• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қаңтар, 2021

Жаһанша мінген «Мерседес»

513 рет
көрсетілді

Күнбатыс алашордашылар тарихының білгірі, жазушы Әнес Сарай: «Бірінші және екінші Жалпы қазақ сиезінен кейін алашордалықтар большевиктермен келісе алмай тартысып жатқан тұста Уфада Уақытша үкімет орнап, оның басқару органы «Учредительное собрание» («Комуч») дейтін құрылды. 1918 жылдың шілде айында Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, М.Шоқай, У.Танашев төртеуі «Комучпен» келіссөз жүргізді.

Нәтижесінде, «Комуч» Күншығыс Алашорда әскеріне 2 млн сом ақша, 3000 әскерге киім-кешек, қару-жарақ берді. Ал Күнбатыс Алашордаға 2000 мылтық, 37 пулемет, 2 зеңбірек, 2 ав­то­­мо­­биль берді», дейді («Egemen Qazaq­stan», 20 наурыз 2018).

Жоғарыда айтылған 2 автомобиль­дің бірін – Күнбатыс алашордашылар көсемі Жаһанша тақымдаған екен. Соңғы жылдары өңірде «Жаһанша мінген мерседес қайда?» деген сұрақ туындауда.

Бұл мәселе жайлы 2013 жылы Орал қа­ласында жарық көрген «Дана» журналының 7-ші са­нын­­да: «Жаһанша мін­ген мерседес маркалы же­ңіл көлік Жымпиты топырағын басқан тұңғыш машина. Бір қызығы, 1919 жылы Ойыл уәлаят үкіметі Қызылқоғаға көшкенде, көшпен бірге жалғыз машина кеткен екен. Ал өзіне тиесілі көлікті Жаһанша алашорданың барлық құжаттарымен бірге бір түнде жасырып көміп тас­таған», деген дерек жазылыпты.

Жуықта Орал қаласына барған сапарымызда Күнбатыс Алашорда жайлы зерттеген ғалымның бірі Дәметкен Сүлейменовадан сұрағанымызда: – Бұл оқиға жүз пайыз шындық. Тіпті мұны Жаһанша атамызға белнемере болып келетін туысқаны Бисенғали Қуаныш­әлиевтің өзі растап отыр, – десе, бел­гілі өлкетанушы Жайсаң Ақ­бай: «Жымпиты өңірінде әлі күн­ге дейін айтылатын, бала күніміз­ден естіген бір әңгіме бар. Ол – Жаһан­шаның машинасы құпия құжаттармен бірге көмілгендігі. Машинаны көм­ген – мылқау көрікші-ұста екен. Ел аузын­дағы әңгімеге қара­ғанда, семіз жылқыны сойып, үлкен-үлкен киіз­дерді жылқы майына тоғы­тып, машинаны соған орап көмген» деп жа­зыпты («Дана» журналы, 2013 ж. №7).

Өткен жылдары батыс­қазақ­стан­дық ынталы топ Жаһанша жа­сырған машинаны іздеу үшін ар­найы экспедиция құруды да жос­парлағанымен, оған мы­на пандемия кесірін тигізген сы­ңайлы. Десе де бұл тал­пыныс ізсіз қалмаған көрі­неді. Жуықта ғана Батыс Қа­зақ­стан облысы Қаратөбе ауданында ашылған «Алаш және Қайыржан Хасанов­тың тарихи-өлкетану музейі» тө­ріне Жаһанша мін­ген мер­се­дестің макеті қойылыпты.

 – Бұл макетті жасамас бұрын, – дейді музейді салған ағайындылардың бірі Нұржан Қайыржанұлы: «Жаһанша атамыз мінген мерседестің маркасы қандай, ол қай жылы өндірілді деген сұрақтарға жауап іздедік. Сөйтіп мамандармен ақылдасып, құжат бойынша іздеу салдық. Нәтижесінде, Жым­питы топырағында көмілген мерседес 1912 жылы өндірілген модель екенін анықтадық. Сөйтіп өткен тарихты жаңғырту мақсатында оның макетін жасап музейге қойдық», дейді.