• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 14 Қаңтар, 2021

Экономиканы қалпына келтірудің қиындығы

331 рет
көрсетілді

Жаңа 2021 жыл АҚШ-тағы Капитолийді басып алу түрлі саяси оқиғалармен басталды. Дегенмен, қазіргі таңда әлем елдерін бір ғана мәселе мазалап тұр:  «Коронавирус пандемиясынан зардап шеккен экономиканы қалай қалпына келтіреміз?». Болжам бойынша, биыл ішкі жалпы өнім баяу өспек. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялаған мақалалар топтамасында осы сұрақтарға жауап берілген.

Нью-Йорк университетінің Стерн бизнес мектебінің экономика профессоры Нуриэль Рубини қазіргі әлемдегі ахуалға шолу жасаған. Оның пайымдауынша, коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай егу басталғанымен, экономиканың қалпына келуі қиын. Өйткені дамуды тоқыратқан бұдан басқа да себептер жетерлік. Айта кетерлігі, автордың болжамы ең нашар сценарийге негізделіп жасалған.

Ирландияның бұрынғы президенті, БҰҰ Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарған, бүгінде The Elders тобының төрағасы Мэри Робинсон өз мақаласында Париж келісімі туралы әңгімелейді. Оның айтуынша, әлем елдері жаһандық жылынуға жол бермеу үшін өз міндеттерін адал орындауы керек. Әсіресе коронавирус дағдарысы шартараптың тізе қосып әрекет етуі қажет екенін көрсетті.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

НЬЮ-ЙОРК. Қаржы нарықтарындағы акциялар құны, әсіресе АҚШ-та 2020 жылдың соңына таман қайта өсті. Бұл коронавирусқа қарсы вакцина экономиканы V (экономикалық көрсеткіш белгісі) тәрізді қайта қалпына келтіруге жағдай жасайды деген үмітті оятты. Әлемнің дамыған елдеріндегі негізгі орталық банктер өте төмен пайыздық несие ұсынып, дәстүрлі емес ақша-кредит саясатын ұстануы акциялар мен облигациялардың одан әрі күшеюіне әкелді.  

Бірақ мұндай үрдістер Wall Street (қар­жы биржалары) пен Main Street (қа­ра­пайым халық) ара­сын­дағы айырмашылықты үлкейтіп, нақты экономиканың К (экономикалық көрсеткіш белгісі) тәрізді қайта қалпына келе­тінін аңғартты. Үйден жұмыс істеп, жинаған қоры жеткілікті «ақ жаға­лылар» үшін бәрі жақсы өтіп жатыр. Ал жұ­мыссыз немесе жалақысы төмен жұмыс­ты атқарып, жартылай жұмыс істеп жүр­гендерге қиын тимек. Сондықтан пандемия 2021 жылы әлеуметтік наразылық дәнін сеуіп жатыр.

Коронавирус дағдарысы басталғанға дейінгі соңғы жылдары АҚШ-тағы акция нарығы байлығының 84 пайызы ак­цио­нерлердің 10 пайызына тиесілі еді (Халықтың 50 пайызына жуығында ак­ция бар). Қалған 50 пайызы мүлдем акция алмаған. АҚШ-тағы ең бай 50 мил­лиар­дер­дің байлығы қалған халықтың 50 пайызының табысынан көп (бұл шамамен 165 миллион адам). Коронавирус байлықтың шоғырлануын жылдамдатып жіберді. Себебі Main Street үшін жаман нәрсе Wall Street үшін жақсы. Жалақысы жо­ғары қызметкерлерді жұмыстан шы­ға­рып, кейіннен фриланстарды, жартылай жұмыс істейтіндерді немесе сағатпен жұмыс істейтіндерді жалдаған соң, бизнес өкілдері табысын ұлғайтып, акция құнын өсіре алады. Мұндай үрдіс уақыт өтсе да жалғаса бермек. Жасанды технология мен технологиялық үйренудің (AI/ML) жаппай қолданысқа енуі және жұмысшыны алмастыратын, табысқа негізделген, шеберлікке негізделген өзге де технологиялар бұған жол ашады.

Жаңа қалыптасқан нарықтар мен дамушы елдер үшін коронавирус пандемиясы рецессия ғана емес, Дүниежүзілік банк «пандемиялық депрессия» деп атаған ахуалға жеткізіп, 100 миллионнан астам адамды қайыршылық шегіне түсірді (күндік табысы 2 доллардан аз).

2020 жылдың алғашқы жартысын­да тоқыраған әлем экономикасы үшінші тоқсанда қайтадан қалпына келіп, V пішін­ді нәтиже көрсете бастады. Мұ­ның басты себебі көптеген ел каран­тиндік шараларды жеңілдетуімен байланыс­ты. Төртінші тоқсанда Еуропа мен Ұлы­британия W (экономикалық көрсеткіш белгісі) пішіндегі дағдарысты бастан өт­керіп, қатаң каратиннің салдарынан екін­ші мәрте экономикасы тұралады. Пан­де­миялық шектеулерге саяси тұрғыда аса құмар емес АҚШ-тың өзінде үшінші тоқ­сандағы 7,4 пайыздық өсім 2020 жылдың соңғы тоқсанында 0,5 пайызға ғана өсті. 2021 жылдың бірінші тоқсанында да осындай жағдай сақталмақ.

Америкалықтар арасында індет жұғуы қарқынының қайта өршуі шығынды азайтуға итермеледі. Нәтижесінде, жалдамалы жұмыс, өндіріс көлемі мен капиталды шығындар азайды. Корпоративті саладағы және тұрғындар арасын­дағы қарыздың көптігі заем көлемінің төмендеуіне әкеледі. Соның салдарынан шығындар азайып, дефолтты көбейтеді. Өз кезегінде соңғысы несие дағдарысына итермелейді. Өйткені жабылмаған несие­лер банк балансын бұзады.

Әлемдік деңгейде жеке және мем­ле­кет­тік қарыз 2019 жылы ішкі жалпы өнім­нің 320 пайызынан 2020 жылдың со­ңында ішкі жалпы өнімнің 365 пайызына дейін өсті. Әзірге жеңіл ақша сая­саты фирмалар, үй шаруашылықтары, қар­жы институттары, жекеменшіктерді, тіп­ті мемлекеттерді дефолт толқынынан сақ­тап қалды. Бірақ демографиялық қар­таю мен Қытай-АҚШ текетіресі салдары­нан туындаған тауар тапшылығы инфля­цияның жоғарылауына әкеледі.

Дамыған елдерде W немесе U (эконо­ми­калық көрсеткіш белгілері) тәрізді қалпына келтіру байқалса да, оның сал­дары ұзаққа созылады. Капиталды шы­ғын­дардың қысқаруы өнім көлемін азайтады. Ал ұзақ уақыт жұмыссыз отырып қалған немесе жұмыссыз жүргендер келешекте жұмыс тауып кетуі қиын. Бұл жағдайлар сауда, көші-қон, жаһандану және либералды демократияны одан әрі әлсіретіп, жаңа «прекариаттық» саяси дағдарысқа ұласады.

Коронавирус вакциналары әлемдегі 7,7 миллиард адамға тез және тең дәре­жеде егілсе де, бұл қиындықты жеңіл­дет­пейді. Логистикалық талаптарды (сал­қындатқышты қосқанда) және «вакцина ұлтшылдығы» мен жалған ақпараттан туындаған вакцинадан қорқу қаупінің артуын ескерсек, мұндай сценарийдің өзіне қол жеткізу қиын. Сонымен қатар қазіргі вакциналардың тиімділігі 90 пайыздан асқанымен, зерттеу нәтижесі әлі толық емес. Ғалымдардың айтуынша, коронавирус вакциналарының алғашқы тобы жыл сайынғы тұмауға қарсы вакциналар секілді 50 пайыздық тиімділікті көрсетсе, жолымыздың болғаны. Шынында, кей ғалымдар 90 пайыз тиімділікке күмәнмен қарайды.

Қауіптісі, 2021 жылдың соңында вирус жұқтырғандар саны қайта көбеюі мүмкін. Өйткені екпе алған адамдар (олар әлі де жұқпалы және иммунитеті қалыптаспауы мүмкін) маскасыз жабық жерде жиналуы ықтимал. Қалай дегенмен, егер Pfizer вакцинасы құтқарылудың кілті болса, неге оның бас директоры өзінің сынақ нәтижелерін жариялаған күні миллиондаған долларлық акцияны сатылымға шығарды?

Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылғы үлкен саяси оқиғада Джо Байден АҚШ пре­зи­денттігіне сайланды. Өкінішке қарай, бұл экономикаға айтарлықтай өз­геріс әкелмейді, өйткені Конгрестегі рес­пуб­ликашылардың кедергісі АҚШ-тың жағдайға қарай әрекет етуіне мүмкіндік бермейді. Байден сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымға көп қаражат жұмсауға мүмкіндігі жоқ. Корпорациялар мен ауқатты адамдар салықты көтере алмайды немесе Транс-Тынық мұхиты серіктестігі секілді жаңа сауда келісімдерін жасай алмайды. АҚШ тарапы Париж климаттық келісіміне қайта қосылып, одақтастықты қалпына келтіруге талпынғанымен, жаңа әкімшіліктің қолынан келетін нәрсе аз.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы одан әрі өршіп, Тайваньға немесе Оңтүстік Қытай теңізін бақылауға байланысты әскери қақтығысқа әкелуі мүмкін. Бейжіңде немесе Вашингтонда кім билік басында болғанына қарамастан, қалыптасқан, бірақ әлсіреген гегемон мен енді басымдыққа қол жеткізген билік арасындағы қарама-қайшылыққа жол ашатын «Фукидид тұзағы» тасталды. Келешекте түрлі салаларды бақы­лау­ға жарыс күшейгенде 5G, AI/ML, үл­кен деректерге сүйенетін мәліметтер, ақпараттар және қаржы ағындары, валюталар, төлем платформалары, тауарлар мен қызметтер саудасы, интернет саудасы, компьютерлік чиптер, опера­циялық жүйелер және басқа да тех­нологиялардағы тартыс та артады.

Уақыт өте келе әлем екі бәсекелес жүйе­ге бөлінбек. Біріншісін АҚШ, Еуропа және бірнеше демократиялық – даму­шы елдер бақылауына алса, екіншісі стра­те­гиялық одақтастарын (Ресей, Иран және Солтүстік Корея) және тәуелді на­рық­тар мен дамушы елдерді кіріптар ететін Қытайдың бақылауында болады.

Жаһандық экономиканың ыдырауы және популистік авторитаризм мен теңсіздіктің тереңдеуі секілді тұрақты қауіп, жасанды технологияға негізделген жұмыссыздық, геосаяси қақтығыстардың артуы және жаһандық климаттың өзгеруі мен зооноздық пандемия (жануар­лар экожүйесінің бұзылуы да бар) секіл­ді адамзаттың өзі кінәлі апаттар­дың жиілеуін ескерсек, алдағы онжылдық тұрақ­сыздық және ұзаққа созылған хаос кезеңіне айналуы мүмкін. 2020 жыл – тек бастамасы ғана.

 

Нуриэль РУБИНИ,

Нью-Йорк университетінің Стерн бизнес мектебінің экономика профессоры және Roubini Macro Associates төрағасы, Клинтон әкімшілігі кезінде Ақүйдің экономикалық кеңесшілер кеңесінде халықаралық мәселелер бойынша аға экономист болған, Халықаралық валюта қорында, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінде және Дүниежүзілік банкте жұмыс істеген

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org