Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Қосүйеңкі – орталықтан алыс жатқан ауылдардың бірі. Әрине жырақтағы жұртта шешілмей жатқан мәселенің көптігі белгілі. Мысалы, осы Қосүйеңкідегі мектеп қана интернетпен қамтылған. Осыдан да былтыр көктемде басталған пандемия кезінде үйден оқуға көшкен оқушылар қатты қиналды. Ауылдағы №84 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Алмасбек Қалдыбек қосүйеңкіліктердің әлемдік желіге еркін қосылуына мүмкіндік беретін SMART бөлме ойлап тауып, елдің алғысына бөленіп отыр.
Алмасбектің «ақылды бөлмесінен» оның өзі ойлап тапқан антенна түріндегі қабылдағыш пен сымсыз интернет таратқыш құрылғылар арқылы бүкіл ауылға Wi-Fi желісі таралады. Бөлме арқылы қауіпсіз интернет жүйесіне бақылау қойылып, қажетсіз сайттар мен пайдасыз ақпаратты сұрыптау, қадағалау жүйесі де орнатылған.
– SMART бөлмені ойлап табудағы ең басты мақсатым – ауыл мен қала балаларының білім сапасы арасындағы алшақтықты жою. Облыс орталықтарындағы заманауи технологиялардан өз оқушыларым да хабардар болса деген ойда болдым, – дейді ауыл мұғалімі.
SMART бөлменің тағы бір жаңалығы – қашықтан басқару жүйесі. Ата-аналар мектептегі сабақты провайдерлер арқылы бақылай алады.
«Ақылды бөлме» авторы Алмасбек Қалдыбек жаңа жүйеде қауіпсіздік те барынша ескерілгенін айтып отыр. Мысалы, осында сабақ өткен ұстаздар кабинет жарығын немесе компьютерлерді сөндіруді ұмыт қалдырса, автоматты түрде қашықтан өшіруге немесе қосуға мүмкіндік бар. Мұнда кіргендерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігі дауыстық хабарлама арқылы ескертіліп отырады. «Ақылды бөлмені» қимыл-қозғалыс пен дауыс, ұялы телефон арқылы басқару жүйесі де ойластырылыпты.
Алмасбек Қалдыбектің шәкірттері де технологиялық жаңалық авторлары атанып жүр. Осындағы үйірмелерге қатысатын оқушылар теледидар пульті арқылы интерактивті тақтаны қашықтан басқару құрылғысын жасап шығарған. Мұнан бөлек, күн сәулесінің түсуіне қарай қозғалатын перделер ойлап тапты. Күн қатты түскен уақытта «ақылды перделер» төмендеп, терезені барынша көлеңкелейді. Бұлтты күндері түріліп, бөлмеге жарықтың мол түсуіне мүмкіндік жасайды.
Қызылорда облысы