• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Таным 14 Қаңтар, 2021

Хасантудағы қырғын (өлі анадан тірі туған бала)

8309 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары еді. Бір топ адам облыс орталығындағы «Өскемен» қонақ-үйіне келіп түстік. Мақсатымыз –халықаралық көші-қон шаруасына байланысты ұйымдастыру жұмыстарына көмектесу. Арада екі-үш күн өткен соң, біз жатқан қонақүй кәдімгідей дүрлігіп қалды. Себебін сұрасақ, «Түркиядан құрметті қонақ келіпті» дейді. Сөйтсек, жұртты дүрліктіріп жүрген Халифа Алтай атамыз екен. Ол кезде түркиялық қазақ тұрмақ жергілікті елді бір-бірінен айыра алмайтын өскемендік орыстарға сын да жоқ.

 

Содан ақсақалмен жата-жастанып әңгімелестік. Атамыз Алтай­дан ауып, Анадолыға қалай бар­ғаны туралы там-тұмдап айтты. Біз де өзіміз білетін бірдемелерді сұрап, қыстырылысамыз кеп. Сұңғыла қария еңкіш тартқан шүй­десін көтермейтін кісі екен. Тек маңызды бірдеңе айтарда аздап маңдайын тіктейді, соның өзінде адамға тесіліп тіке қара­майды. Баяу қоңыр дауыспен сү­лесоқтау сөз бастайды. Бір әре­дікте: «1933 жылы Баркөл өл­ке­сіндегі Хасанту дейтін жерде (қазіргі Қытай елінің батысы Шыңжан-Баркөл өлкесі) отырған Әліп Жанысбайұлының ауылын 25 қыркүйек күні Үрімжіден әскер келіп, адамдарын бірін қалдырмай қырып кетті. Осы қырғын кезінде Әліптің інісі Қожақанның аяғы ауыр әйелі Тәшбаланы әскерлер қылышпен шауып, қарнын жарып өлтіріп кетеді. Арада біршама уақыт өткен соң алыс сапардан оралған Әліптің үлкен ұлы Елісхан қы­ры­лып қалған аға-бауыр, ауыл­дастарының бетін жасырады. Алайда тағдыр пендесіне өмір сыйлайын десе, ол да оңай екен. Тәшбаланың жарылған қарнынан жеті-сегіз айлық баласы аман-есен жарық дүние есігін ашты. Аты – Томық. Қазір дін-аман. Түркияда тұрып жатыр» дегені.

Содан бері өлі анадан тірі туған баланың тағдыры жайлы ауық-ауық еске алып, ел ішін­де «Әліп шапқан» немесе «Ха­санту қырғыны» аталып кеткен оқиғаның неден болғаны жайында сұрастырып жүрдік. Біршама дерек жинадық. Ел ішіндегі әңгімелерге құлақ түрдік. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай екен: 1932 жылы 12 сәуірде қазіргі Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Республикасының бас­шысы ауысып, бұрынғы ұс­танып келген саяси бағыт өзгереді. Бұрынғы үкімет Елісхан Әліпұлы дейтін мықты қазақты Жібек жо­лы бойындағы сауда ісінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін Шы­­ғыс шекара қорғаныс отряд бас­­тығына тағайындайды. Осыны көп көрген біреулер жаңа үкіметке Елісханды орнынан алып тастап, қару-жарағын түгелдей жинап алуды талап етеді. Бірақ сайдың тасындай қазақ жігіттерінен әскер жасақтап алған Елісхан жаңа үкіметке бағына қоймайды.

Содан жаңа үкімет Үрімжідегі орыс консулы арқылы Коминтерн өкілі етіп Абай Қасымов деген барлаушыны Елісханның еліне аттандырады. Дәл осы тұста ағайын арасында араздық туып, Әліп ақсақалдың екі інісі Қожаберген мен Қожақан бөлек қоныс іздей бастайды. Осыны сәтті пайдаланып қалғысы келген Моңғолия жағы да араға адам салып, Әліптен ірге бөлгісі келгендерге «таңдаған жеріңнен өріс-қоныс береміз, көшіп келе қал», дейді. Сөйтіп, Әліп ауылының 60 шақты түтіні бір түнде Қобда бетіне ауып кетеді.

Елдің бөлініп, жарылғанын қа­ламаған Елісхан батыр елу шақты сарбазын бастап, Қобда бетіне ауған елді қайтарып әкелмекке аттанады. Осы орайды күткен 120 адамдық күшейтілген жау әскерлері екіге бөлініп шабуылға шығады. Бір тобы Елісханның ізіне түседі. Жартысы бейбіт жатқан Әліптің ауылын қырып тастауға міндет алады.

Ауылға басып кірген әскер дереу елдің көзінше Әліп ақсақалды табалдырыққа жастап тұрып бауыздайды да, 117 адамды бірін қал­дырмай қылышпен шауып өлтіреді. Осы қырғыннан екі адам тірі шыққан. Бірі жоғарыдағы біз сөз етіп отырған Томық аға, екіншісі Әліптің жеті жасар ұлы Сетерхан. Ол кезде Сетерханның тірі қалғанын ешкім білмеген. Себе­бі әскерлер Сетерхан мен інісі Мұха­метшайқыны алып кеткен. Үш жасар Мұхаметшайқы жылай берген соң бір әскер оны тасқа ұрып өлтірген. Содан хабарсыз кет­­кен Сетерхан арада 37 жыл өт­кен­де, 1970 жылы ішкі өлкеден табылған.

Елісхан көшіп кеткен ағайын­дарын ертіп қайта оралып келе жатып, ізін аңдыған әскерге кездеседі. Ол осы әскерді түгін қал­дырмай қырады. Содан ауылына келіп сұмдық қырғынды көреді де, әскерін алып жаудың артынан қуады. Бірақ жете алмайды.

Келер 1933 жылы Елісхан әке­сінің асына қазақтың игі жақ­сы­­ларын шақырып қоштасады. Осылай, туып-өскен топырағын тастап, 600 үйді бастап Үндістанға қарай тартады.

2000 жылы Алматыда жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты өзінің тарихи естелік кітабының 14-бетінде Халифа Алтай ата­мыз: «Елісхан алған бетінен қайт­пайтын жігерлі, ержүрек, батыр адам болатын. Ол бастап көш­кен 600 түтін Дөңбастау шекарасына келгенде, көшті кейін тоқта­тып қойып, тосқауылда жатқан әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Бейғам жатқан әскердің көбі өліп, біразы қолға түсті. Еліс­хан жаудың тірі қалғандарын бір жерге жинап, мәлімет ал­ды да, азық-түлік беріп қоя бер­ді. Қаруларын қолға түсірді. Әскер­лерден қалған техникаларды сарбаздар талқандап, аттарына таға соғып алды. Осында бір түнеп, Гансу аймағының Тула деген жеріне барып қоныстандық» деп жазыпты. Әрі осы көштің топ ортасында атамыздың өзі де болған.

Осылай, қуғынға түскен қазақ­тар Үндістанға өтіп, Кашмирде 12 жыл мекендеп, ақыры Түркияға барып тұрақтады. Алғаш жолға шыққанда, көшке ілескен 20 мың адамнан Синагарға 2 500-дейі ғана тірі жеткен. Осылардың ішінде жеті-сегіз айлығында өліп қалған анасының ішінен тірі шық­қан Томық бар еді. Алланың құдіретін қарамайсыз ба, жолда 18 мыңдай адам қаза тауып немесе жау қолына түсіп, жоғалып кетіп жатқанда, шала туған Томық аман-есен Үндістанға жеткен.

2008 жылы Нұр-сұлтанға ат басын бұрған Хасан Өралтай аға­мыздан Томық Қожақанұлы туралы сұрадым. Ол кісі: «Томық ағаң дін-аман Ыстанбұл қаласының Зейтүнбұрын ауданында тұрып жатыр», – дегені. Өз басым ол кісіні тірі шығар деп ойламап едім, іштей «Алла ғұмыр бер­сін» дедім. Содан тағы бір хабар­ласқанымда Хасекең: «Томық ағаң сырқаттанып ауруханаға түсіпті, иншалла, жазылып қалар» деп, оның әр жылдары түскен суреттерін және қысқаша өмір тарихын жазып жіберіпті. Тоқаң ағамыз тағдыр жазып екі рет үйленіпті. Бірінші әйелінен төрт ұл, екінші әйелінен бір ұл, төрт қызы бар екен.

Содан бірде Дүние жүзі қазақ­тары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драма­тург Сұлтанәлі Балғабай ағамызға жо­лығып, Томықтың суретін көр­сеттім. «Түркиядағы қазақтармен бай­ланысыңыз бар ғой, мына адамды танисыз ба?» дедім. Қарады да, «Бұл – Томық», деді. Оған қоса мы­надай мәліметті айтты: «Менің біле­тінім – Түркиядағы қазақтар ішін­де ана тілін ең жақсы білетін жә­не майын тамызып сөйлейтін бір-ақ адам бар. Ол – осы кісі» дегені.

Атам қазақтың «тозбайтын темір жоқ, озбайтын өмір жоқ» де­ге­ніндей тумай жатып анасынан айырылған, бесікте жатып туған жерінен қайырылған Томық ағамыз өмірдің қиындығы мен қы­зығын көре жүріп, 75 жасында Анадолы топырағында дүниеден өтті.

Жоғарыдағы «Әліп шапқан» Хасанту қырғыны болған жерге 2009 жылы Баркөл өңірінің қазақ­тары бас қосып, 112 метр аумақты қоршап қорған тұрғызады. Осы қабір-қорғанның қабырғасына тақтатас орнатып, оған: «1932 жылы 9-айда Баркөл қазағының үкірдайы Әліп Жанысбайұлы және Асқабыл Көксегенұлы, Жуанған Демесінұлы, Жаябай Сіргебайұлы қатарлы ел беделділері ішінде осы тө­ңіректе отырған алты ауыл әр ру­дың 117 адамы жазалаушы ш­еріктер жағынан аянышты қыр­ғындалды, үйлері өртеніп, мал-мүлкі бүтіндей тоналды. Қыр­ғындалған адамдардың басым көбі: қарттар, әйелдер мен балалар. 83 адам осы қорғанның іші-сыртына жерленген. Бүгінгі бейбіт заманда өткен тарихты еске түсіру үшін тозып жер болып кеткен көне қорған қайтадан жаңадан тұрғызылып, осы ескерткіш орнатылды. Алла қабыл көрсін. 20 мамыр. 2009» деген жазу қашалыпты.