• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Қаңтар, 2021

Boeing 737-500 ұшағы апатқа ұшырады

379 рет
көрсетілді

Индонезияның Sriwijaya Air компаниясына тиесілі Boeing 737-500 ұшағы теңізге құлады. Индонезия үкіметінің хабарлауынша, 9 қаңтарда Джакарта әуежайынан көкке көтерілген әуе кемесі 4 минуттан кейін апатқа ұшыраған. Бортта 56 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.

Әуежай қызметкерлері SJ182 рейс командирі апаттық жағ­дай­ға қатысты ешқандай белгі бермегенін мәлімдеді. Flightradar ақпаратына сүйенсек, 3 мың метр биіктікке көтерілген әуе кемесімен 4 минуттан кейін байланыс үзілген.

Индонезияның Көлік ми­нис­трі Буди Кариа Сумади ақ­па­ратты растап, борттың Мале аралының маңында құлағанын хабарлады. Сол түні әскер 23 метр тереңдіктен ұшақты тапты.

Апатқа ұшыраған ұшақ ал­ғаш­қ­ы рейсін 1994 жылы жаса­ғаны белгілі болды. Яғни ұшақ 27 жыл бойы пайдаланылып келген.

Борттағы Понтианак қала­сы­на бет алған 50 жолаушы қаза болды. Жолаушылардың оны – бала.

Оқиғаға куә болған жергілікті балықшылардың бірі BBC арнасына сұхбат беріп, мән-жайды айтып берген. Солихин деген аза­мат­тың айтуынша, ұшақ бір­неше секунд ішінде құлаған. «Найзағай жарқылындай тез болды. Мән-жайды түсініп үлгермедік. Ұшақ Ява теңізіне құлай сала жарылды. Апат өте жақын жерде болды. Тіпті ұшақтың кей бөліктері біздің кеме маңына құлады», дейді.

Қазір Индонезияның Ұлттық іздеу-құтқару агенттігі іздеу жұ­мыстарын жүргізіп жатыр. Әуе ке­месі радарда соңғы рет Ява теңізі маңында көрінген. Boeing 737-500 ұшағы Джакартадан Пон­тианак қаласына бағыт алған. Жо­лаушылар тізімі әлі жария­ланған жоқ. Сонымен қоса Sriwijaya Air ком­паниясы ұшақта шетел­дік жолау­шылардың бо­лған-бол­ма­ға­ны туралы хабар бермей отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Индонезия прези­денті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.