трансфомер арқылы жасалғаны таң қалдырды. Мұндай көрме залдары жылжымалы электронды музей өңірлерде жоқ деуге болады.

Әсіресе, музей экспонатындағы «Қаратөбе съезі» өткен мешіттің макеті  ерекше. Шап-шағын мешіт-үйдің терезесінен үңілсеңіз бір ғасыр бұрын өткен жиынның куәсі боласыз. Яғни, тарихи құжаттарға негіздей отырып сиез барысы жайлы оқиғаны 3Д көзілдірігімен дәл сол кезде, сол жерде тұрғандай тамашалайсыз.

Ал Хасанов залында қаламгердің  жеке кабинеті һәм тұтынған заттарының сыртында, өлкетанушылық зеттеулері сонымен қатар,  Қаратөбенің киелі жерлерінің интерактивті AR картасы орналасыпты. Бұл инновациялық картаға қолдағы ұялы телефонды жақындатсаңыз қаламгер туындыларымен танысып қана қоймай, ауданның қасиеті нысандары: Мұхит Мералыұлы зираты, Дәуқара батыр қорымы, Қаратау би кесенесі,Ұзақ күйші кесенесі жайлы ақпарға қанығасыз.

Суреттерді түсірген: Рафхат Халелов