Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы тұрақты біріншіліктің сырт айдын сериясындағы соңғы ойынын Екатеринбургте жергілікті «Автомобилистпен» өткізді.
Биылғы маусымдағы екі команда арасындағы алғашқы ойын қазан айында «Уралец» спорт кешенінде өтіп, мұзайдын иелері 3:2 есебімен басым түскен еді. Араға үш ай салып екі ұжымның жолы тағы да дәл сол спорт кешенінде түйісті. Алайда бұл жолы жерлестеріміз 3:2 нәтижесімен жеңіске жетіп, қарсыластарынан есе қайтарды. Кездесу бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алған «Барыс» хоккейшілері 4-минутта есеп ашты. «Амурға» қарсы өткен алғашқы ойынның қаһарманына айналған Роман Старченко бұл жолы да мергендігімен көзге түсті. Ал кезең ортасында Якоб Лилья (10-минут) қонақтардың басымдығын нығайтты.
Екінші кезеңнің басында «Барыс» құрамына жуырда ғана қосылған Кирилл Панюков (23-минут) маусымдағы алғашқы, командасының ойындағы үшінші голын соқты. Үзіліске аз уақыт қалғанда Анатолий Голышев (38-минут) есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Соңғы айналымда Питер Холланд есепті 3:2-ге жеткізгенімен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Жерлестеріміз кейінгі кездесуін ертең елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде Қазанның «Ак Барс» клубымен өткізеді.