• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қаңтар, 2021

Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы жалғасын табады

471 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында жаңа жылдың ауыл халқы үшін жағымды жаңалықтарымен ерекшеленетін түрі бар. Мысалы, өңірде «Ауыл – Ел бесігі» атты мемлекеттік бағдарлама биыл да жалғасын тауып, ауылдық жерлерді дамыту бойынша тың жобалар қолға алынбақшы, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған бағдарлама 2027 жылға дейін есептеліп, облыстың барлық тірек және серіктес ауылдарын қамтитын болады. Өңірдегі Осакаров, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарындағы 11 елді мекенде әлеуметтік, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық салалар бойынша 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Нақтырақ айтар болсақ, Егіндібұлақ кенті тұрғындарының облыс әкіміне бірнеше мәрте жолдаған өтініші қанағаттандырылып, бұрын аудан орталығы болған бұл елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермекші. Сондай-ақ Нұра ауданындағы Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу да жоспарда бар.

Шет ауданындағы Ақадыр кентінде 3,8 шақырым болатын кәріз желілерінің құрылысына және оларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ бес шақырымдық су құбырының резервтік желісінің тартылуына қомақты қаржы бөлінеді. Сонымен қатар Осакаров ауданындағы Молодежный кенті мен Ақбұлақ ауылында жеті жоба бойынша, атап айтқанда, бірнеше мектеп пен ауыл жолдарын жөндеу жұмыстары іске асырылмақшы. Жол демекші, жалпы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың үш ауданында 35 шақырым болатын ауылішілік жолдар жөндеуден өтеді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар өңірдегі барлық аудандарды қамтуы тиіс деп санайды.

– Бұл жобаның арқасында елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, тірек және серіктес ауылдарда тұратын тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігі артып, тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететінін көріп отырмыз, – дейді өңір басшысы.

Еске салар болсақ, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру төрт еседен астам ұлғайып, соның нәтижесінде 47 жоба бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, жалпы білім беретін тоғыз мектеп пен бір спорт мектебі жөндеуден өтті. Екі аудандық аурухана мен дәрігерлік амбулатория ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі 25 шақырым су құбыры желілері қайта жаңартылып, 70 шақырым болатын кентішілік жолдарға жөнделді.